Қоқысқа толы қала

1291

«Тазалық – саулық негізі» деген  ұғым  санаға сіңірілгенімен,  әлі де  тазалыққа  салғырттық танытындар көп.  Мұны неге айтты демеңіз. Соңғы  кезде қаламыздағы   орталықтан тысқары көше бойларында қапқа салынып үйілген қоқыстарды көз шалып  қалып жатады. Апталап емес, айлап жатып қалатын   қоқыс салынған қапшықтарды көшедегі бұралқы иттер мен мысықтар жыртып, оның ішіндегі  тұрмыстық қалдықтар шашылып,  айналаны ластап, қала көркін қашыруда. Ал мұны  жасап  отырған  өзіміз. Яғни, аула сыртына тұрмыстық қалдықтарды шығарып тас-тап, дым болмағандай жүре береміз. Неге, себебі, мұны қадағалайтын көз  жоқ. «Сен тимесең, мен тиме бадырақ көз. Көзіңді бадырайт та отыра бер» деген көзқарас орнағандай ма дейсің…  Қалай дегенмен, тазалық тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде орнайды. Кейбір шет мемлекеттерде титімдей ғана қалдық тастасаңыз қалтаға салмақ салар айыппұл төлейсіз. Ал, бізде бірнеше көлікке жүк боларлық қоқыстар  көп. Егер дәл осылай жүре берсек,  қоқыстан көз ашпайтын елге айналмасымызға кім кепіл? Әріптесім Қажет (А) айтқандай, шынында да  біз   экологиямызға зиянымызды тигізіп, табиғатты бүлдірудің шеберіне айналдық. Бабаларымыз  керемет таби-ғатты тарту етті, ал біз кейінгі ұрпаққа  полигон толы қоқысты қалдырып барамыз. Әлбетте, көше бойындағы қоқыстардың жиналып қалуына тұрғындардың  өзі кінәлі. Бірақ,  бұл мәселеде  тазалықты талап ететін «СЭС» қызметі қайда қалып қойды?!  Белгілі журналист Оралхан Дәуіт ағамызша  айтсақ, шынында да бұрын СЭС деген мекеменің сесі сұмдық еді. Тазалықты талап ететін СЭС  алатаятқы «МАИ» -дай көрінетін-ді. Тазалық пен талапқа жауапты санитарлық эпидемиологиялық қадаға-лау басқармасындағылардың құзіретінің күшті болғаны соншалық «СЭС тексеріп, айыпппұл салдырыпты» деген әңгімелер де ел ішінде желдей есетін. Ал қазір  оның қызметі неге шектеліп қалды? Осы орайда қалжыңға сүйеніп айтқан әріптестің сөзі еріксіз ойға оралады: «Қазіргі СЭС қызметі қайда қалды деп қамықпа. Атам заманнан жұрттың санасында жатталып қалған СЭС-тің жұмысын  қазір аты басқа бір мекеме жалғастырып келеді. Сондықтан, оның аты  ғана емес, жұмысы да түбегейлі өзгерген. Бары сол». Солай  екен ғой деп келісе салғанмен, тазалық деген   бей-жай  қа-райтын мәселе емес қой.  Және ол күн тәртібінен түспеуі тиіс…

Қалай айтсақ  та,  қоғамдық  маңызы бар мәселелердің бәрі  тиісті органдардың назарынан  тысқары қалып бара жатқандай. Неге?

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

Бөлісу:
ТегтерНЕГЕ?

ПІКІР ЖАЗУ