Полиция қорлайды, Адвокат қорғайды

0
857

Қаңтардағы қанды қырғынның трагедиясы енді тергеу орындарында жалғасуда. Ереуіл кезінде арандатушылардың азғыруына ілесіп кеткен жастар,  асыра сілтеп жібергендер мен жазықсыз жапа шектік дегендердің арыз-шағымы толастар емес.

Полицейлер мен әскери сарбаздарға тап бергендер дәл сол кезде мұның ертең сұрауы боларын сезбей де қалған сияқты. Себебі билік құлады деп  ғимараттарға өрт қойып,  қару-жарақты талапайға салғандар,  сауда үйлерін тонағандарға  бұл әрекетке  не үшін барғандарын айтуға әрі заң алдында жауап беруге тура келіп тұр. Отыз жылдың ішінде күштік құрылымдарда халыққа жеккөрінішті болып кеткенін де жасырып, жабуға болмас. Себебі,  бейбіт ереуілге шықандардың  жасын да, жасамысын да,  анасын да,  баласын да  сүйреп ала жөнеліп таяқтап, қорқытып, үркітіп, қамап,  соттап жібергендері де халықтың ішіне шемен болып қатты.

Күштік құрылым өкілдерін көргенде жыландай жиырылып, тіс қайрап, кек алу тура қаңтардағы ереуілде көрініс берді. Әу баста бейбіт басталған ереуілге сырттан келген азғырушылар отқа май құйды. Қару қолданбаған полицейлер мен  сарбаздарға тас боратып, таяқ сілтеп,  құдды бір ата жауын көргендей лап берген ереуілшілер, арандатушылар  қолға түскендерін бас, көз демей тепкілеп, дүрелеп жатқан желідегі бейнетүсірілімдерді көргенде төбе шашың тік тұрып, жаның түршігеді. Адам баласы да осыншалық қатыгез болады екен-ау деп қынжыласың. Бірақ қынжылыстан пайда бар ма? Қалың тобырдың ішінде полицейлерге, әскерилерге жаны ашып, «әй теппеңдер, ол да өзіміздің бауырымыз қазақ қой, қойсаңдаршы» деп шырылдап, арашалап жүргендерді де көрдік. Көздері қанталап, алдынан шыққандарды арландай талап келе жатқандардан қашып шыққан бір сарбазға  жігіттер көмектесіп, қазақтың  қызы үстіндегі курткасын шешіп беріп, солдаттың әскери формасын ауыстырып жатқанын елдің бәрі әлеуметтік желіден көрді.

Қаңтардың 2-і  мен  8-і аралығында болған бұл оқиғаға кім кінәлі? Әрине, билік кінәлі. Отыз жыл елдің мұң-мұқтажына құлақ аспады. Кедей-кепшікті елемеді. Байлардың дәуірі жүрді. Елді жаулаған жемқорлық дерті асқынды. Жанар-жағармай,  газ,  коммуналдық төлемдер, азық-түлік бағасы шарықтады. Елдің күн көрісі қиындады. Әлеуметтік мәселе ширықты. Жиналып кеп сыздауықтай сыздаған жара 2022 жылы қаңтарда  қансоқта болып жарылды. Енді келіп, ереуілге шыққандарды  террорлық,  бандитизм, бұзақылық тағы басқа да баптармен айыптап жатыр. Қазақ мұндайды  «айран ішкен құтылды,  шелек жалаған тұтылды»  дейді.  Негізі,  халықты осындай күйге түсірген,  жемқорлықпен шырмалған  билік өкілдері жауапқа тартылу керек-ті. Отанға сатқындық жасады деген айыппен ұсталған бірлі-жарымы болмаса тасада қалған,  халықты қанаған, жердің асты-үсті байлығын талан-таражға салған, жең ұшынан жалғасқан  қаңтардағы ереуілді қан-төгіске айналдырған үшінші топ бары айтылуда. Олар заң алдында жауап бере ме, жоқ сытылып шығама, бір  Құдайға  ғана  аян.  Бұдан  бөлек,  тыныш күнде бейбіт ереуілге шыққандардың арасына арандатушыларды, террористерді кіргізіп жіберіп  қан төктірген Мемлекетке,  Отанға опасыздық жасаған қауіпсіздік комитетінің төрағасы  Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары тікелей кінәлі. Оққа ұшқан, жарымжан болған, қара жамылған отбасылар мен тергеуде жатқан жазықты-жазықсыз жандардың бәрінің обал-сауабы осылардың  мойнында.  Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде Қазақстанда орташа айлық жалақы 500 000 дегені бар еді. Елді басқарып отырған Елбасының өзі  елдің ішкі жағдайын нақты білмейтінін көзі қарақты жандардың бәрі білді. Айналасындағы жалпақ шешей жәдігөйлер көзін байлап, өтірік статистика беріп,  халықтың әл- ауқатын жоғары көрсеткішпен көрсетті. Өтірікшінің шын сөзі зая дегендей, бұл өтірікті қаңтардағы қақтығыстан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың жартысының табысы 50 мың теңгеден аспайды, бұлай өмір сүру мүмкін емес», –  деп ақиқатын айтқан болатын.  Әсілі,   шындықты айтуға мәжбүр болды. Бұл бөлек әңгіме. Қазақ халқы қатерлі де, қауіпті сынақтан  Құдай сақтап аман қалды. Бүлінген дүние бүтінделер, сыздаған жара жазылар. Алайда, оққа ұшқандар мен ажал құшқандардың орнын кім толтырады. Мың жерден өтемақы төлесе де, өлгендер қайтып келмейді. Қаншама шаңырақ шайқалып ортасына түсті. Бозінгендей боздаған ана, анасынан айырылған бала,  әкесіз қалған отбасылар қасіретін сөзбен айтып та,  жазып та жеткізе алмайсың.

Құдай бір айналдырса шыр айналдырады дегендей, ереуіл басылып, қантөгіс тоқтап, тірілер тіршілігін жасай бастағанда  құзырлы органдар мен тәртіп сақшылары қылмыскерлердің ізіне түсті. Топ-тобымен қамап,  жазықты-жазықсызына қарамай тоқпақтап жатыр. Өлімізді көрден қазып әкетіп жатыр, бұған кім тоқтау айтады деген қалың бұқара тағы да  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады. Қоғам белсенділерін  қорғаушы Абзал Құспан  мен  А.Омарова бастаған өзгелері қоштап,  мемлекеттік хатшы Ерлан Кариннің қабылдауында болды.  Абақтылардың алдында ұзын-сонар кезек қалыптасты. Қамауға түскен балаларын,  жолдастарын,  әкелерін көре алмай, тіпті ауруханада  жатқан жерінен толық емдетпей алып кетті деген айғайдан ақпарат кеңістігі жарылып тұр.  Ұрды, соқты,  жалаңаштап жатқызып екі табанымыздан ұрды  деп қорғаушыларынан көмек сұраған тұтқындардың қаншасы жазықты,  қаншасы жазықсыз.  Қаңтардағы қырғыннан кейін іске кіріскен полиция органдары асыра сілтеп жатыр деп халық қалаулысы,  мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері,  ақын Қазбек  Иса да мәжіліс мінберінен үн қатты.  «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей бұл  қауесет емес, шынайы шындық екені заңды қадағалаушы орган прокуратураның келтірген айғақтарынан көруге болады. Жалпы, тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде  полиция құрылымдарында бедел қалмады. 2011 жылғы Жаңаөзендегі бейбіт елге оқ атқан,  сол кездегі ішкі істер министрі болған генерал Қасымовты және билікті ел әлі күнге дейін жауапқа тарту керек дейді. «Полиция қорғаным емес, қорлаушым болды», – дегенді де қалың бұқара айтып жүр. Жалпы,  ішкі істер саласына  түбегейлі реформа керек дегенді мәжілісмендер де, сенаторлар да және бұқара  халық та ұдайы айтып келеді. Әзірге өзгерген ештеңе жоқ. «Жаңа Қазақстан құрамыз», – деп жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер және жалпы құқық қорғау  және әскери құрылымдарға бір өзгеріс алып келеді деген елде үміт бар.  Енді көтеріліс аяқталып  қылмыстық іске кіріскен құзырлы органдардың мәліметіне жүгінсек, бас прокуратураның 25-ші  қаңтардағы мәліметіне сәйкес, 2044 қылмыстық іс бойынша 802 күдікті қамауға алынған. Әкімшілік іс бойынша 63 адам қамалған. 2044 қылмыстық іс қозғалып,  898 күдікті ұсталған. Соның ішінде 802 адам қамауда. Қалғаны үйқамақта,  кейбірі кепілмен босатылған.  Қылмыстық істердің дені  «адам өлтіру»,  «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік», «ұрлық», «қаруды заңсыз сақтау», «бұзақылық», «тонау» баптарымен қозғалған. «Сондай-ақ,  9257 әкімшілік іс қозғалғанын,  бұл істердің көбінде айыпталғандарға жаза қолданбағанын, 4500 адамның қамаудан босатылғанын,  63 адам ғана абақтыда отырғанын, 4584 адамға ескерту жасалып,  577 адамның айыппұлы ескерту шарасына ауыстырылды», –  деген мәлімет таратты.  Прокуратура өкілдері  25 қаңтардағы брифингте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдетіңдер  деген тапсырмасының қалай орындалып жатқаны жайлы да есеп берді.  Дұрыс-ақ,  шынайы қылмыс жасағандар тиісті жазасын алуы шарт.  Мұндайды  қазақ:  қолыңмен істегенді мойныңмен көтер деп тәмсілдеген. Тіпті,  қаңтар айының соңы болып қалса да,  Алматы облысы мен Алматы қаласында лаңкестерге қарсы операция жалғасуда. Мәселен, Еңбекшіқазақ  және Талғар аудандарының  аумағында  26-27  қаңтарда  антитеррорлық  операцияның  режимі жұмыс істеді. Бұл шешім Алматы қаласы мен Алматы облысында мемлекеттік органдарға шабуылдар мен коммерциялық нысандарды тонауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ әрекетінің жолын кесу қажеттілігіне байланысты қабылданғаны айтылды.  Сондай-ақ,  ҰҚК  жүргізген  лаңкестікке  қарсы  іс-шаралар  барысында  Алматыда  ҰҚК   «А»  арнайы жасағымен бірлесіп,  ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 мүшесі ұсталғаны хабарланды. Нәтижесінде, Еңбекшіқазақ және Талғар  аудандарында қару-жарақ арқаланған шолақ мылтық,  оқ-дәрілер,  гранаталар полиция қызметкерлеріне арналған оқ-дәрі элементтері,  123 ұялы телефон қаптары,   жасыл түсті ерекше иісі бар зат тәркіленген.

Біз ешкімді ақтап алуға құқымыз жоқ. Қылмысты жазасын алсын. Алайда, жазықсыздан жазықсыз жапа шеккендерді ұрып, соғып,  қинап,  жасамаған қылмысты жасады деп жауапқа тартуға қарсымыз. Бұл дерек бойынша  адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық мамандарының бірі, Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова: 16 өңірдегі 81 тергеу изоляторын аралап,  Еуроодақ елшілерімен онлайн кездесу өткізгенін мәлім етті. Оның айтуынша орталыққа  39 шағым келіп түскен. Бұл құжаттарда жұрт қаңтар оқиғасын тергеу кезінде құқық қорғау органдарының заңсыз әрекеттеріне наразылықтарын білдірген. Эльмира Әзімованың хабарлауынша  мемлекеттік қорғаушылар көрсеткен қызметтер сапасы азаматтардың көңілінен шықпаған. Тергеу изоляторларында азаматтарға қарсы жасалған заңсыз әрекеттердің куәсі болдық дейді. Бұл деректерді дереу күдіктілердің туған-туыстарына хабарлап,  тергеліп жатқан адамдардың ресми тізімі жариялануы керектігін айтты. Азаматтық қоғам өкілдері де осы процесске белсенді қатысқаны абзал. Халықаралық сарапшылардың келіп жәрдем беруі де артық болмайды  дейді. Біздің редакцияға  да  мектеп қабырғасында оқып жүрген баласының  өртенген әкімдіктің ішін аралап бейнетүсірілімге түсіріп, жерде жатқан компьютердің қатты дискісін алғаны үшін жауапқа тартылып жатқанын айтып,  шағымданып келген ата-ана болды.  Әзірге оның аты-жөнін айтпауды ұйғардық. Себебі ана баласының болашағына алаңдайды. Тергеу изоляторынан қорғаушы жалдап,  баласын үйқамағына алынғанын айтып, оны ұрып соққанын,  денесіндегі  көгерген дақтарды суретке түсіріп алғанын көрсетті.  Құзырлы орган прокуратураға арыз жазғандарын әлі күнге дейін балаларын медициналық экспертизаға  апара алмай отырғандарын дәйек етті. Тағы бір он бес жасар  мектеп оқушысының кеудесіне қыздырып үтік басылғаны жайлы  мәліметті құлағымыз шалды. «Қорқыт дегенге осылай қорқытасыңба» дегендей,  шаш ал десе, бас алатын полицейлер  тергеуге түскендерді ұрып-соғып, неге қинайды? Мәселен, Қапал ауылының тұрғыны Б. Қилыбаевтың ұлы Азамат  Талдықорған қаласының орталық алаңыңда тұрған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатқан кезде жүк көлігін жүргізіпті. «Күдіктіге айналған Азаматты полиция зорлық-зомбылық көрсетіп, қатты соққы жұмсағаннан оның бір бүйрегі істемей қалған. Ауыр халде ауруханада жатқан күдіктінің жағдайы өте ауыр», – дейді әкесі Батырбай Қилыбаев. Полицейлердің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып жібергенін прокуратура органдары да жоққа шығармайды. 15-ші қаңтардағы бас прокуратураның берген  мәліметінде  қаңтар оқиғасы бойынша  4578 адам зардап шеккен. Оның ішінде 4353 адам жараланған. Билік органы статистикасында зардап шеккендердің 3393-і полиция мен күштік құрылым қызметкерлері екені айтылады. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендер арасында оқ тигендер, таяқ жегендер барын мәлімдеген. Үстілерінен қылмыстық іс қозғалып,  изоляторға қамалғандар мен олардың туған-туыстары,  құқық  қорғаушы полиция, тергеушілер күдікті ретінде ұстаған азаматтарға қысым жасап,  азаптап, айыпты мойнына алуы үшін қинап жатыр деген  шағым жоғары билік өкілдеріне  қарша борады.  Тіпті,  оқиға кезінде жараланғандарды ауруханада ауырып жатқанына және ауыр жарақаттарына  қарамастан тергеуге әкеткені жайлы шағымдар айтылуда. Бұл жайға қатысты 25 қаңтардағы брифингте бас прокуратура  өкілі  Елдос Қилымжанов орган өкілдерінің қызметіне байланысты 109 шағым түскенін,  21 қылмыстық іс қозғалғанын,  43 арыз тексеріліп жатқанын мәлім етті. Қоғамдық комиссияның мүшесі, белгілі қорғаушы (адвокат) Абзал Құспанға хабарласып, мән-жайды сұрап білдік.  Шаруадан қолдары босамай,  ертеден кешке дейін түрмелерді жағалап  жүрген Абзал Құспанның айтуынша қамалғандардың арасында іздеушісі, жоқтаушысы жоқ жетім балалар да бар екенін әрі қамалғандардың аты-жөндері қате жазылып кеткендерін айтты. Алғашқы жұмыс күні 11 адамды осы қоғамдық комиссия  мүшелері шығарып алыпты.  Бүгінге дейін 16 адамды,  2 ақпан күні тағы 9 адамды  шығардық. Бұл заңсыз қудалауға ұшырап,  қамауға алынғандардың  құқығын қорғау мақсатында құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясының жұмысы. Абзал Құспанның айтуынша бірінші ақпан күні тағы да біраз адамды шығарулары керек екен. «2-ші ақпанда пресс-конференция өткізіп,  кешкісін Талдықорғанға барамыз. Себебі, Талдықорғанда арыз-шағым көп. Комиссияның негізгі мақсаты  қосақ арасында кеткендерді арашалап қалу. Негізі  272-баппен,  яғни,  жаппай тәртіпсіздікке қатысты  көтеріліске шығу, қирату, өртеу, тонау,  адам өлтіру,  терроризим,  жаппай тәртіпсіздік,  ұрлық қаруды заңсыз сақтау,  бұзақылық  баптары бойынша,  қару қолданды деген айыптарды  272-баптың  2-ші бөлігімен қарастырып жатыр.  Көп жағдайда  біршама  адам нақақтан барып қамалған.  Жай қызықтап бейнеге түсіргендер,  өзін-өзі суретке түсіргендер қазір қамауда отыр. 272-бап,  жалпы,  үш бөліктен тұрады. Біріншісі  «жалпы ұйымдастыру»,  «қарулы қақтығыстар»,  «шетелден қаржыландырылған», «қирату»,  «бүлдіру», «өртеу»,  «билік өкілдеріне» күш көрсетушілерге қатысты. Біз екінші бөлігіне көбірек мән берудеміз. Шын мәнінде арандатуға еріп қалған, абайсызда барып қалған,  оқиға жанынан өтіп бара жатып жараланып қалғандарға қолұшын созудамыз. Негізі көпшілікті осылар құрайды  және олардың ішінде абайсызда тап болған адамдардың саны өте көп болып тұр.  31 қаңтар кешке қарай тағы біраз адамды шығарамыз. Біз бір апта бойы  қалай жұмыс істеу керектігін білдік. Көп адам әлеуметтік желіде заңгерсымақтар сұрақтар қойып жатыр.  Мен соларға төтенше жағдайда, төтенше әрекет ету керектігін айтқанмын. Біздің комиссия төтенше жағдайда ондайды алдын-ала қарастыру мүмкін емес. Бірақ  іс жүзінде адвокаттардың жұмысы комиссия құрамының өзі қорғаушылардан  тұрады. Бұл өзімнің идеям. Осы төтенше жағдайда  қарапайым бір мысал. Тергеуші бір айда ең жылдам дегенде екі істі бітіретін болса, қазір сол тергеушінің мойына 200 іс жүктелген. Ол физикалық тұрғыда үлгере алмайды. Сондықтан да біз қарап,  ұсталған адамға сот санция берді. Екі айға қамау үшін негізі екі дәлел керек.  Жұмысымыз екі сатыдан тұрады. Біріншісі, прокуратура органдарындағы материалдарды қарау,  сосын тергеу изоляторындағы адамдармен жүздесу. Қанша дегенмен де бұл жерде қазақылық  нәрсе де керек. Өйткені, прокуратура саласындағы көп қызметкер орыс тілді,  анау-мынау нәрсені түсіне бермейді. Абақтыда жатқандармен сөйлесіп, түр-түсіне қараймыз. Қарапайым бір мысал. Өткен  аптада  Сейіт  Сауатай  деген дәстүрлі әншіні шығардық. Комиссия  алқасында мен Серік  Сауатай дәстүрлі әнші, бұл азаматты шығару керек, ол орындап жүрген әндердің бәрі патриоттық әндер, бұл табиғатында қылмыскер болуы мүмкін емес десем,  прокурорлар  «и что», – дейді. Оларға  басқаша түсіндіруге тырыстым. Бұл өнер адамы, мұны Рамазан Стамғазиев,  Еркін Шүкімановтар қолдауда. Олардың аудиториясы  үлкен,  өнер адамдары бірігіп кетсе, бізге қиын болады», – деп, шығарып алдық. Біздікі былайша айтқанда таза көмекші жол. Қолымызда ешқандай өкілеттік жоқ. Бірақ  прокуратураға айтып, кейбіреулердің бас арашасын өзгертуге күш салудамыз. Ата-аналарының жағдайларын айтудамыз», – деді. Жазықсыз жапа шеккендерге көмектесіп жатқан «Аманат» комиссия жұмыс құрамында 8 адам бар. Оның ішінде төртеуі кәсіби қорғаушы,  біреуі  Парламент Мәжілісінің депутаты мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бір мүшесі, бас прокуратура және ІІМ басшысы құрамынан бір-бір адам қосылған. Мақала дайындалып жатқанда 2-ші ақпан күні Алматы облыстық Ішкі істер департаментіне жаңа тағайындалған басшы  генерал майор Арыстанғани Расылханұлы Заппаров ақпарат өкілдерімен кездесуінде  полицейлерге  тергеуде жатқан азаматтарға жасалып жатқан қысымның, яғни, асыра сілтеуге жол бермесеңіз деген өтінішімді айттым.

Айтақын  МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ