Қонаев ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

35

Біртуар тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек ері Дінмұхамед Қонаевтың есімі ресми түрде Қапшағай қаласына берілді. Қаланың салынуы мен онда көрікті көлдің пайда болуына Дінмұхамед Ахметұлының тікелей қатысы бар. Өзі жетекшілік жасап жүріп әсем қаланы тұрғызды. Қапшағай қаласының ғана емес, еліміздің көркеюі жолында аянбай тер төкті. Мемлекетімізді көрегендікпен басқарып, ел дамуына төте жол салды. Міне, осындай ұрпақтан-ұрпаққа үлгі боларлық тарихи тұлғаны қалай әспеттесек те жарасады.

Осы орайда Талдықорған қаласында мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алу шарасы өтті. Онда облыс әкімі Қанат Бозымбаев біртуар тұлғаның ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына тағзым етті. Жиналған көпшілік алдында сөз сөйледі.

Қайырлы күн, құрметті қауым! Елордадан сүйінші хабар жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілді. Осыған орай, мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек ері – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың құрметіне арналған еске алу шарасына жиналып отырмыз. Талдықорған қаласында арнайы ғылыми-практикалық конференция өткізіледі. Қапшағай қаласының атауы Қонаев болып өзгеруі – Дінмұхамед Ахметұлының елге сіңірген қызметіне, қаланың негізін салушы ретіндегі ерен еңбегіне берілген лайықты баға деп санаймыз. Бұл – тарихи әділдік. Осы орайда, зиялы қауымның қатысуымен біз алдымыздағы 8 мамыр күні Қапшағай қаласында үлкен жиын, мерекелік шара өткізіп, айтулы оқиғаны ерекше атап өтетін боламыз. Қонаев қаласы атауының ауысуы, қаланың жаңадан бой көтеруіне леп беретін бірегей бастама. Биыл Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 110 жыл. Жыл басынан облысымызда атаулы іс-шаралар өтуде. Дінмұхамед Қонаев халық үшін адал еңбек етіп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Есімі аңызға айналған ардақты тұлғаны халқы ешқашан ұмытпайды. Тарихи тұлғалардың артында қалған мұрасын жеткізу кейінгі өскелең ұрпаққа абыройлы парыз. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Баршаңызды осы тарихи сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді  облыс басшысы.

Бұдан соң облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып, Қапшағай қаласына Қонаев есімін беру турасындағы көптен бері көптің көкейінде жүрген үлкен бір істі жүзеге асырып отырған ел Президентіне алғысын жеткізіп, еліміздің ары қарай гүлденіп, өркендей беруін тіледі.

Шараға жиналған көпшілік Дінмұхамед Ахметұлының тау мүсініне қарап, гүл шоқтарын қойып, елі үшін тер төккен тұлғаның еңбегі мен өнегелі істерін тебірене еске алды.

Қуанышты сәттің куәсі болған Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ҚР білім беру саласының үздігі Жұмабала Балақаранова: «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жол-дауда көтерген ең үлкен бір мәселесі – Алматы облысын екіге бөлу жайы болды. Облыс үлкен болғандықтан басқаруға да қиындық туғызып келгені рас. Оның бір шетінен екінші бір жағына жетудің өзі қиын. Сол себепті бұл өте бір көрегенді шешім болды деп ойлаймын. Президентіміз Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру туралы да ұсынысты да  бірауыздан қолдады. Ол кісі қандай құрметке де лайық. Еліміз үшін жасап кеткен еңбегі ұшан-теңіз. Қашанда көпшіліктің жадында, ел есінде тұрады. Соның бір дәлелі – бүгінгі шара»,  –  деп пікір білдірді.

Ал отставкадағы полковник, Талдықорған қаласының тұрғыны Қалибек Қалдыбаев: «Мемлекетіміздің іргесін қалаған бірден-бір тұлға – Дінмұхамед Қонаев. Оның қазаққа сіңірген еңбегі зор. Мұны жастар, келер ұрпақ ұмытпай, біліп жүруі керек. Ол үшін мына ескерткіштің астына сіңірген еңбегі, атақ-даңқы, мәртебесі жазылуы тиіс. Өзім бірнеше мәрте Дінмұхамед Ахметұлымен жұмыс бабында кездесіп, көзін көріп, өнегелі сөзін естідім. Басшымын деп бәлсінбей, балаға да, қарияға да қол беріп амандасып, кішілігі мен кісілігін таныта білетін. Әлі күнге дейін сол өнегесін жадымда сақтап,  ұрпағыммен келіп ескерткішіне тағзым етіп тұрамын. Қапшағайды салып жатқан кезде біз жас мамандар едік. Көпірден бастап қаланы тұрғызғанда таңертеңген кешке дейін жүретінін көзбен көрдік. Бүгінде Қапшағайдың Қонаев қаласы аталып жатқанына дән ризамыз. Бұл ұрпақ үшін де өнегелі іс», –  деп лебізін арнады.

А. ЕСЕНБАЙ.

Суретті түсірген:

Ж. МҰСАБЕК.

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ