Шаршауды білмейтін Баян апай

381

Шығармашылықта шаршауды білмейтін Баян ТАҢАТАРОВА апай зейнеткерлікке шықса да журналистика саласынан алыстаған жоқ. Жазары мол журналист бүгінде «Бастау» қоғамдық-саяси апталық газетте штаттан тыс қызмет атқарып келеді.

«Журналист – психолог болу керек. Сұхбат алатын жанның көңіл-күйін бірден сезе білсең, онымен пікір алмасу оңайға соқпақ. Бірде директордың тапсырмасымен белгілі бір мекемеге бардым. Білдей бір мекеменің басшысы мені менсінбеді. Кішкентайлығымды басынды-ау. Бірақ, мен тұтқиылдан сауал қойдым. Бірнеше сөзден құралған сауалым, бастықты орнынан тұрғызып, қара терге түсірді. Мен шошып кеттім. Бірақ, шошынған сәтімді сездірмедім. Үстел үстіндегі суды шашала ішіп, керекті мәліметтерімді беретін болып шешті. Сөйтіп, басшымның тапсырмасын бір сауал арқылы орындап шықтым. Орынды сөз орнын тапты.
Талдықорған облыс болып тұрған кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев іс-сапармен келетін болды. Соған сәйкес бастығымыз түске дейін Президент аралайтын әскери әуе күштері гарнизонға орыс редакциясынан Елена Малыгинаны, ал түстен кейін жаңадан ашылған екі зауыттың жұмыс барысы таныстыру рәсіміне қазақ редакциясынан мені жіберді.
Басқосу үйреншікті тілмен орысша екі зауытты таныстырды, Елбасымызда орысша басталған әңгімені орысша өрбітіп әкетті. Жарты күн жүгіріп жүріп түсірген ақпаратымыздың бәрі орысша. Бәрін кадрден тыс аударып, оны дыбыстау керек. Ал эфирге небәрі бір сағат қалды. Етек жеңімді жинап:
– Президент мырза, кетеріңізде талдықорғандықтарға жылы лебіңізді білдіріп кетпейсіз бе?- дедім.
Ол кісі бетіме бажырайып бір қарады да: «Бағанадан бері кіммен сөйлесттім? Талдықорғандықтармен сөйлескен жоқпын ба? Әлде, аз болып қалды ма?» деп біртүрлі көзқараспен қарағандай болды. Сасқанымнан мен де қалыспадым: « Әрине, аз сөйлеген жоқсыз. Бірақ, сіздің Талдықорғанда да қазақ тыңдармандарыңыз бар» дедім. Өзім іштей мына батылдығымнан шошып қалдым. «Жоқ» десе біттім» дедім ішімнен.
Бес-он секундтай ойланып қалған Президент бетіме қарап тұрды да:
«Онда дайындал, қазақша айтып кетейін» – деді.
Сөзге шешен Елбасы талдықорғандықтарға жылы лебізін білдіріп қоштасты. Сол бейнетүсірілім жеке мұрағатымда әлі де сақтаулы тұр.
Журналист мамандығы бойынша газет пен телебағдарламаны қатар ала білген нәзік жанның бойындағы шынайлық пен қайсарлықты байқамау мүмкін емес. Жұмысқа уақытылы келіп, уақытылы тапсырма орындауымен көзге түскен Баян апайдан үйренеріміз мол. Мерекеңіз құтты болсын, ардагер апай!

Ардагүл ӘСКЕРБЕК

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ