Реніші көп реформа

55

Мұғалімдердің басынан бұлт арылмайтын болды. Оқушыдан таяқ жейтін де,  сөз еститін де мұғалім. Бала сабаққа келмей қалса, мектеп ауласында төбелес болса, біреу ойнап жүріп от басса да ұстаз кінәлі. Бар жауапкершілікті мұғалімге ысырып қойып, балаларына қатты сөз айтып, не болмаса жазалап қойса ғаламторға жариялайды.  Мұғалімінің жер-жебіріне жететін ата-аналар бүгінде бала тәрбиесіне мән беруді  қойып,  бар  жауапкершілікті  мектепке артып қойған. Оқушының сабақ үлгерімі мен тәлім-тәрбиесіне жауапты мұғалімдердің жалақысының өскені баршаға аян. Алайда ақша категория арқылы төленетін болғандықтан олар сынақ тапсырып ақ тер, көк тер болуда.

Ажалы тура келген шығар, жақында Алматыдағы жекеменшік мектептердің бірінде 1973 жылы туған мұғалім тестілеу кезінде қайтыс болып,  арты шуға ұласып,  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қаралаушылар да, ақтаушылар да ғаламтор желісін шулатып жатыр.

Медальдің екі жағы бар, сол сияқты ұстаздардың да білімді, біліктісі бар. Бәріне бірдей топырақ шашуға еш құқымыз жоқ. Алайда сапалы білім беретін білім ошақтары некен саяқ. Бір ғана Алматы облысының Талдықорған қаласында Мұхтар Арын атындағы дарынды балаларға арналған № 24-ші лицейі және тереңдетіліп оқытатын дарынды балаларға арналған № 20-шы лицейі, Назарбаев атындағы инттелектуалды мектептің білім сапасы жайлы халық жылы сөздер айтады. Мұндағы білім беретін ұстаздарда іріктеліп алынған. Өзге өңірлерде де мұндай мектептер баршылық. Бірақ басқа аймақтарда білім сапасы қандай дәрежеде екенін біз дөп басып айта алмаймыз. Оны облыстық Білім басқармасы сараптайды. Алайда 9-сыныптан кейін оқушылардың мұрындарына су жетпей, сабақтан бөлек қосымша ақы төлеп, тестілеуге дайындық орталықтарына сабылып жүр. Біздің редакциямыздың екінші қабатындағы мекемеде қаздың балапанындай топырлап жүрген оқушыларға қарап, бұлар қай уақытта мектепке барады деп ойлайсың? Тақырып аурасы осыларға білім беретін ұстаздар жайлы болып тұр. Төккен тердің өтеуі ақталғанын кім жек көрсін?! Ал әлгі категория деген сынақ мұғалімдерді аттестациялау реформасының бір саласы. Білікті ұстаз сынақтан мүдірмей өтеді, біліксізі өтпейді дейді. Бірақ бұл арада да жемқорлықтың желпініп тұрғанын ешкім жоққа шығармайды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында аттестациялау кезінде мұғалімдерден ақша алып келген төрт бірдей мемлекеттік қызметкер сотталып кетті. Осы қылмыстың бел ортасында облыстық Білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы, аталған ведомствоның персоналды басқару қызметінің басшысы, аудандық білім бөлімінің басшысы және бас маманына қатысты қылмыстық іс қаралды.  Алдын  ала сөз байласқандар  қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, мұғалімдерге аттестациядан өтуге және тиісті біліктілік санатын алуға жәрдемдесеміз деп, жалпы сомасы 2 930 000 теңге пайда көріпті. Бір ұстаздан 150-200 мың теңге мөлшерінде ақша алып отырғандары сотта дәлелденген.

Педагогтер ақшаны сотталушылардың таныстары мен туыстарының банктегі шотына жіберген. Сот барысында экс-мемлекеттік қызметкерлер өз кінәларын мойындап, жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

Сот жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, 3 айыпталушыға 13 миллион 300 мың, 6 миллион және 4 миллион 500 мың теңге мөлшерінде айыппұл салды. Ал үш жылға бас бостандығынан айырылған төртінші сотталушының кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар болғандықтан үкімнің орындалуы бес жылға шегерілді. Сондай-ақ олардың барлығы өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылғанын ақпарат құралдары мәлімдеді. Осыдан кейін ұстаздардың біліктілігін арттыруға бағытталған аттестациялау үрдісінің үмітінен, күдігі басым екені аңғарылады. Бұл бір Шығыс Қазақстанда ғана болған оқиға емес-ті. Ғаламтор желілерінің қойын-қонышын ақтарып қалсаңыз, мұндай сорақылықты Қазақстанның барлық аймақтарынан кездестіруге болады. Жалған диплом сатып алып, ұзақ жылдар мұғалімдік қызмет атқарып келіп, прокуратура органдарының арнайы тексерісінен кейін жымысқы әрекеттері әшкере болып, алып келген жалақыларын мемлекетке қайтадан құсып берген жалған ұстаздар да болған. Тіпті олардың арасында бұрын істі болғандар да әшкереленген. Білім жүйесіндегі реформалардың ішінде шу-шұрқан болмағаны жоқ. Аттестациядан өткізу үшін әр мұғалімнен 150-200  мың теңгеден алып отырса, ымыраласқандардың тәбеттері жаман емес екен. Мұндай сыбайластыққа қандай ұстаздар барады? Әрине, сырттай оқуды ақша төлеп бітіргендер, білім жүйесіндегі іс-тәжірибелері ұштаспағандар әрі өздеріне сенімсіздік білдіргендер аттестациялау орталықтарынан тамыр-таныс іздейтіні хақ.  Аты-жөнін атамауды өтінген мұғалімдер, мұндай сорақылықтың барын жоққа шығармайды. Олар тестке дайындықты бастау үшін түрлі семинарларға қатысып,  іс-тәжірибе өткізу керек. Сондай-ақ сабақ беріп жүрген оқушылары облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы болуы шарт және сол балаларының түрлі жетістіктері туралы құжаттарын жинау керек. Мектепте Абай, Мұқағали, Ілияс оқулары секілді түрлі сайыстарға қатысқан  оқушы да, оны дайындаған мұғалім де диплом, марапаттарын жинайды екен. Ал математика, физика, химия салалары бойынша баланың білімі нақты көрініп тұрады. Олар республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстардан олжалы болып келсе, бұл мектеп үшін де, баланы дайындаған ұстаз үшін де зор абырой. Бірақ қаладағы да, даладағы да мұғалімдердің бәрі су төкпейтін жорғадай деп ешкімде айта алмайды. Өйтіп-бүйтіп жоғары оқу орнын сырттай бітіріп, мектепке кіріп алған ұстаздар үшін тест тапсыру қияметтің қыл көпірінен өткенмен бірдей.

Ажалы тура тестілеу орталығында  келіп, жан тапсырған жас педагогтың қайтыс болуына байланысты Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері марқұмның отбасына көңіл айтты. Оларға барлық қажетті көмек көрсетілген. Бұл соңғы 4 жылдағы алғашқы өлім оқиғасы екен. Құдай жамандықтың бетін аулақ қылсын. «Ол сол жерде 20 минуттай жатып қалды, жедел көмек көрсетілмеді», – дейді оның әріптестері. Ол тест тапсыратын кезінде қатты қобалжып, күйзеліске түскенін айтуда. Бұған дейін тестілеу орталықтарында алғашқы көмек көрсететін дәрігерлердің жұмысы да бір жүйеге қойылмағынын мұғалімдер айтуда..

Ұстаздар ұлттық біліктілік тестілеуді 2018 жылдан бастап тапсырып келеді. Сондай-ақ бекітілген санатына байланысты 230 мыңнан астам педагогтар жыл сайын жалақының 30-50% мөлшерінде қосымша төлем алады екен. Аттестация ерікті сипатта. Алайда педагогтер еңбекақысына тағы қосымша ақы алу үшін тестілеуге жазылып, осы процедурадан өтуі тиіс. Қай мұғалім жоғары жалақы алғысы келмейді дейсіз?! Өзекті өртеген өкініші – тест тапсырушы тура сол күні өзін нашар сезінсе де, тестілеу күнін өзгертуге құқығы бола тұра мүмкіндікті пайдаланбапты. Марқұм қатарымнан қалмайын деді ме кім білсін? Қайта-қайта дайындық жасап, аттестацияны бір, сабақты  бір ойлап жүйкесі де тозған шығар. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі Шолпан Каринова ұлттық біліктілік тестін тапсыру кезінде қайтыс болған педагог жайлы пікір білдірді.

– «Әріптесіміздің созылмалы дертке шалдыққаны және оның жүрек ауруы бойынша есепте тұрғаны белгілі. Білім саласының өкілдері әріптесіміздің туыстарының үйіне барғанда оның соңғы кездері өзін нашар сезініп жүргенін, тестілеу күні таңертең  де өзін жайсыз сезінгенін айтқан. Жақындары үйде қалуға кеңес берген. Естеріңізге сала кетейік, егер мұғалімнің денсаулығы нашарлап, өзін нашар сезінген жағдайда тестілеуге бармауына немесе күнін басқа мерзімге ауыстыруына болады. Мұндай мүмкіндік қарастырылған», – деп, Шолпан Каринова  Facebook парақшасында жазды. Айта кетейік, педагог алғаш рет 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап мұғалім қызметін атқара бастаған. Сондықтан жаңадан келген ұстаз ретінде ол санатсыз жұмыс істеді және оған аттестациядан өту міндетті болмады. «Біздің ақпаратымызға сәйкес, педагог өзін сауатты, талантты ұстаз ретінде танытқан. Туыстарының айтуынша, ол өз біліміне сенімді болған. Сол себепті ҰБТ-ға мерзімінен бұрын жазылған», – дейді.

Осындай қайғылы жаңалықтарды пайдаланып әлеуметтік желілерде мұғалімдердің өз-өзіне қол жұмсауының бірнеше оқиғасы туралы фейк ақпараттар да  көптеп таралып жатыр. Бұл – жалған ақпарат дейді. Осы оқиғадан кейін мұғалімдер біліктілікті арттыратын ат-тестациялауды алып тастауды сұрап,  Білім және ғылым министрлігіне Үшбу хат жолдап жатыр. «Қыс жайлы болса,  Арқадан арқар ауып несі бар» дегендей, ұстаздардың біліктілігін арттыратын және жоғары санатқа өту үшін жасалған реформа – «ТЕСТІЛЕУ» үрдісі бір қайнауы кем болған шала рефома емес пе деген күмәнді сауалдың құлағы қылтияды. Бұл реформаны қолдап жатқан ұстаздарда бар. «Былай тарсаң арба, былай тартсаң өгіз өледі» дегеннің кері екі тарапқа бөлінген ұстаздар қауымының қайсысы таразы басын басары әзірге беймәлім.

Қосымша білім беру педагогтері аттестациялауда ұстаздар қауымының бір парасы емтихан кезінде олар өздеріне қатысы жоқ мамандықтардың сұрақтары келетініне қарсы болуда.

Бұл процедура бес жыл сайын мұғалімдерге біліктілігін арттыруға және қосымша жалақы алуға мүмкіндік береді. Алайда аттестация кезінде пән мұғалімдеріне бәрі түсінікті болса, музыка мұғалімдері емтихан кезінде мамандығына қатысы жоқ сұрақтарға тап болатынын айтуда.

Ольга Гаун Атыраудағы Құрманғазы атындағы музыка мектебінің концертмейстері. Ол мұғалімдердің ұлттық бірыңғай тестілеуінде қосымша профиль бойынша бірде-бір сұрақтың жоқ екенін айтады. Ал қосымша білім беру бойынша балабақшалар мен дамыту орталықтарының педагогтары ғана шақырылады. Музыка және өнер мектептері туралы бір ауыз сөз болмаған.

«Біз музыкантпыз. Педагогика, психология, педагогика тарихы бойынша сұрақтар толығымен біздің профиліміз де емес. Композиторларға қатысты сұрақтар болса түсінікті болар еді. Бірақ музыкада бар болғаны жеті нота бар. Жалпы білім беретін мектептерде жыл сайын өзгерістер болады. Алайда бізде музыка бойынша өзгеріссіз жеті нота бар. Сегізінші нота ешқандай жолмен пайда болмайды. 2000 жыл бұрын жеті нота қалай болса, солай қалады», – деді балалар музыка мектебінің концертмейстері ОЛЬГА ГАУН.

Мұғалімдерге біліктілік емтихандарын тапсыру оңай емес. Өз пәнінің құзіреттілігін меңгеру ғана емес, сонымен қатар балалар психологиясын білу және педагогикалық әдістерді меңгеру маңызды. Бірақ қосымша білім беруде бәрі біршама күрделірек. Өйткені объектілерді толық өлшеу мүмкін емес. Оларды тесттермен немесе теориялық сұрақтармен тексеруге келмейді.

«Менің ойымша, қандай да бір базаны әзірлеу маңызды. Бұл мұғалімдерге өз дағдыларын практикалық түрде жүзеге асыру тұрғысынан өздерін кәсіби маман ретінде көрсетуге мүмкіндік береді. Мысалы, музыкант қандай да бір жұмысты ойнай алатындай, ал сарапшылар оны бағалай алатындай», – деді бастауыш мектеп директоры Рүстем Ибраймов.

Мамандардың айтуынша музыка сабағының ұстаздары үшін олардың аспапта қаншалықты деңгейде ойнай алатыны маңызды.

«Қызметкерді жұмысқа қабылдағанда оның кәсіби және басқарушылық қасиеттеріне үлкен мән беремін. Өйткені мұғалім қағаз жүзінде көптеген сұрақтарға жауап бере алады, сынақтардан да өте алады. Бірақ ең бастысы –  ол өз құралымен жұмыс істей отырып гитара, пианино, домбыра, тіпті микрофон сияқты аспаптарды көрсете алады.

«Педагог мәртебесі туралы»  заңның  қабылдануымен мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті. Жоғары санат үшін тәжірибелі мұғалім жалақының 50% алады,  бірақ алдымен санатты қорғау керек. Сертификаттау –  ынталандыру механизмі. Мұғалімдердің біліктілігін және олардың  еңбекақысын арттыру мақсатында аттестация бес жыл сайын өткізіледі. Бірақ қосымша білім беру саласындағы педагогикалық қызметкерлерді аттестаттау ережелері мен шарттары қайта қарауды қажет ететіні анық  дейді.

Тәуелсіздік алған 30 жылда ұстаздар қауымы не көрмеді. Біресе мектеп, біресе сайлау науқанына шапқылады. Адам санағы басталса үйді-үйді жаяу аралады. Ауданға, қалаға концерт келсе солардың билетін өткізу де мұғалімге жүктелді. Ақын-жазушылардың кітаптарын үлестіру  осы білім ошағына тиесілі болатын. Көрмеген құқайы қалмаған педогогтар жалақыларының аздығынан сабақ бере жүріп кәсіппен де айналысып, бірі опадалап, енді бірі киім-кешек арқалап мектепті сауда үйіне айналдырып жібергені күні кеше ғана болатын. Білім саласына Асхат Аймағамбетов келіп ұстаздардың құқығын қорғап, олардың жалақыларын көтеріп, жергілікті әкімдердің мектептерге тізе батыруын, қоғамдық жұмыстарға жегуін шектеп, таза білім саласымен айналыссын деп, балапанын жыланнан қорғап қалған айырқұйрық қарлығаштай шырылдап жүргенде аттестациялау орталығында беймезгіл уақытта көз жұмған мұғалімнен кейін министрдің біліктілік туралы реформасын мүлде алып тастау керек деп екіге жарылған ұстаздар қауымы  аттестациялаудың машақатын айтуда. Мәселен жүз сұрақтың 70 пайызы пән мұғаліміне қатысты болса, қалған 30 сұрақ педогогика мен психологиядан тапсырамыз. Мен технологиядан үш жыл қатарынан тапсырып өте алмадым. Себебі, онда ауыл шаруашылығына қатысты сұрақтар бар, оның технологияға қандай қатысы бар десе, музыка пәнінің мұғалімдері бізге қатысты жүйесіз сұрақтар көп дейді. Денсаулықтарына байланысты алып жүрген жалақыларын қанағат тұтып, біліктілігін арттыруды қажет етпейтін ұстаз да бар болып шықты. Бір емес, үш мәрте сүріндім ол жүйкеге салмақ емес пе, жүректі ауыртпай ма? Өзге әріптестерің жоғары жалақы алып жатқанда біліктілігімді арттырайын деп барымды салдым. Бірақ тесттегі қисынсыз сұрақтар менің сүрінуіме себепкер болды дейді. Оқушыларды сансыратқан ҰБТ сияқты, ұстаздардың біліктілін арттыратын аттестациялау реформасы реттелмей ұстаздардың реніші басылмайтын сияқты.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ