Ізгілікпен өрілген «Ізгілік тамшысы»

34

Сөз өнері – киелі өнер… Жазушылыққа бет бұрып, оған келу деген – оңай дүние емес.  Бұл  үшін  де  адам бойында ерекше дарын болуы  керек. Жазушы жасампаздығы – тамшылаған ізгіліктің көркемдік деп аталатын шексіз, шетсіз әлемге тартқан ұзақ сапары. Көзге көрінбес адам жанының сан түрлі құпиясын ашуға, қаламгер – тамшылаған тер, үлкен еңбек пен талантын сарп етеді.

Жақында журналист-жазушы Назым Дүтбаеваның «Ізгілік тамшысы» атты тұңғыш жинағы жарық көрді. Осыған орай  күні кеше Талдықала төрінде, М.Тынышпаев атындағы Өлкетану мұражайында жаңа кітаптың таныстырылымы болды. Әдеби шара  Janr Ádebı Klýby-ның ұйымдастыруымен оқылым форматында өтті.

Кеште жаңа кітаптан алынған  «Бейсенханнан қалған белгі» атты әңгімесі  оқылды. Әдеби шараға  жиналған қауым керемет күйге бөленіп сала берді. Әсіресе, шығарманың  жетіген үнімен әрленуі тіптен өзгеше, әңгімені  нақышына келтіріп оқыған  Гүлбақыт Қасен, Сағыныш Намазшамова, Торғын Тұрлыбаева және Айғаным  Айтақынның үні  тыңдарман құлағының құрышын қандырды десек болады.

Жазушының алғашқы жинағының тұсаукесеріне әдебиетте жүрген ағалар мен әпкелер, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, бірге жұмыс істеп жүрген әріптестері, жанына жақын достары мен шығармашылығымен таныс оқырмандар келді.

Оқылымнан кейін «Сыр сандық» бөлімі бойынша авторға арналған сауалдар қойылды. Оның ішінде қаламгердің шығармашылығына байланысты, өмірдегі ұстаным мен қағидаларға байланысты сұрақтар жасырылыпты. «Өзіңіз әдеби ортада жүрсіз, шығармаларыңыз неге аз?» деген сауалға жазушы: «Жазушылар одағына 21-22 жас шамасында бардым десем қателеспеймін. Ол жерде поэзия бөлімінде марқұм Әмірхан Балқыбек,  Думан Рамазан деген ағаларыммен бір кабинетте отырдым. Сол кездерде Құрман ағаның алдында өте көп проза, ал, Әмірхан ағамның алдында биіктігі үш қатар поэзия жататын. Ол кісілер кейде поэзия мен прозаны іріктеуді маған тапсырады. Шығармаларды іріктеп отырып, сонда поэзияны оқығаннан кейін талғам деген дүниенің соншалықты аласарып кеткенін және поэзияға келгенде талғаммен келмесең болмайтынын түсіндім. Неше түрлі өлеңдерді оқыдым, оның ішінде ақ өлең де болды, өлең деуге келмейтіндері де бар еді. Соларды көргеннен кейін ойым өзгергендей болды, сондықтан өлең жазбай кеттім… Ал прозаны іріктеуден өткізуге шынымды айтсам, шама-шарқым келген жоқ. Одан кейін мықты әдебиет майталмандарының арасында жүргендіктен тартыну көбірек болып, журналистика саласымен айналысып кеттім. Кейін алдыңғы аға буын Жұмабай Шаштайұлынан біраз нәрсе үйреніп, прозаға сәл икемделген шығармаларды жаза бастадым»,  – дейді қаламгер.

Автор қанша уақыттан бері әдебиет әлемінде жүрсе де, алғашқы жинағын енді жазып шығуы, оның  бұл салаға немқұрайлылықпен қарамағанының белгісі екенін ұқтық. Сөз қадірін түсіне білетін адамға жауапкершіліктің салмағы қашан да ауыр.

Әңгіме оқылып, түрлі сауалдар қойылған әдеби кештің үшінші бөлімі аға буын өкілдерінің ақ-жарма тілектерімен өрбіді. Алғашқы сөзді І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұстазы Дәулеткерей Мәлік алды:

«Назым Дүтбаеваның шығармашылығына байланысты осы кездесуге келдік. Мен өзім өте керемет әсер алып отырмын. Біз әңгімелерді көп оқығандықтан ішінен бір көркемдік іздейміз, мен сондай күйде болдым. Ал осында келгенде мына жинақты оқып отырған әпке-қарындастарымыз дәл сол мен іздеген көркемдіктің бәрін әсерлі жеткізді. Оған өздеріңіз де куәсіздер.

Назым – ең біріншіден, шығарма-шылықтың адамы, жаны нәзік. Бұл кісі әйел заты болғандықтан қоғамда болып жатқан оқиғалардан тыс қалмағаны білініп тұр. Төрт туындысын да алып қарасаңыздар, іздейтіні бір элемент, бұл – әйел бақыты. Өзінің жанына батқан бір дүниелерді қаламынан туындатып, қоғамда өзіндік үлесін қосу үшін талпыныс жасайды. Мен бұл кісіге сын-пікір айтқаннан гөрі, осы шағын жинағы арқылы қоғамға қандай үлес қосқанын айтуды жөн көрдім. Назымға алғыс білдіргім келеді. Алыстан алмай-ақ қоғамдағы болған және болып жатқан оқиғаларды жай ғана суреттеген», – деген ол осы туындыны оқыған жандар өздеріне бір ой түйсе екен деген ниетте.

Қанша адам болса, сонша түрлі пікір болады. Мұнда жиналған оқырман да өзінше бір ой түйгені анық. Кештің келесі сөз кезегі жазушы Асхат Өмірбаевқа берілді.

«Назым ханымның төрт әңгімесін де бірнеше қайтара оқып шықтым деп айтуға болады. Әңгімеге арқау болған тақырып ананың тағдыры, әйел бақыты, ұрпақ тәрбиесі. Қазіргі таңда мансап қуып, бала тәрбиесіне көңіл бөлмеген кей әйел затына мына әңгіме ой салар деп ойлаймын.

Мен әріптесім секілді туындыда бәрі жақсы деп айта алмаймын. Өйткені   автордың әңгімелерінен публицистикалық сарынды байқадым. Кей жерлерде ойын жеткіземін деп құрғақ баяндауға да кетіп қалған сәттер бар. Бірақ көркемдіктен ада деп те айта алмаймын. Тек келешекте тағы әңгіме жазып жатса, осы тұсын ескерсе екен деймін. Ал оқырманға баяндаудан гөрі, оны кейіпкердің мінез-құлқымен көрсет-кені жөн деп ойлаймын. Журналистика саласында істегендіктен прозаға бет бұру қиындықтар тудырады. Біз  керемет жазушымыз деп айта алмаймын, қателік бәрінде болады. Мен шын жанашыр ретінде осындай кемшіліктерді қайталамасын деген оймен айтып отырмын. Қадамыңыз сәтті болсын!», – деп өзінің азғантай сынын айтып, жазушыға сәттілік тіледі.

Автор әңгімесін жазуда кеудесіндегі сезім мен сырды көптің көңіліне мейлінше әсерлі жеткізудің сан алуан жолын іздеп, тыным-сыз еңбектенгені шығармадан байқалады. Ондағы әрбір деталь сонау ұмыт қалған баяғыдағы салт-сананы оқырманға ашық түрде, қарапайым, жеңіл тілмен жеткізеді.

Әдеби кешті облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін қорытындылады:

«Назыммен осы уақытқа шейін араласып көрмедім. Оны тек әлеуметтік желідегі жазған-сызғандарымен, қоғамда болып жатқан өзгерістерге айтып жүрген жүрек пайымдары арқылы білемін. Содан ойлайтынмын, тілі бай, ойы анық, өзіндік азаматтық позициясы бар, ұстанымы берік осы бала жазушы болу керек қой деп. Мына кітаппен бүгін танысып отырмын. Айтарым, мен шала шатыстырмаған екенмін. Шараға келер болсақ, ұйымдастырған азаматтарға да, әңгіме оқыған қыздарға да, тіпті, әңгімені сүйемелдеп отырған қызға да алғыс! Мына жерде,  мына лирикалық туындыны естіп, орнымыздан тұрып Абайдың әнін шырқап кете жаздап отырдық. Адам өсуі үшін осындай орта керек. Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады дейді. Кез келген адамды маңдайынан сипап отырып, сипай қамшылай отырып, жайлап жеткізу керек. Осындай жанашырлық, достық ақ-жарма пейілмен айтылған дүние өзінің нысанасына тиеді. Шығармада публицистикалық сарын бар дейсіздер, қазір мына өмірдің өзі публицистика болып кетті ғой. Адамның өзінде көркемдік азайып бара жатыр, маған қоғамның өзінен көркемдікті тауып берші?! Назым элементті қосайын деп қоспайды, ол өзінің мамандығы, оның ойында осы сарын жатыр, ал оны саналы түрде қоспауға ұмтылса – таза классик болады. Мынадай табиғатпен қаншама туындыны дүниеге әкелуге болады. Енді, Назым осындай кештен кейін серпіліп қолындағы қаламын ары қарай да ұстайтын болса, ғаламат жазушыға айналары анық» – деді ақын  ағамыз  ағынан жарылып.

Жазушының қаламынан туған көркем әңгіме көп емес. Осы шағын ғана дүниесінде аз болмаған көркем ойларын шеберлікпен жеткізген автордың жинағы өзіндік стилімен құнды. Мұндағы қаламгердің шеберлігі – көркем ойды ұсынуда ғана емес, сол ойды оқырман түйсігіне жеткізе білуінен көрінді.

Әдеби кешке жиналған оқырман қаламгерге сәттілік тілеп, алдағы уақытта мұнан да шоқтығы биік шығармаларды күтетіндерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.

Арайлым НҰРЖАПАР

 

 

 

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ