Сапасыз құрылыс, бүлінген баспана

0
526

Қайда барсаң, көзбояушылық. Жемқорлық, алдау-арбау. Обал-сауапты ескеріп жүргендер некен-саяқ. Ұры-қарыны жақтап, жақсыны жарға итеріп тұрған қоғамда ешнәрсеге таңғалмайтын болдық. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың бір ұшы тендерде жатыр. Оның көрінісін сапасыз салынған құрылыстардан байқауға болады.

Талдықоғанда 2020 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған көп балалы аналар және аз қамтылған отбасыларға берілген баспанадан шикілік шықты. «Коттедж қалашығы» деп аталатын бұл баспаналардың сырт келбетіне қарасаңыз, сүйсінесіз, ал атқарылған жұмыстар араға бір жыл салмай жатып кей үйлердің қабырғалары ұйтқып соққан желдің әсерінен құласа, енді бірінің сылағы ұшып, қаңқасы ашылып қалғаны туралы видео әлеуметтік желіні жарып тұр. Олақ қыздың көктеген көрпесіндей, алба-жұлбасы шыққан баспаналар сапасыз құрылыс материалдарынан салынғанын, осы тұрғын үйлерде тұрып жатқан тұрғындардың өздері айтуда. Құрылысты қабылдап аларда көзжұмбайлыққа барған жергілікті әкімдік, бар кінәратты құрылысты салған фирмаға ысырып тастауда. Әр үйдің құны 15-16 миллион теңге тұратын бұл коттеджді, яғни, 620 баспананы салуға мемлекеттік бюджеттен 8,1 миллиард теңге бөлініпті. Тұрғындардың алды 2015 жылдан бастап қоныстанған. Кейбір тұрғындар Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы 20 жылға несие рәсімдеп алғандарын айтуда. Пайдалануға берілген 432 үйдің бесеуін де ғана кемшіліктер бар деген қалалық әкімдік: «мердігер санитариялық ережелер мен нормаларға сәйкес кемшіліктерді, ақауларды өз есебінен жөндейді. Екі жылдық кепілдік мерзімі бар. Бұл әлемдік тәжірибе, құрылыста қателіктер болуы мүмкін» деседі. Сонда екі жылдан кейін кепілдік мерзімі біткенде салынған баспаналардан тағыда ақау шықса оны кім жөндейді. «Іс бітті, қу кетті» деп тұрғындардың өздері жасап алуы тиіс пе?! Қазірдің өзінде, пәтерлерін жөндеп жатқандардың бірі Ерлан Аманбаевтың айтуынша, қабырғадағы түс қағаздарды ауыстырмақ болғанда екі қабырғаның түйіскен жері жарылып, ажырап кеткенін айтуда. Бұл азаматтың тұрып жатқанына төрт жыл болыпты. Қабырғаның түс қағазын ауыстырмаса жарықшақты мүлде білмеген болып шығады. Айына 60 мың теңге несие төлейтін азамат жер сілкінсе үй құлап қалуы мүмкін – дейді. Қыстың көзі қырауда, үйдің не себепті жылымайтынына енді көзі жеткен Ерлан алданып қалғанына өкінуде. Бір ғана Ерланның баспанасы емес, қалашықтағы 45 пәтердің жағдайы осындай. Қабырғалары көгеріп, сылақтары опырылған. Жаңбыр жауса төбелерінен су сорғалайды екен. «Маңғыт аузыңа саңғыт» деп қарғаның ірімшігін аузынан жырып әкеткен құрылыс компаниясынан баспаналарды қабылдап алған «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік компаниясы мердігер компания түс қағаздарын жапсырып жатқанда бақылау жасамаған болып тұр ғой. Бақылау күшті болғанда, көзбояушылыққа барған мердігердің ісі әшкере болатын еді. «Біз қабылдап алғанда бәрі талапқа сай болатын» деп, енді өздеріне кір жуытқысы келмейді.


Айдар Ержомартов, «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының департамент директоры: – Мердігер компания Көкшетау қаласынан. Ашық конкурс арқылы жеңген компания. Көкшетау қаласына хат та жіберілді. Енді сол мердігер компания келіп, тұрғындарға барынша тиісті шараларды жасаймыз,– дейді.
Күн санап құрылыстағы шикілікпен бетпе-бет қалған коттедж тұрғындары шулағанда шауып барып, үйтеміз-бүйтеміз дейтін жергілікті билікке осыдан кейін қайтіп сенім артады. Бір ғана баспананың мәселесі емес, күре жолдың бойына орналасқан қалашықта жаяу жүргіншілерге арналған өткел де жоқ. Ары-бері, қара жолда зымырандай зулаған көліктерден қорқып, жандарында шүберекке түйіп жүргенін айтады тұрғындар. Алматы облысында онсызда жол-көлік оқиғасынан екі күннің бірінде адам шығыны болып тұрады. Баспанасы бүлініп, қара жолдан өткел табалмай, бала-шағасы үшін алаңдаған қалашықтағы тұрғындар сапасыз құрылыстан зардап шегіп отыр.

Айтақын МҰХАМАДИ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ