Шекарасыз медицина

0
1235

Медицина  саласындағы  халықаралық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға мекеме директоры Анарбек Монголдың арнайы шақыруымен Хельмир клиникасының хирург-ортопед-дәрігері  Хакан Дюлгер және Liv hospital желісінің директоры, профессор Чагтай Өзтүрк (Түркия) келді.

Аурухана директоры айтқандай,  бұл  шақыртудың басты мақсаты  –   аурухана  дәрігерлері мен  түрік  медицинасының  дәрігерлері арасында тығыз қарым-қатынасты нығайта отырып, тәжірибе алмасуға, байланыс жасауға зор мүмкіндік.

Кездесу барысында қонақтар емхананың нейрохирургиялық және травматологиялық бөлімдерін, сондай-ақ балалар ауруханасының хирургия бөлімін аралап көрді. Медициналық мекемелерді аралауда түрік дәрігерлері Талдықорғанға барар  алдында  мұнда  жүргізілетін түрлі жоғары технологиялық  хирургиялық  араласулар  туралы  естігендерін  атап  өтті. Енді,  мұны өз көздерімен көруге тамаша мүмкіндік алды.

– Расында да қыруар жұмыстар атқарылуда, сіздердің медицинаның дамуына зор үлес қосып жатқандарыңызға көз жеткіздік, – деді Хакан Дүлгер қазақстандық әріптестеріне сөйлеген сөзінде. – Операцияда тәжірибе алмасу өте маңызды деп есептейміз. Түркия әрқашан ынтымақтастыққа ашық және бұл біздің соңғы кездесуіміз емес деп үміттенеміз.

Әріптесінің сөзін жалғап, шынайы алғысын білдірген  профессор Чагтай Өзтүрік: – Қазақстандық мамандарды Түркияға тегін оқуға шақырғымыз келеді, – деді.

Өз кезегінде, Талдықорған қаласындағы  облыстық аурухананы жамбас және тізе буындарын эндопротездеу травматология және ортопедия орталығы, кеуде қаңқасының жамбас сүйектерінің күрделі сынықтары полижарақатының орталығы деп сеніммен атауға болады. Тек 2010-2022 жылдар аралығында осындай  3300-ден астам ота жасалды. Буындарды ауыстырумен қатар ірі буындардың артроскопиясы да жүргізіледі. Ірі буындарды ауыстыру операциялары үнемі өтеді.

– Біз үшін сапалы медициналық көмек көрсету, адамды толыққанды өмірге қайтару өте маңызды. Ол үшін емдеудің ең озық әдістерін енгізуге тырысамыз. Осы тәсілдің арқасында жамбас және тізе буындарын эндопротездеу, тізе артроскопиясы сияқты жоғары технологиялық операциялар сәтті енгізілді. Өзіміз де оқып, жас мамандарды да оқытып, Н. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми және ортопедия орталығының жетекші мамандарын, ресейлік мамандарды шақыртып үнемі шеберлік сабақтарын өткіземіз.  Ендігіде  біздің дәрігерлер Стамбулдағы ең жақсы клиникаларға мамандануға бара алады. Мұның бәрі ел денсаулығын ойлау жолындағы басты қадамдар,  – деді  облыстық  аурухана  директоры Анарбек Монгол түрік әріптестерімен кездесуде.

Сонымен қатар, ауруханада соңғы үлгідегі ангиографиялық қондырғының орнығуымен жаңа перспективаларға жол ашылуда.  Айта кету керек, ауруханада алғашқы ангиографиялық оталар жасалып үлгерді.

Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың баспасөз қызметі.


ПІКІР ЖАЗУ