Оқырманға «Раушан гүлін» ұсынды

33

Әдебиетке келген әр қаламгер өзін бір қасиетті меккеге келгендей сезінетін шығар деп ойлаймын. Өйткені,  жазушылық ерекше бір сезіммен өлшенетін дүние ғой. Жазушы ағамыз Жұмабай Шаштайұлы айтқандай-ақ,  классикалық жазушылардың бәрінің дерлік кітабын оқып, ерекше пір тұтатындықтан ба екен, жазушы болуды құдайдың сыйы деп білетінбіз.

… Ал, нағыз жазушының  әдебиетке  өзінің өмірлік тақырыбымен келетінін  Гүлжан  Амангелдіқызының   «Раушангүл»  жинағындағы әр шығарманы оқи отырып сезіне түсесің. Оқырман ретінде  кітаптағы  шығармалар  заман тынысын дөп басатындығымен бағалырақ көрінді. Сонымен қатар шығармада шынайылық, боямасыз, қаз-қалпында  өтіп жатқан өмір бейнеленеді. Жалпы, әлемде көзбояушылық деген көп қой. Ал шынайылық дегенді  әдебиеттерден табу қиын. Сондықтан,  бұл кітап та сонысымен  оқылымды болары анық.

КҮНІ   кеше ару  Алматыдағы  Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында   белгілі қаламгер досымыз, журналист-жазушы Гүлжан Амангелдіқызының  «Раушангүл» атты тұңғыш жинағының тұсаукесері  өтті.

Жазушының алғашқы жинағының тұсаукесеріне келген қонақтар арасында  әдебиетте жүрген алдыңғы  аға буын ағалар мен апалар,  отбасылық және үзеңгілес достар, оның шығармасын оқып жүрген оқырмандар да болды.

Әдеби кеште  қонақтар  жазушының жазудан бөлек, музыкалық  қырын көріп  те тәнті болды. Кеш шымылдығы  фортепианода ойнаған  Гүлжанның  музыкалық шығармасымен ашылды. Мұнан соң  Т. Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясының студенттері  автордың  шығармаларынан үзінді монологтар оқыды.

Кітаптың тұсауын кескен белгілі  қаламгерлер Сәуле Досжан, Ділдар Мамырбаева,  Нұржан Қуантай, Ақберен Елгезектер жазушының шығармалары туралы сөз  етіп, жылы лебіздерін жеткізді.

«Гүлжан Амангелдіқызы  маған жеңгей болып келеді,  бір жағы ауылдаспыз. Оның жазушылық қырын білетіндіктен кітап шығарайық деп  айтқан едім. Алайда ол бірден  иә демей, бас тартты. Оның осы қасиеті ұнады. Себебі, берілген мүмкіндікті пайдаланудың орнына, өзіне сеніңкіремей,  әлі де қарап, толықтырайын, жазайын  деуінің өзі  нағыз жазушыға тән   қылық деп есептедім. Бірақ мен  тақымдап  қоймадым. Былтыр Абай баспасының  «Алатау  Кітапханасы» сериясымен біраз кітап   шықты. Соның ішінде  тұсауы кесілгелі отырған Гүлжан Амангелдықызының  «Раушангүл» атты  тұңғыш  жинағы да  бар.  Бұл кітап аса қалың емес, бірақ оның авторын  аз  жазса  да  саз  жазатын жазушы деуге әбден болады.  Сонымен қатар ол өте «тонкий писатель», психолог жазушы десек те болады. Бұрын соңды бір екі дүниесін оқығанмын.  Шығармасында  адамның  психологиялық иірімдерін дөп басып,  керемет береді. Сонысымен де бізге  қымбат»,  – деген  ақын, Жазушылар  Одағы  төрағасының бірінші орынбасары  Ақберен  Елгезек   жазушыға мықты денсаулық, шығармашылығына табыс тіледі.

КЕЛЕСІ  кезекте сөз тиегін ағытқан  жазушы  Ділдар Мамырбаева да  Гүлжан туралы  жып-жылы ойын ортаға салды.

«Гүлжан деген қызбен, оның шығармаларымен  бұдан бұрын да таныспын. Бұл қыз 2010 жылы  «Дарабоз» деген байқауға қатысып еді. Сол байқауда  ынталандыру сыйлығын иеленді. Ол кезде  фамилиясы  басқатын. Осы байқаудан соң  мен оны  көп іздедім. Жыл сайынғы жыл қортындысында баяндама жасауға келген кезімде оны үнемі сұрайтынмын.  «Гүлжан  деген қыз қайда екенін білесіңдер ме, ол неге балалар әдебиетінен кетіп қалды» деп. Біраз жылдан кейін оның өзі маған хабарласып тұр: «Апай, мен Гүлжан Амангелдіқызымын, сіз іздеп жүрген  қызыңызбын, бірақ фамилиям өзгеріп кеткен» дейді. Сол кезде менің  қалай  қуанғанымды білсеңіздер ғой. Енді, міне, он  екі жылдан кейін қызымды да көріп, оның алғашқы кітабының тұсаукесеріне қонақ болып келіп отырмын.  Ақберен ақын айтқандай, мен де Гүлжанның қысқа жазса да саз жазатын жазушы екенін мойындаймын.

Жазу деген арнасы кең, мұхит қой. Оның қай жерде нүктесі барын, бұл жолға қанша жасыңда келетініңді, дарынды адамға Алланың өзі түйсіндіретін кезі болады. Сондықтан Гүлжанның жазушылыққа осы жасында келгені ешқандай кеш емес дер едім. Кітаптың атауы да жазушының табиғатымен үйлесім  тауып тұр деп айтуға әбден болады»,  – дей келе Гүлжанды құрметтегені үшін үйдегі қожайын Қалмаханбетке де шынайы алғысын білдіріп, «Құдайға баратын бірінші баспалдағының сәтті өткені үшін» рахмет айтты.

ӘДЕБИ   кеште  жазушы Сәуле  Досжан  да жүрекжарды тілегін білдірді. Жазушы алдымен осындай тамаша кештің өтуіне ұйытқы болған Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры  Ғазиза Құдайбергенге  ерекше ықыласын білдіріп, кеш иесі Гүлжан Амангелдіқызының шығармашылығы туралы да терең  ойларымен  бөлісті.

«Гүлжанның сыртқы болмысы қандай әдемі болса, шығармалары да ерекше тартымды.  Ақберен айтқандай, оның   шығармалары  адамның  психологиялық  иірімдерін дөп басады, жандүниеңді төңкеріп тастағандай күй кешесің. Мәселен,  «Әттең» деген шығармасын оқып отырып, жылап қалдым.  Мен өзім мүгедектер туралы көп жазатын  болғандықтан, Гүлжан   жазған дүниелер жаныма  өте жақын. Ал, бұл кездесуге келетінімді Гүлжанның өзіне айтқанмын. Содан Алматыдан іздеп жүріп өзі секілді  аппақ  раушангүлдерін сатып  алып, кешіксем де келдім. Оның есімінің өзі  гүлден басталады ғой, әрі кітабының да атауы гүл. Сондықтан Гүлжан қызымыз да дәл осындай раушан гүліндей әдемі бола берсін» – деп ақырын жүріп, анық басып келетін Гүлжан Амангелдіқызының шығармашылығына табыс тіледі.

МҰНАН соң сөз алған  прозашы, ақын  Нұржан Қуантайұлы да Гүлжан Амангелдіқызының шығармалары туралы  тұщымды ойларымен бөлісіп, жазушы  әңгімелерін оқи отырып оның әдебиетке кездейсоқ келмегендігін де қадап айтты. Гүлжан қыздың алдағы уақытта да жақсы шығармалары арқылы   оқырмандарын тәнті ете беретініне, шын мәнісіндегі оның прозашы екендігіне көз жеткізіп отырғанын да мақтана айтуға болатынын жеткізді.

Бұл әдеби кеш біз ойлағаннан да тамаша өтті. Жазушының өмірде сыйласып жүргендерінен өзге көргісі келетін жандардың бәрі осы  кешке жиналыпты.

Айтпақшы, Талдықорған қаласынан арнайы ат арытып Алматы облыстық  С.Сейфуллин атындағы кітапхана директоры бастаған ұжым да келіп, авторға деген жүрекжарды тілектерін айтып, сый-сияпаттарын көрсетті. Сондай-ақ, талдықаладан ақын қыздар Гүлбақыт Қасен, Торғын Тұрлыбаева да арнайы барып, күллі жетісулық қаламгерлер атынан жылы лебіздерін айтып, гүл шоқтарын табыс етсе, ерлі-зайыпты әнші-сазгерлер Гүлнұр Нұрасыл мен Әліби Бекайдар әннен шашу шашты.

КЕШ соңында осындай тамаша кештің өтуіне себепкер болған автор  шығармашылығын құрметтеп келген барша қауымға ерекше алғысын білдірді.

«Жазушысы  жоқ қоғам дұрыс қоғам болмайды. Қазіргі күні   шоу мәдениеті, эстрадалық мәдениет белең алып тұрғанда, ойлылыққа ешқашан ұмтылмайтын ұрпақ өсіп келеді.  Жазушы болу дегеніміз – ол үлкен бір міндетті алып жүру деген сөз»,  – депті жазушы  Жұмабай Шаштайұлы. Ендеше, тырнақалды туындысымен  әдебиет деген әлемге құшағын айқара ашқан Гүлжан Амангелдіқызының  жазушылық атты  үлкен міндетіне ешқашан сызат түспей, алға қарай  самғай беруіне тілекшіміз.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

ТАЛДЫҚОРҒАН-АЛМАТЫ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ