Құралайды көзге атқан ФАРИЗА

556

Мергендік те – өнер. Өңірімізде көздеген нысанаға дәл тигізетін шебер атқыштар қарасы көп-ақ. Солардың бірі – 18 жастағы Нұрым Фариза Нұркенқызы. Ол – Панфилов ауданына қарасты Көктал ауылында дүниеге келген. Фариза ең алғаш садақ атуды 14 жасында бастаған. Өзінің жарыстағы шеберлігімен 2016 жылы садақ атудан ашық Халықаралық сайыста І орын, Қазақстан Республикасының чемпионатында ІІІ орын және аудан, қалаларда бірнеше жетістікті бағындырған мерген қызбен тікелей тілдесудің сәті түспесе де телефон арқылы әңгімелесудің реті туды.

Негізінде, мұндай спорт түріне қара күш иелері қызығушылық танытып жатады. Сенің бұл спорт түрін таңдауыңның себебін немен түсіндірер едің?
–Үнемі осы сұрақ алдымнан шығады. Бұл спортқа келуімнің басты себепкері болған – ағам. Бірде ол мені Алматыға шақырды. Әсем шаһардағы 7- сыныптан бастап қабылдайтын садақ атуға дайындайтын оқу орталығына алып барды. Содан бастап осы спортқа қызығушылығым артып, еш ойланбастан жаныма серік еттім.
Садақ ату – мергендік өнердің бір түрі болғандықтан қауіпті тұстары көп. Ертеңгі күні тастап кетемін деп қорықпайсың ба?
– Жарыс кезінде жарақат алған сәттер кездесті. Әрине, бірақ бұл спорт мені көп нәрсеге баулыды. Бойыма сабырлық деген көркем мінезді қалыптастырды. Сондықтан, болашақта өзім тренер болып, шәкірт тәрбиелесем деген мақсатым да бар.
–Дайындыққа қанша уақытыңды арнайсың?
– Бір күннің жартысын… Нысананың шетіне тигізіп алсаң, дәл ортасына тигізу үшін күш жұмсайсың сол арқылы төзімділікті қалыптастырасың.Кез келген қиын жағдайда, тіпті өмірге қауіп төнсе де, жүктелген міндетті мүлтіксіз орындауға дағдыланамын.
– Аз ғана уақыт ішінде көптеген белесті бағындырыпсың. Жеңіске жетудің басты қағидасы неде?
– Бірінші Алланың арқасы. Екінші, ата-анамның ақ тілегі. Жеңіске жетудің басты күші – жаттықтырушының айтқан талаптарын мүлтіксіз орындау. Сонымен қатар, садақ атуда ойыңды тек садақ пен нысана ғана мазалау керек. Көздеу барысында сантиметрмен емес миллиметрмен жұмыс жасаймын. Әрбір оқ – еңбегімнің жетістігі деп білемін.
Осы орайда айта кетейін, 24-30 наурыз аралғында Қазақстан ченпионатында 25+25 метрден (285-291) балмен күміс жүлдені олжаладым. Осы жарыста Қазақстан Республикасының садақ атудан спорт шеберлігін де қорғап шыққанымды мақтанышпен айта аламын.
– Садақ атудан қандай сабақ алуға болады?
– Жалпы әр нәрсені қыз немесе ұлдың ісі деп бөлмеу керек шығар деймін. Әр адам жасаған істі ниетіңіз түзу болса сізде жасай аласыз. «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» деген емес пе. Демек, міндетті түрде жарысқа қатысып, жеңіске жетпесеңізде, жас талғамайтын бұл спортты денсаулығыңыз үшін де хоббиге айналдыруға болады.
–Әңгімеңізге рахмет!

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ
НҰР ЫБЫРАЕВ, жаттықтырушы: «Фаризаның бойында мен күткен қасиеттердің бәрі бар. 2018 жылдан бері бапкері болып, шыңдап келемін. Садақты серік еткен мерген қыз қос батыр Әлия мен Мәншүктің ерлігін бала кезінен үлгі тұтады. Сабырлы, еңбекқор ең бастысы айтқан нәрсені бұлжытпай орындайды. Үнемі алға ұмтылады.
Бұл спорт түрінің қанша қиын сәттері кездессе де орта жолдан тастап кеткен емес. Себебі, Фариза өз таңдауын дұрыс жасады. Мені сабырлық мінезімен тәнті еткен Фаризаның әлі де биік белестерді бағындыратындығына сенімдімін».

Ардагүл ӘСКЕРБЕК

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ