Үт кірді, үтпен бірге құт кірді

117

Күллі мұсылман қауымы үшін, жаңа жыл, жаңа күн, көкорай көктем Әз- Наурыз мерекесі келді. Ықылым замандардан бері сабақтастығын үзбей келе жатқан, салт-дәстүрлерге орай наурыз айы туғанда, атам қазақ «Үт кірді, үйге құт кірді» дейді.

«Үт» – дегеніміз күн сәулесінің үйдің, саңлау тесіктен түскен тозаңдануын қазақ үт кірді деп оны жақсылыққа балаған. Яғни, күн нұрының жердегі тіршілікке жасар игі әсерін бейнелейтін үлкен мәні барын меңзейді. Аңыз-әпсаналарға зер салсақ, күн мен түннің дәлме-дәл теңелер сәтінде көкті жарып ерекше бір гуіл өтуге тиіс екен. Оны да ата-бабаларымыз «әз» деп атаған. Көшпенді қазақ халқы «Оны қой ғана біледі. Егер күндіз өтсе, қой арқылы қойшы ғана аңғаруы мүмкін» деп жорамалдаған. Бұл ерекше гуіл 22 наурызға дейін үш күннің ішінде естіледі-мыс. Сондықтан халық арасында «Әз болмай, мәз болмайды» деген сөз қалған. Үш күннің ішінде тырнақ пен шаш алуға болмайды. Әз өткенде жер көктеп, гүлдер бүршік жарып, күллі тіршіліктің тұла бойына жан бітеді деседі. Ырым-жоралғылармен ұштасып жатқан Ұлыстың ұлы күні, әрі табиғат құбылысына қатысты амалдар да жетіп артылады. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген» шағында, «Көтеремнің аузы көкке жетсе көксау да өлмейді» дейтін халық мәтелінің бір ұшығы осы көктем айымен ұштасады. Қар көбесі сөгіліп, көктен күннің нұры төгіліп, жердің тоңы жібіп, тамырыннан нәр алған тіршілік атаулының бәрі бүрленіп, ару дала жасыл көйлегін киіп, паңданып, сұлулығымен тамсандырған табиғат пен бірге адамзат баласы ырыс пен ынтымақтың ұйтқысы, молшылылық бастауы болған Ұлыстың ұлы күнін айырықша қадір тұтады. Наурыз айындағы жұлдыздың қозғалысына байланысты Наурыз жұмбақ та жасырған. Жеті түрлі тағамнан наурыз көже жасап, данагөйлер мен абыздардың батасын алып отырған. Наурыз айында туған бота, құлын, бұзау, қозы-лақтарды «наурыз төл» деп, тылсым табиғатпен тілін тауып, тамырын басып, жұлдыздарға қарап ауа-райын болжаған бабаларымыз наурыз айында гүлдейтін көп жылдық өсімдікті «наурызшешек» деп атаған. Отамалы – 15 наурызда кіріп, 17 наурызда шығатын амал. Халық арасында «Отамалы, от алғанша, керегенің басын шот алғанша», «отамалы, отамалыдан қалған ата малы» деген мәтелдермен ұштасады. Тәуелсіздік алғалы бері біз бұл мерекенің мән мағынасына терең үңілмедік, Тәлімдік, тағылымдық тамырына зер салмай, Ақбоз үйлер тігіп, көже таратып, баланың тұсауын кесіп, бесікке салып, ағаш егіп, ұлттық киім киюмен ғана шектелдік. Осы олқылықтар-дың орнын толтыру үшін, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. «Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», – делінген құжатта. Концепцияға сәйкес Наурыз мейрамының бес міндеті жүктелген. Алайда, бұл бес міндеттен бөлек, наурызға қатысты толып жатқан рухани құндылықтарды жаңғырту қазақ халқының еншісінде.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу: