Сәннен мән кетті

 

«Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек» демекші, бүгінде ағашқа сән берген жапырақ түрін өзгертпегенімен, адам «көркі» күн өткен сайын өзгеріп, түрленіп келеді. Ұзынды-қысқалы, қызылды-жасылды киімнің түр-түрін үстіне ілген бүгінгі жастардың «сән» туралы түсінігі мүлдем бөлек. Батыстың мәдениетіне еліктеп, киім кию үлгімізге жаңалықтар қосқалы біршама уақыт болды. Күнделікті өмірде қазіргі қазақ ұлы мен қызының киім үлгісін бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Кіндігін ашып, қысқа көйлек пен денесіне жабыстырып, тым тар киінген аруларымыз бен гардеробын қыздардың балағы тар шалбар мен гүлді жейдесіне ауыстырған ұлдарымыз да баршылық. Шындығында, жантүршігерлік бейне. Ең ұяттысы, қаншама салт-дәстүрге, үлгі-өнегеге бай халық ұрпағының осындай көрінісі қабырғаңды қайыстырады. Алайда, киімді былай қойғанда, бүгінде әйелдің опа-далабына жағаласатын жігіттердің саны көп.

Шынымен де, қазір өскелең ұрпақтың талғамына, киім киінісі мен ортасына мән бермейтін болдық. Ұлдарымыз ар мен намысты ысырып қойып, нәзікжандыларға еліктесе, қыздарымыз өзіндік «модасын» ер балалардың үлгісіне ауыстырған. Косметика десе «ішкен асын жерге қоятын» шетелдік жігіттердің көбін әуеліде тек әлеуметтік желіден көзіміз шалатын. Ал қазір басқа емес, қазақтың қара домалақ балаларының өзі мейкапты мейілінше меңгеріп, опа-далапты қыздардан артық жағып жүргені шындық. Керек десеңіз, әлеуметтік желідегі парақшасына сан мыңдаған оқырман жинап, оларға боянудың қыр-сырын үйрететін  жігіттер  жетерлік.

Бұл жайында психологтар еркектің өзін әйелше сезінуі мен әйелдің өзін еркекше ұстауы – денсаулықтағы кінәрат я гормондық бұзылыстың туа біткенінен болмаса, көп жағдайда психикалық ауытқу емес, жетіле келе қызығушылығына, ортасына қарай қалыптасатынын айтады. Мамандардың айтуынша, бұл – жүре қалыптасатын мінез. Оны дер кезінде байқап, дұрыс бағыттап жіберсе, түзетуге болады екен. Сол себепті де, отбасында ұлды жігітке тән барлық мінезді бойына сіңіре, қызға қырық үйден тыйым жасай отырып тәрбиелеу маңызды екенін естен шығармаған абзал.

Сұлулыққа жаны құмар жігіттер болса, бұл әрекеттерін мамандығы әрі күнделікті нәпақасын тауып отырған жұмысы ретінде ғана түсіндіреді. Ал бәз біреулер мұны батылдыққа баласа, енді бірі жас ұрпақтың санасын улайтын теріс тәрбие деп есептейді. Алайда олардың желідегі парақшаларына тіркелушілердің басым бөлігі жас жеткіншектер екенін ескерсек, олар да ертеңгі күні көргенін қайталап, бетіне бояу жақпайтынына кім кепіл? Еліміздің ертеңін ойлап, намысты ұл, қылықты қыз өсіреміз дегенімізбен, мәні кеткен «сән» тақырыбына келгенде тәртібіміз осалдау болып тұр. Неге?

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ