Жүйелі жұмыстар жалғасын табады

0
1797

 «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының қайта құрылғанына биыл бес жыл болады. Алайда, арадағы  төрт жыл   партия үшін тағдыршешті  болды. Себебі  бәз  біреулер партияның  саяси аренадағы алғашқы қадамына күмәнмен  қарады. Тіпті  болашағына сенбегендер де болған. Дей тұрғанмен,  ел ішінде  сөзімен ғана емес, ісімен де өзінің саяси әлеуетін, ерік-жігерін таныта білді. Ең бастысы  қоғамға аса қажетті саяси құрылым екендігін дәлелдеді. Әрине, мұнда «Ауыл» партиясының әрбір мүшесінің үлесі бар екендігі даусыз. Бұл туралы  Елордада өткен  «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XVI есеп беру-сайлау съезінің ашылуында  партия төрағасы Әли Бектаев  мақтанышпен айтты.  

«Саяси партиялар туралы» Заңға сәйкес, бүгінде партияның 14  облыста және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан  мен Алматы және Шымкент сынды 3 қаласында саяси ұйымның 17 филиалы бар. Соның бірі «Ауыл» Халықтық  Демократиялық  патриоттық партиясы Алматы облыстық филиалы. Соңғы  жылдарда  филиал  жұмысы жанданып келеді, Қазақстан  Президентінің  Жолдауын жүзеге асыруда да партия мүшелері белсенділік танытуда. Осы орайда партия филиалының төрағасы Қанат БЕКИЕВПЕН  сұхбаттасудың реті туды.

 АЛАТАУ: – Қанат Ботайұлы, алдымен партия жайында,  филиалдың атқарған  жұмысы туралы аз-кем тоқталып өтсеңіз?

Қанат БЕКИЕВ:  – Жалпы «Ауыл партиясының Республика бойынша 300 мыңға тарта мүшесі болса, соның 21 мыңнан астамы Алматы облысындағы партия мүшелері. Жетісу өңірінде аудандық, қалалық  партия ұйымдарының саны  17, ал  бастапқы партия ұйымдарының саны – 63.

Өздеріңізге мәлім,  «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы осыдан бес  жыл бұрын Қазақстан социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан патриоттар партиясының біріктірілуі нәтижесінде құрылған болатын.  Партияның бағдарламасында фермерлер мен ауыл еңбеккерлерінің, барша қазақстандықтың мүдделерін қорғауды басты міндет етіп алды. Бұл миссияны лайықты деңгейде орындап та келеді. Соңғы жылдары елімізде ауылды, ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған көптеген ауқымды бағдарламалар  қабылданды. Бұған  партияның да қосқан үлесі зор. Біз ауылдың барлық мәселесін мұқият зерттеп, ол туралы партия өткізген съездерде, сайлауалды бағдарламаларда, партия жиналыстарында, дөңгелек үстелдерде егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы  кеңінен ақпарат та таратылды.

Ал  партия филиалының атқарған жұмысы  шаш етектен. Атап айтқанда, ауылдағы түйткілді мәселелердің   бірі   шаруашылық жүргізудің шағын нысандары (жеке және шаруа) кірістерінің төмен деңгейі ауылда бизнесті дамыту үшін бастапқы капиталды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеуде. Ұсақ шаруашылықтардың  көпшілігіне кепілдік мүліктің болмауына байланысты субсидиялау, жеңілдікті несие беру түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімсіз. Сондықтан «Ауыл» ХДПП 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрекет ететін «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР Заңын түсіндіруге көп көңіл бөлді.

«Жер ресурстары және оларды ұтымды пайдалану» тақырыбында «Ауыл» ХДПП Алматы облыстық филиалы соңғы үш жыл  ішінде елді мекендерде болып, осы мәселеге орай жергілікті билік өкілдері және шаруа қожалықтары басшылары БАҚ өкілдерінің қатысумен «дөңгелек үстел» өткізілді. Онда жер ресурстарын ұзақ және ұтымсыз пайдалану нәтижесінде жердің тозуы мен шөлейттену процестерінің дамуы байқалатыны туралы  кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, партия құрылғалы бері  мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар – органикалық өнімдерді өндіру, шетелден келіп жатқан азық-түлік тауарларының сапасын тексеру жайына да  көңіл бөлуде. Қазақстанға қазір сырттан тегі өзгертілген өнімдер (ГМО) көптеп келуде. Оның адам ағзасына пайдасы не зияны туралы ешбір маман айта алмайды. Мұндай өнімдерді шығарудағы мақсат үлкен агрофирмаларға пайда әкелу. Себебі, өнімнің көлемі мен сақталу деңгейі артады. Біздің тиісті заңнама бойынша, өнімдер тегінің өзгеруі шектік деңгейден аспауы керек. Бірақ, соның бәрін қадағалап, жүйелі түрде тексеріп отырған ешбір ұйым жоқ. Олар анда-санда еске түскенде ғана тексеріледі. Себебі, арнайы лабораториялар жоқ. Біздің партия өткізген  «дөңгелек үстелде» сарапшылар мен ғалымдардың, мүдделі ұйымдар өкілдерінің басын қосып, осы мәселені талқылаған болатын.  Сонда айтылған пікірлер, ұсыныстар жинақталып партия орталығына ұсынылды.  Бізге берілген ақпарат бойынша, олар қабылданып, тиісті әкімшіліктерге жіберіліп, нақты шаралар қолға алынуда.

Сондай-ақ, жергілікті партия мүшелері сұранысы бойынша   ауылдық жерлерде ең төменгі жалақы алатын азаматтар жайлы да мәселе көтерілді. Осы ұсыныстар мен ұйғарымдар партия төрағасы Әли Бектаевқа дер кезінде  жеткізіліп, ол құзырлы органдарға, министрлердің атына сараптаулар негізінде депутаттық сауалдар жолдады.  Бұл мәселе Елбасының әлеуметтік бастамаларында қолдауға ие болып, соның арқасында бүгінде шешімін табуда.

«Ауыл» партиясы Алматы облысының Фермерлер одағының төрағасы Керімбеков Ақшабай Дүйсенбекұлымен бірлесіп елді мекендердегі тауар өндірушілермен қоян-қолтық араласып, туындаған күрделі мәселелерді бірлесіп шешу жолында күш жұмылдырып келеміз. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара білсек, мұндай күрделі мәселелердің түйіні тарқатылады деген сенімдеміз.

Партия филиалының мүшелері жыл сайын «Мектепке жол» акциясына да  белсене қатысуда. Партия жұмысын насихаттау барысында  іс-шаралар ұйымдастырылып, ақпарат құралдарында, соның ішінде облыстық «Жетісу» арнасында 20-дан аса, облыстық, қалалық, аудандық газеттерде 50-ге тарта мақала жарық көрді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың  «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген міндеттерді іске асыру  партияның басты бағыты болып табылады.

АЛАТАУ: – Сөзіңіз аузыңызда, ендігі сауалымызды  осы арнаға  қарай  бұрсақ. Мемлекет басшысы өз жолдауында  ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурсымыз екенін, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отырғандығын баса айтты. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

Қанат БЕКИЕВ:  – Расында,  Қазақстан Президенті  айтқан бұл мәселе өте өзекті дүние. Бұл орайда   нақты тапсырмалар да жүктелген болатын. Бүгінде   жер мәселесіне жете көңіл бөлініп, еліміз жерге қатысты мәселелерді тиімді шешіп, пайдаланылмай игерусіз жатқан жерлерді мемлекет игілігіне қайтаруға, ал бос жатқан жерлерді тиімді игеруге тырысып жатыр. Шын мәнінде бұл жер мәселесіне үлкен бетбұрыс екені айтпаса да түсінікті.

Жерге деген мұндай жаңаша көзқарастың, басқаша қатынастың қалыптасуы жердің жағдайын жақсартып қана қоймай, ауылшаруашылығы саласын дамытуға, экономикамыздың көтерілуіне, жұмыс күшінің көбейіп, халықтың әл-ауқатының артуына да өзінің оң септігін тигізеді. Яғни  жер біздің басты байлығымыз екенін түсініп, тиімді пайдалануға көңіл бөлуіміз қажет. Бұл туралы да Президентіміз «Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті. Мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың көпшілігі жерді игермей, босқа ұстап отыр» деп атап өткен болатын. Нәтижесінде, өткен жылы  сең қозғалып,  талапқа сай жұмыстар жүргізіліп жатқанына куә болып отырмыз.

Осы тұста айта кетерлік  жайт,  қазіргі таңда жалпы жердің үштен бір бөлігі эрозияға ұшырап, жарамсыз болуда. Жердің тозуына топырақ құнарының төмендеуі, жерді дұрыс игермеу секілді себептер жатады екен. Яғни жерімізге қатысты көзқарас бұрынғы қалпында қала берсе жеріміздің жарамсыз күйге түсу қаупі зор болатын. Мамандардың айтуынша, жалпы жердің 33 пайызы пайдалануға жарамсыз көрінеді. Сондықтан бұл мәселе бүкіл әлемдік проблемаға айналып отыр. Тіпті кейбір шет мемлекеттер жердің құнарлылығын ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлшегі ретінде қарастыруда. Ал Ресей ғалымдары «Топырақ туралы заң» қабылдау қажеттігі туралы ұсыныс та айтқан болатын. Сондықтан алдағы уақытта жер мәселесін тиімді шешетін осындай шаралар біздің елімізде де жасалса нұр үстіне нұр болар еді.

АЛАТАУ: – Сонымен қатар жолдауда жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі  айтылды. Бұл туралы да пікіріңізді білдіре отырсаңыз?

Қанат БЕКИЕВ:  – Жолдауда айтылған   мәселе ауылдықтардың 16-съезінде көтеріліп, партия төрағасы Әли Бектаев бұл – ауыл шаруашылығы үшін маңызды шешім екендігін,  партияның өңірлік филиалдары аталмыщ  мәселеде қырағылық танытып, жергілікті атқарушы органдар алдына нақты мәселелер қойып отыруы керектігін де баса айтты. Шынында да, жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мəселесі өте өзекті болып отыр. Жерге салынатын тікелей салықтар деңгейінің төмендігі жағдайды күрделендіре түсті.  Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтарып алатын кез келді.  Президент айтқан түйткілді мәселенің түйінін тарқатуда  бүгінде өңірдегі партияның белсенді өкілдеріне нақты тапсырмалар да жүктеліп, тиімді жолдар қарастырылуда.

АЛАТАУ: – «Ауыл» партиясы негізінен ауыл халқының тұрмыс-тіршілігімен тікелей араласып, кем-кетігін орталыққа жеткізіп отыратыны сөзсіз.  Өзіңіз білесіз, елімізде «Туған жер», «Ауыл – ел бесігі» деген бағдарламалар жүріп жатыр.  Партия тікелей осы бағдарламалар бойынша нақты қандай істер  атқаруда?

Қанат БЕКИЕВ:  – Біздің партия мүшелерінің арасында бақуатты, кәсіппен айналысатын, руханият саласында жүрген азаматтар, ақындар бар. Мысал үшін Алматы  облысында осындай азаматтарымыз көшпелі насихат тобын құрып, бірнеше ауданды аралап шықты. Сол азаматтарымыз кейбір ауданда сол «Ауыл – ел бесігі» акциясын өткізуге мұрындық болды. Бір жерге барып жай халықпен кездесіп, ақын жазушылармыз ой-пікірлерін жеткізді. Бір жерде «Ауылым – алтын тұғырым» байқауында шығарған кітаптарымызды тараттық. Сондай шаралар  шама-шарқына қарай әр өңірде өтіп жатты. Ол бірінші  мәселе.

Екінші мәселе, Елбасының және қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» деген жаңа жоба іске асып келеді. Бұл бағдарлама ауылды жерлерде қолайлы өмір сүру ортасын құруға үлкен мүмкіндік береді. Айта кетейік,  бағдарламаны халық өте жақсы қабылдады. Аталмыш бағдарлама бойынша  облысымызда  былтырғы жылы жеті аудан орталығында ауруханаларды, мектептерді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін және ауыл іші жолдарын күрделі жөндеуге 6,1 млрд.теңге сомасына 45 жоба іске асырылды. Қазіргі кезде Алакөл, Балқаш, Ескелді, Көксу және Ұйғыр аудандарында бес дене шынықтыру -сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Осы жылы 21 ауылда жалпы құны 14,4 млрд. теңгеге 37 жоба іске асырылмақшы.

Биылғы жылы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына 10,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Оған Ақсу, Қарасай, Кербұлақ, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында жеті саябақ  күрделі жөнделіп, 117 аула мен 27 спорт алаңы абаттандырылады, 20 ауылда көше жарығы жүргізілмек.

«Өз талыңды отырғыз» деген акцияны біз үш жылдан бері жүргізіп келеміз.  Аталмыш акция аясында 1000 түп ағаш отырғызылып, бүгінге дейін  күтіп-бапталып келеді.

АЛАТАУ: – «Ауыл»  ХДПП Алматы облыстық  филиалының алдағы атқарар  жоспарларымен  де бөліссеңіз?

Қанат БЕКИЕВ: – Осы кезге  дейін «Ауыл» партиясы біраз жұмыс  атқарды. Ең бастысы,  бес жылдың ішінде біздің партия әрдайым тәуелсіздіктің, даму мен өсудің, жақсылықтың жақтаушысы, қолдаушысы болды. Елмен бірге, Елбасымен бірге егемен еліміздің көркеюіне, өркендеуіне хал-қадірінше үлес қосты. Осы жылдардағы партияның жеткен жетістігі туралы сауал  қойылса, жоғарыда айтқан сөздерімді   келтірер едім. Өйткені, мемлекет, қоғам, жалпы жекелеген саяси партиялар, қайраткер азамат үшін  елінің көркеюі мен дамуынан артық ештеңе жоқ. Ал өмір бір орында тұрмайды. Сондықтан, мемлекет те, адам да, партия да үнемі жетілу, өсу үстінде болуы шарт.

«Ауыл» ХДПП Алматы облыстық филиалының  2020 жылға арналған жұмыс жоспарына  сәйкес,  биылғы жылы «Еңбек адамы – ел тірегі», «Жаңа көшбасшылар мектебі», «Ауыл партиясы азық-түліктегі ГМО-ға қарсы», «Ауыл –Достар» клубы секілді саяси бастамаларға қатысты іс-шаралар өткізуді  қолға алып отырмыз. Бұл іс-шаралар  облысымыздың аудан, қалаларында партия белсенділерінің  атсалысуымен  жүзеге аспақ.

«Ауыл» партиясы – қашанда  ауылмен тағдырлас партия. Ал,  ауылдың түтіні түзу шықсын десек, ауылдың ажарын басты назарда ұстауымыз керек.

АЛАТАУ:  – Сүбелі  әңгімеңіз үшін рахмет.

С.ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Кілтсөздер:СҰХБАТ


ПІКІР ЖАЗУ