Жаркенттегі жаңалық

145

Қытай мемлекетімен шектесіп жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы Жаркент қаласы Арқас тауының етегінде орналасқан. 35 ұлттың басы біріккен қойнауы ырысқа толы Панфилов ауданының негізгі тіршілігі дала аруы атанып кеткен жүгері және мал шаруашылығы. Аспан асты елімен шектесіп жатқан Қорғас кеденінен екі мемлекет арасындағы алыс-берістен аудан бюджетіне соқыр тиын да түспейді.

Өткен тарихына көз салсаңыз, ауданды басқарғандар жергілікті жерден бес-ақ азамат екен. Олар Кеңес одағы кезінде бірінші хатшы болған Ғалым Тұрғамбаев, тәуелсіздік алғаннан кейін Әділшайық Ыбыраймолдаев, Ермек Келемсеитов, Бердаулет Абдулдаев және Марат Сағымбаев. «Өз балаң өзегінен тепсеңде кетпейді» деген тәмсілді қазақ тектен-тек айтпаған шығар. Себеп, ауданды өз азаматтарынан гөрі, сырттан келіп басқарғандар көп болды. Олардың ішінде ауданның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқандар да, келгеннен кеткені жылдам болған әкімдер де бар. Күнгейлі-көлеңкелі тұсы сол сырттан келіп ел билегендер жергілікті азаматтарды баулып, қанатын қатайтудың орнына, ел басқару саясатынан жырақ ұстады. Ауданда жергілікті кадрлар өсіп, өнбеді. Қазанның қаспағын қырғандай ауданның көлемінен ұзап шықпады. Қызмет атқарғандар әкімнің орынбасары, ішкі саясат, архитектура, бөлім басшысы қызметінен аспады. «Апыр-ай, осы біздің ауданға неге өзіміздің жігіттерді әкім етіп тағайындап бермейді» деген гу-гу сөз ел ішінде өрттей қаулады. «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген сөз рас екен. Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев жергілікті азамат Марат Сағымбаевты Панфилов ауданы әкімі қызметіне тағайындады.

Панфилов ауданын аралап, халықпен жүздескен облыс әкімі Қ. Бозымбаев халықтың көкейінде жүрген басты мәселе, аудан әкімі қызметіне жергілікті азаматты тағайындап бергеніне жұрт қуанды. Аудан әкімі болып тағайындалған Марат Сағымбаевтың да мойнына артылған жүк пен жауапкершіліктің салмағы зіл батпан. Аудандағы түйткілді мәселелердің, саяси ахуалдардың, экономиканың қарқын алуы, инвестицияның  тартылуы, әлеуметтік саланың сапасы ендігіде Марат мырзадан сұралады. Әділшайық Ыбыраймолдаевтың мектебінен өтіп, сан-салалы қызметтер атқарған  Марат Сағымбаевқа облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы да, аудан халқы да сенім артуда. Бастаған ісің берекелі, жолың жеңіл болсын! Елдің құрметіне бөленіп, ауданның абыройын асыра бер, Марат бауырым!

Өткенге салауат айтып, жаңа жұмысқа кіріскен әкімге ақ жол тілеп, облыс әкімінің Панфилов ауданы халқының алдында «2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы» есебіне зер салсақ.

Қандай іс болмасын, халықтың қолдауынсыз іске аспайды. Біздің бар мақсатымыз елдің әлеуетін арттыру, жұрттың мақсатын орындау, жастарды жақсы мамандықтарға баулып, табысы жоғары жұмысқа орналастыру, бала-шағаға баянды өмір сүретін жағдай жасау. Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауындағы тапсырмаларды орындау үшін біз экономиканың өсімін арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға барлық қажетті шараларды жүзеге асырып жатырмыз. Өткен жылға қысқаша қайырылып есеп берсем, барлық салаларда оң серпін болды, –деді.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11,8 пайыз, 1478,8 миллиард теңге, сауда  22,2 пайыз, 1370,4 миллиард теңгеге ұлғайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі бір триллион теңгеден асып, 101,3 пайызды құраса, бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыс экономикасына 728  миллиард теңге инвестиция тартылды деген өңір басшысы 2022 жылы да  экономикалық өсу қарынын сақтаймыз деп, межелеген жоспарымен бөлісті. Яғни, 4,2 мың жұмыс орын ашып, 259 миллиард теңгеге 118 жобаны іске асыру жоспарда бар екенін, облыс экономикасының өсіміне Панфилов ауданы айтарлықтай үлес қосып отырғанын тілге тиек етті. Ауданда 4,6 миллиард теңгеге 19 нысанды, оның ішінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында 3 миллирад теңгеге 5 жобаны іске асыру көзделген. Мысалы Жібек жолын дамыту жөніндегі халықаралық компания жылына қуатты 450 мың бірлік аяқ киім мен киім шығаратын зауыт құрылысын бастады. «КАЗ-АКВА» кәсіпорны – қуаты 300 тонна балық өнімдерін және «Арыстан и КО» тәулігіне 25 тонна жүгері дәнін кептіретін өндірісті дамытуды жоспарлауда. Облыстың агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға өткен жылы 53,1 миллиард теңге бөлінді. Мемлекеттің қолдаумен 20 мыңға жуық агроөнеркәсіптік кешен субьектісі, оның ішінде Панфилов ауданының 1,2 мың дихандары қамтылды. Ауылшаруашылығы дақылдарының егістігі 974 мың гектарға, ал Панфилов ауданында 45 мың гектарға жеткізілді. Аудан жүгері өндірісі бойынша облыста бірінші орында тұр. Жүгері егістігі 26,7 мың гектарды немесе облыстағы егіс алаңының 28 пайызын құрайды. Жаркент крахмал-сірне зауыты жүгері дәнін тәулігіне 300 тоннаға дейін терең өңдеуді жүзеге асырылуда, бүгінде өнімнің 27 түрін шығарады, жұмыспен 250 қызметкерді қамтуда. Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы аудан әкімімен бірлесіп, зауыттың қуатын арттыру шараларын қабылдап, «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мәселесін шешуі қажет деген Қанат Бозымбаев ауданның тағы бір әлеуеті –бағбандық, бақтар алаңы 2,5 мың гектарға жетті, оның ішінде соңғы 5 жылда 223 гектарға бақ отырғызылды. «Жаркент-фрукт» ірі бағбандық шаруашылығының 1004 гектар қарқынды бағы бар. Бірақ ауданда өңдеу кәсіпорындары жоқ, сондықтан  ауданның  су жаңа  әкімі Марат Сағымбаевқа өндірістер ашу үшін инвесторлар тарту бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды. Облыста суармалы жерлерді айналымға тарту жұмыстары жалғасуда. Былтырғы жылы ирригациялық жүйелерді жөндеуге 6,3 миллиард теңге бөлінді. 13,4 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді. 2025 жылға дейін барлығы 106,9 мың гектарды қалпына келтіру жоспарлануда, оның 6 мың гектары Панфилов ауданына тиесілі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуі өзекті мәселе болып тұр. Бағаны ұстап тұру үшін биылғы жылы ақпанда үкімет қабылдаған 2022-2024 жылдарға арналған инфляция деңгейін төмендетудегі шаралар кешенін іске асырып жатқан өңір басшысы жергілікті бюджеттен 5,7 миллиард теңгені айналымдық схема бойынша 4,6 миллиард тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 1,1 миллиард теңге бөлінгенін айтты. Экономиканың тұрақтылығын сақтайтын маңызды фактордың бірі шағын және орта бизнесті дамытуда облыс бойынша 130 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар болса, Панфилов ауданында 9 мың субьект бар және онда 14,5 мың адам еңбек етуде. Қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде өткен жылы 8 мың кәсіпкерді қолдауда 27,5 мың миллиард тенге бағытталса, Панфилов ауданында 559 адамға 819 миллион теңгеге қолдау көрсетілген.

Облыс пен ауданның алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мәселен өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыс бойынша 1744 мың пәтерлі 220 тұрғын үй пайдалануға берілген. Осы бағдарламаның арқасында 1211 мың көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылар пәтерлі болғанын айтқан облыс әкімі Панфилов ауданындағы 138 отбасы мемлекеттік бағдарламалар қолдауымен баспаналы болғанын мәлім етті. Панфилов ауданында өткен жылы 240 пәтерлі төрт жалға берілетін үйдің құрылысы басталғанын,  оның ішінде 120 пәтерлік,  2 тұрғын үйпайдалануға берілгенін айтты. Баспана мәселесі төңірегінде Пенжім ауылындағы жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге 120 пәтерлік, екі үй іске қосылмағанын, бүгінгі күнге дейін бұл нысандардың инженерлік желілерін салу мәселесі шешілмегенін, нәтижесінде әрлеу жұмыстары мен ішкі инженерлік желілер жарамсыз болып қалғанын атап өтті. Облыс бойынша орталық сумен қамтамасыз ету деңгейі 91,5 пайызға жеткен. Алайда облыс бойынша ауыз су мәселесі түбегейлі шешіліп кеткен жоқ. Бұл бағыттағы атқарылар шаруа шаш етектен. Басты мәселе су құбыры құрылыстары мен желілерінің басым бөлігі тозған, 234 ауылды 35%  сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңарту қажет. Осы мәселені шешу үшін біз индустрия және инфрақұрылымдық  Даму Министрлігіне жалпы құны 12 миллиард тенге болатын 18 жобаны жүзеге асыруға бюджет өтінімін бердік деген өңір басшысы облыста 164 елді мекен немесе газдандыруға жататын ауылдардың 34,6 пайызы газдандырылғанын, 1,3 миллион адам 63,5%  оның ішінде Жаркент қаласының 12 мың тұрғыны газға қол жеткізгенін мәлімдеді. Облыста жеке инвесторлар есебінен салынған 12 газ тарту желілері жұмыс істеуде. Бұл жалпы облыс үшін тиімді және бюджетке жүктемені азайтады. Алайда газға қосылу құнын жеке инвесторлар негізсіз көтеріп жүр деді облыс әкімі Қ. Бозымбаев. Мәселен абонентке қосылу құнын 450-500 мың теңгеге дейін жеткізгендер барын айтты. Әрине инвесторлар кеткен шығынның бір бөлігін газға қосылатын абоненттен өтеп алғысы келеді. Бірақ бұл әрекеттері әлеуметтік шиеленісті қоздырмауы тиіс деген өңір басшысы газға қосылу құнын арзандатуда инвесторлармен кездесу өткізгендерінде тілге тиек етті. Егер компаниялар бұрынғы саясаттарын өзгертпесе, онда аудан әкімдіктері табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттіктеріне жүгінулері қажет екенін айтты. Халықтың өтініші мен талабы басты орында деген облыс әкімі күре жол мәселіне де кеңінен тоқталды. Өткен жылы жол салуға және жөндеуге 47,1 миллиард тенге бөлінгенін, нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы  жол  89 пайызды құрады. Тұрғындар тарапынан Алматы-Көкпек,  Көктал-Қорғас республикалық маңызы бар автожолдардың жағдай туралы мәселе жиі көтерілуде. Осы мәселе бойынша «КазАвтоЖол» облыстық филиалы жол учаскесін орташа жөндеуге техникалық құжаттама әзірлеуде. (172-187, 208-223) Көкталдан Жаркентке дейінгі 306-320 шақырым учаскі бойынша Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрлымдық Даму Министрінің тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін сараптама қорытындысын ала отырып, сметалық құжаттаманы есептеу жүргізілуде. Бұл мәселе жуық арада шешімін табады дейді облыс әкімі. Мұнан соң білім беру саласына тоқталды. Жалпы облыс бойынша өткен жылы 7600 орынды 16 мектеп іске қосылғанын оның ішінде Панфилов ауданындағы Аққұдық ауылында мектеп салынғанын, биылғы жылы 31 мектептің құрылысы жүргізілетінін айтты. Панфилов ауданында 470 орынға үш мектеп осы жоспардың ішінде. Білім саласында да күрмеуі шешілмей тұрған түйткілдің бірі облыстағы үш ауысымдық мәселесі болып тұрғанына тоқталып, жалпы саны осындай 54 мектеп барын айтты. Осы мәселеге байланысты 2025 жылға дейін 115 мектеп салу қажет, оның 83-і мемлекеттік бюджет есебінен салынатын болса, жетеуі Панфилов ауданында (Басқұншы, Шежін, Бөрібай би, Сарытөбе, Садыр, Сүптай ауылдары) барын мәлім етті. Бұл мәселені біз тиісті Министрлікпен де пысықтап жатырмыз деген Қанат Бозымбаев денсаулық,  спорт және мәдениет саласына ойысты. Өткен жылы 3 ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Ағымдағы жылы 13 нысанның құрылысы жоспарлануда. «Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейін, Жаркент қаласында облыс әкімінің резиденциясы тұр. Ол нысан 2013 жылы салынған, ғимарат көлемі 310 шаршы метр, ал жер көлемі – бір гектар.Маған сол резиденцияның еш қажеттілігі жоқ. Ауданға келіп жатсам, Жаркентте қонатын жақсы қонақ үйлер бар. Тамақты дәмді дайындайтын дәмхана, кафе көп. Сондықтан резиденцияны балаларды оңалту орталығына өткізіп беремін. Бұл резиденцияны реабилитациялау орталығына айналдыру ерекше балаларды бағып-қағып отырған ата-анаға, өмір сүру үшін әр сәтте күреске түскен ерекше балаларға аса қажет», – деді. Осы жылға 5,7 миллиард теңгеге 11 спорт нысандарының құрылысы жоспарланған, оның ішінде 1,1 миллиард тенгеге Үлкеншыған және Пенжім ауылдарында 190 орындық 2 спорт кешені бар, сондай-ақ, ауданда шешуді талап ететін бірқатар мәселелер өзекті болып тұр. Сүптай ауылында жаңа мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу. Бұл ауылда 940 адам тұрады. 120 орындық бейімделген мектеп бар, мұнда 195 оқушы оқиды. Головацкий ауылдық округ орталығының қашықтығы 32 км. Үлкеншыған және Шолақай ауылдарында мәдениет үйлерін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қаражат бөлу, бұл бағытта құрылыс басқармасы 60, 80, 100 және 120 орындық мәдениет үйлерінің үлгілік жобаларын әзірлеуде дейді. Сонымен қатар Шолақай ауылының ауыз сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту керек. 1975 жылы салынған су ұңғымадан алынады. Ауылдағы халық саны 4129 адам. Қолданыстағы су құбыры желісінің ұзындығы 17 шақырым, желілердің тозуы 85 пайызға жеткен. Ауыл жолдарын жөндеуге де қаражат қажет. Ағымдағы жылы 8 елді мекенді және Жаркент қаласын қамти отырып, 31,9 км шақырым кентішілік жолдарды жөндеу жоспарланғанын, оған жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге, жолдарды күтіп  ұстауға  25 миллион теңге көзделген. Бұдан бөлек, облыс әкімі жер учаскелерін алуда кезекте тұрғандардың санын азайту мақсатында ауылдарда жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық желілерді салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу туралы ойын ортаға салды. Аудан халқының саны 131,6 мың адам болса, жер учаскесін алуға кезекте тұрғаны 14,3 мың адам екенін айтты.  Аудан тұрғындарымен емен-жарқын жүздесіп, елдің мұң-мұқтажына құлақ түріп, түрлі сауалдарға жауап берген облыс әкімі Қанат Алдабергенұлы облыс экономикасын ары қарай дамыту үшін қолда бар әлеуетті ескере отырып, перспективалық іс-қимыл жоспарын әзірледік деді. Жетісу өңірі тарихи тұрғыдан инвестициялық тартымды өңір екенін айта келіп, облыс қоржыны 19 мың жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 2,8 триллион болатын 289 жобаны қамтығанын айтты. Қолда бар әлеуетке сүйене отырып жоспарды өңдеу өнер-кәсібіне сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және құрылысқа басым бағыттар айқындалғанын, ауыл шаруашылығының жалпы өнімін өндіру деңгейі бойынша Алматы облысы жетекші орын, бірінші позицияда немесе жалпы республикалық көлемнің 14 пайызы деді. Зерттеулер бойынша облыстағы жылыжай кәсібін дамытудың пайдасын көрсетті. Жылыжайлардағы өнімділік ашық топырықта өсірумен салыстырғанда 7 есе жоғары, сонымен қатар халықты көкөніспен қамтамасыз етіп, бағаның тұрақтануына әсер етті.  2026 жылға дейін 45 гектар жерге 10 ірі жылыжай шаруашылығын іске қосу жоспарлануда, олардың жалпы өндірістік қуатты 25 мың тоннаны құрайтынын, бұл көкөністердің жалпы өндірісін 2 есеге арттыруға, 500-ден астам жұмыс орнын ашуға әрі көкөністерді жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді. Бұл бағытта облыс әкімінің орынбасары Ә. Жақанбаевқа ауылшаруашылығы басқармасының басшысына аудан әкімімен бірлесіп, жергілікті кәсіпкерлермен жылыжай салу жұмыс-тарын жандандыруды, оларға жеңілдетілген несие беруге жәрдемдесуді, көтерме-тарату орталықтарын тарту және көкөністерге форвардтық сатып алуды кеңейту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Облыстағы тағы бір басымды бағыт  –  құс етін өндіру. Ол республика нарығындағы 32 пайыз (108,3 мың тонна) құс еті Алматы облысында өндіріледі. Осыған қарамастан облысқа шет елден жылына 36 мың тонна арзан құс еті импортталады деген облыс әкімі оны отандық өніммен толықтай алмастыру үшін өнім шығаруды 2 есеге ұлғайту міндеті қойылғанын тілге тиек етті. Бұл мақсатта жалпы қуаты жылына 76 мың тонна инвестиция көлемі 85 миллиард теңге болатын екі құс фабрикасын салу және бір құс фабрикасын кеңейту жоспарда барын («Прима ҚҰС»,  «Кәусар-Агро», «ОТАN GreenFood») секілді 1100-ден астам жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, облыста пайдалы қазбалардың барлық түрлері бар. Осы бағытқа ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Мәселен Бұғыты вольфрам кен орнында 94,5 миллиард теңгеге инвестиция тартумен және 400 жұмыс орнын құрумен қуаты 3,3 миллион тонна вольфрам кенін өндіретін «Жетісу вольфрамы» серіктестігі құрылмақ. Тағы бір маңызды жоба 1200 жұмыс орынына 750 миллиард тенге инвестиция көлемімен қуаттылығы 30 миллион тонна мыс кенін өндіретін «Көксай Мұзбел» тау-кен байыту комбинатын салу басты жоспарда деген облыс әкімі өңірдің энергетикалық тәуелсіздігіне қол жеткізу үшін гидро және жел энергия ресурстарының едәуір қорларын ескере отырып, жаңартылған энергия көздерін пайдалануға басымдық бермек. 2025 жылға дейін жалпы қуаты 398  МВТ болатын 320,2  миллиард теңгеге 26 жобаны іске асыру және жаңартылатын энергия көздері үлесін 42 пайызға дейін жеткізуге жоспарлап отырғанын айтты. Ағымдағы жылы 179,5 МВТ құрайтын құны 98,7 миллиард теңге болатын 6 нысан іске қосылмақ. Көлік-логистика саласында экспорттық, импорттық бағытта жүктерді ауыстырып тиеуге, сақтауға және қоймаға жинауға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Мысалы «DAR RAIL» компаниясының Достық стансасындағы құны 25 миллиард теңге және 150 жұмыс орнын құрумен жүк тиеу терминалының құрылысы қамтылатын болады. Бұл жоба Қазақстан-Қытай шекарасы арқылы өтетін жылына 9 миллион тоннаға дейін жүк пен 300 мың контейнерді ауыстырып тиеуді, сақтауды және қоймаға жинауды көздейді дей келе, Жетісу өңірінің туристік саласына да тоқталды. Көргеннің көз жауын алатын Алматы тау кластерін,  Алакөл және Балқаш көлдерінің жағалауларын ұлттық табиғи саябақтардағы экологиялық туризмді дамытуға басымдық беріледі. Алматы тау кластері аясында жалпы сомасы 547 миллиард теңгеге 8 жобаны жүзеге асыру және 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 2025 жылға қарай жалпы өңірлік өнімдегі туризмнің үлесі 6 пайызға артады деді.  Алматы облысының экономикасын одан әрі тиімді дамыту үшін жасалған бұл бағдарлама халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді деген өңір басшысы Панфилов ауданын экономикалық бағыт-бағдарына да ерекше тоқталды.

Облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың Панфилов ауданындағы іс-сапары ел-жұртпен жүздесіп, облыс экономикасын өркендетуге арналған бағдарламасында ауқымды  істерді қамтығаны – болашақта атқарылар іс-жоспарлар кезең-кезеңімен болатын шаруалар еді. Алайда «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады»  демекші, Алматы облысы екіге бөлініп, бұрынғы Талдықорған аймағы Жетісу облысы болып қайта құрылуына байланысты жүйелі жоспарлар қайта жасалатыны ай-дан анық. Оның үстіне Қанат Бозымбаев Алматы облысын басқарады екен деген гу-гу әңгіме елдің құлағын тұндырып тұр. Ел айтып жүрген қауесет шындыққа айналса, Жетісу облысын басқаратын жаңа әкім қандай жаңалығымен келеді оны алдағы уақыт көрсетер. Ал  Панфилов ауданының тізгінін  ұстаған  Марат Сағымбаев  аудандағы қордаланып қалған саяси мәселелердің түйінін таратуға бел шеше кірісуі керек-ақ. Әсіресе, аудан әкімдігіндегі кадр мәселесі, идеология, білім, денсаулық, экологиялық мәселелерді бір жүйеге түсірсе құба-құп. Оған аудан жұртшылығы да жұдырықтай жұмылып, әкіммен бірігіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарулары тиіс.  Жаркенттегі жаңалық әкім ауысты. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев резиденциясын оңалту орталығына берген күні бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары – облыс әкімдері қайда тұрып жатқаны туралы көгілдір экран мен ғаламтор желілерінде жаңбырдай жаудырды. Демек, ақпарат құралдарынан ештеңені жасырып, жауып қала алмайтынын әкімдер де түсінсе керек. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық әкім-қараларға «Халыққа жақын болыңдар, жасырынбақ ойнайтын заман өтті. Елдің пікірі елеусіз қалмасын», – деп қатал үн жатып жатыр. Түсінген әкімге – ер-тұрманын түгендеп, атқа мінетін уақыт келді. Тұр-тұрдан хабар келсе ұйқыдан маза кетеді деген осы да…

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ