Жарты ғасырға жуық тарихы бар

35

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұлан» газетінің қолдауымен Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастырумен 47-ші рет «Жас тілшілер» форумы өтті.

Форум аясында «Журналист болғың келе ме?» атты республикалық мектеп оқушылары арасында ең үздік шығармашылық жұмыстар байқауы өтті. Форумның мақсаты – жас талапкерлердің шығармашылығын көпшілікке кеңінен насихаттай отырып, аталмыш шараны жыл сайынғы дәстүрге айналдыру.

Іс-шарада  «Үздік жаңалық», «Жаңа Қазақстан үшін», «Медиасауат әліпбиі», «Менің сүйікті газетім», «Мультимедиа журналисінің бір күні», «Ұстазға құрмет» номинациялары бойынша эссе және мультимедиа жобалары қабылданып, ең үздік жұмыстардың жеңімпаздары марапатталды. Байқау жеңімпаздарын «Ұлан» газетінің бас редакторының орынбасары Жұлдыз Әбілда құттықтады. «Ең үздік жас тілші – 2021» арнайы сыйлығын Алматы облысы,  Көксу ауданы Ж.Егінбаев атындағы интернаты бар орта мектептің 11-сынып оқушысы Айгерім Есімхан жеңіп алды. Ол «Жаңа Қазақстан» атты түсірілген мультимедиалық жобасы арқылы үздіктердің арасынан көш бастады.

Форумға жиналған жас тілшілер «Ұлан» газеті редакциясында, «Qazaq radiosy» студиясында практик мамандардың шеберлік сыныптарын тыңдады. Артынан газет ұжымы қатысушыларды  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына қойылымға апарды. Сонымен қоса, жас тілшілер танымал актер Еркебұлан Дайыров пен актриса Шынар Асқаровамен кездесіп, сұхбаттасты. Форумның екінші күні Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде қонақта болып, мамандық жайлы пайдалы кеңестер тыңдады.

Жарты ғасырлық тарихы бар «Жас тілшілер» форумының шежіресін айта кетсек, алғашқы республикалық «Жас тілшілер» слеті 1975 жылының мамыр айында Орталық комсомол комитетінің ұйымдастыруымен өткен. Ол кезде Қазақстан Республикасының Орталық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің басшысы Қ. Сұлтанов болатын. Бұл шараның бастауына О. Сүлейменов,  Ф. Оңғарсынова,  Д. Стамбеков,  Ш. Смаханұлы секілді танымал ақын-жазушылар ат салысқан. Тек соңғы жиырма жылда «Жас тілшілер» форумы жаңа форматта, заманауи үлгіде өтіп жүр. Бүгінде танымал жас тілшілер қатарында: Қанат Әуесбай, Руслан Меделбек, Досжан Балабекұлы,  Алпамыс Файзолла, Думан Смақов,  Дана Маратова,  Құндыз Өтеген бар.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ