Ұлт мұрасын ұлықтаған оркестр

48

Мұқан Төлебаев атындығы халық аспаптары оркестрі қазақ күйінен бастап, классикаға дейін небір шоқтығы биік шығармалардың жұлдызын жағып келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа заманға лайықты өркениетті ел болуға ұмтылыс жолында, қалыптасу кезеңінде оркестр ұжымы үлкен өзгерістерді басынан өткерді.  Музыканың сырлы әлеміне әрбір тыңдарманын жетелеген оркестр  бүгінде 30  жылдық белесті бағындырып отыр.    

Туған  жердің  абыройын асқақтатып, руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің тарихына көз жүгіртсек,  1990 жылы Талдықорған облыстық филармониясының  жанынан өнер қайраткерлерінің атсалысуымен ансамбль құрылды.  1993 жылы   атақты композитор,  КСРО халық әртісі Мұқан Төлебаевтың 80 жылдық мерейтойына орай  ҚР  Министрлер  кабинетінің шешімімен халық аспаптары оркестрына композитордың есімі берілді.  Сол уақыттан күні  бүгінгі күнге дейін  оркестр М. Төлебаевтың баға жетпес құнды туындыларын  орындап,  ұжымның шеберлігін шыңдап, өресін кеңейтуге ықпал етіп келеді.

1997 жылы Талдықорған облысының таралуына байланысты аймақтық филармония қайта құрылды.  Бастапқыда құрамында бірнеше ғана әншілері мен халық аспаптары бар шағын оркестр болды. Осылайша шығармашылық ұжым өнер жолынан өз орнын тауып, музыканың шыңына шыққанша небір сүрлеуден өтті. Оркестрдің құрылуына сол кездегі облыстық мәдениет жөніндегі комитеттің төрағасы  Егеубек Далбағаевтың қосқан үлесі зор, ал тарихи тамыры  Жамағат Темірғалиев ұжымның дирижері және көркемдік жетекшісі болып тағайындалғаннан бастау алып, біржола беки түсті. Оның басшылығымен оркестр халық композиторларының және музыкасының көптеген бірегей туындыларын орындады.

Даланың дарабоз дарыны, музыка өнерінің классигі  атанған Мұқан Төлебаевтың есімін аманаттап алған ұжым ел мақтанышына айналды. Көрерменнің көңіл пернесін дөп басқан өнер ордасы  алыс-жақын шет елдерге таныла түсті. Атап айтсақ, Елорда да өткен  «Серпер» халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды. Болгария мемлекетінде өткен «Софиялық көктем – 2008» халықаралық фестивалінің лауреаты атанып, «Алтын»  медальмен  марапатталды. Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі – 2010» халықаралық фестивалінде жүлделі 1-ші орынның иегері атанды. 2012 жылы ұжым толық құраммен Павлодар, Қарағанды қалаларында гастрольдік сапарда болып, сол аймақтағы өнер майталмандарымен шығармашылық тәжірибе алмасып, бірлестік жасап қайтты. Одан өзге де көптеген дүбірлі додаларда облысымыздың атын шығарып жүрген оркестр Қытай Халық республикасында, Түркияның Анталья, Қырғызстанның  Ош қаласында, Оңтүстік Кореяның Сеул, «Таланты мира» қорының арнайы шақыруымен Мәскеу қаласында өнер көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттады. Оркестр Мұқан Төлебаевтың туған жері Лепсі композитордың туған күніне орай жыл сайын концерт өткізуді дәстүрге айналдырған.

Тарихы терең бұл қарашаңырақты Қазақстанның Мәдениет қайраткері Таңатар Алшабеков,  ҚР еңбек сіңірген әртісі Ғалым Сүлейменов, ҚР Халық әртісі Майгүл Қазтұрғанова  және Тілеуғазы Бейсембеков,  Жамағат Темірғалиев, Ерболат Еркенов, сондай-ақ оркестрдің жиырма бес жылдан астам көркемдік жетекшісі әрі дирижері болып келе жатқан белгілі композитор,  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әли Алпысбаев секілді музыка өнерінің жанашырлары дамытты.

Әли Демегенұлы дәстүрлі өнерді Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шет  мемлекеттерде де паш етіп, үлкен құрмет пен алғысқа ие болған жан. Үлкен ұжымның жағымды жаңалығына қуанып, әрбір күйінішіне бірге күйініп жүреді. Ол өнер ордасының басынан өткерген  кезеңді  былайша еске алды:

«Музыка өнерінен ойып тұрып орын алатын оркестр бүгінгі дәрежесіне оңайлықпен жеткен жоқ. Музыка өнеріне жаңадан қадам басқанда оның басы-қасында Жамағат Темірғалиев,  Қарағандыдан арнайы шақырылған Тілеуғазы Бейсембеков секілді азаматтар жүріп, оның құрылып, алға жылжуына мол еңбек сіңірді. Біріншіден, сол уақытта мамандар тапшы болды. Жан-жақтан шақыртумен талай өнер азаматтарын алдырдық. Консерваториядан, өзге оркестрлардан өнерпаздар келді. Олар басқа аймақтардан көшіп келгендіктен тұратын тұрғын үйлері болмады. Барлығын баспанамен қамтамасыз етіп, жағдайларын жасауда  Егеубек Далбағаев, Таңатар Алшабековтар өз үлестерін қосты. Сол кісілердің қолдауымен оркестр өмірге келді. Талдықорған және Алматы облыстарын біріктіргенде, оркестр ғұмырының  болашағы жоқтай көрінетін. Мені сол кезде музыкалық коледжде мұғалім болып жүрген жерімнен шақыртты. Өйткені осы қарашаңырақты ұстап қалатын адам керек болды, көп дирижерлар басқа жақтарға кетті, туған жеріне қайтқаны болды, сөйтіп ұжым маған аманатталды. Осылайша қаншама сүрлеу-соқпақтан өткен оркестрымызды  талай жерлерде мойындаттық. Бүгінде жас мамандар көп келуде. Ал бұрыннан еңбек етіп келетіндер  әрдайым оларға өз ақыл-кеңесін айтып, үйретіп отырады. Қазір таңдай қағып  тамсанатындай, үлкен ұжымға айналдық. Оны біз айтпасақ та, ел жақсы біледі. Оркестрдің деңгейі күннен-күнге өсіп келеді. Өзіміздің жеке репертуарымызда ән дейсіз бе, күй дейсіз бе, симфониялық поэмасы бар 2500-ден асатын туындымыз бар, – деді Әли Демегенұлы.

Расында жыл сайын шығармашылық ұжымның орындаушылық шеберліктері мен көркемдік репертуары көбейіп, толыға түсуде. Олар Сүгір, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Д.Нұрпейісованың күйлерімен, Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсын,  Е. Рахмадиевтің,  Н.Тілендиевтің, К. Күмісбековтың, С. Мұхамеджанов, М. Маңғытаев, Б. Жұманиязов, Д. Ботпаев және басқа да еліміздің белгілі композиторларымен, сондай-ақ шетел классиктерінен В. Моцарт, П.И.Чайковский, Вивальди, Р.Корсаковтың және қазіргі заманғы композиторлардың шығармаларын шебер орындауда. Осындай игі жетістіктерімен топ жарып жүрген оркестрде кәсіби музыканттардың еңбек  етіп келе жатқанының өзі зор мақтаныш. Кейде аспапшылардың сүйемелдеуімен композиторлардың жаңа әндерінің премьерасы да ашылады. Оған мысал, жақында ғана өткен Н. Бекеновтың «Елге сәлем» шығармашылық ән кешіне арнайы қонақтар келген-ді.  Солардың бірі,  танымал  әншілер Қанат пен Светлана Айтбаевтар әулеті. Жетісу жеріне алғаш келіп тұрған өнер иесі Светлана Айтбаевға жерлесіміз, белгілі композитор Әли Алпысбаев «Әке» әнінің премьерасын аштырып, сол туындыны ән  қоржынына тарту етті.

«Жер жәннаты  Жетісуға келіп, сіздердің ықылас, қошеметтеріңізді көру біз үшін зор бақыт. Осындай сұлу табиғат  аясында өмірге келген жандардың тәні де, жаны да сұлу. Мен осындай киелі өңірдің адамдарымен танысқаныма өте қуаныштымын. Сазды кешке дайындық барысын Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрімен жүргіздік. Бұл өңірге алғаш келіп тұрғандықтан, жергілікті оркестрмен де бірінші рет өнер көрсеттім. Өз басым ұжымның шеберлігіне  тәнті болдым. Қайсысы болмасын әуенді жүрекпен сезінеді. Мен де оркестрмен ән айтып тұрған кезде керемет күйге бөленіп, өзімді еркін сезіндім. Небәрі бір күн ішінде дайындалып, оркестрмен шоқтығы биік шығарманы орындап шықтық. Дәл сол сәтте М.Төлебаев атындағы оркестрде кәсіби өнерпаздардың қызмет атқаратынына тағы да көзім жетті.

Әрбір өнер адамы үшін баға жетпес сыйлық  – ол әдемі жаңа ән. Мен де Жетісу жеріне келіп үлкен  олжалы болдым. Әли  Алпысбаев ағамыздың сиясы кеппеген «Әке» атты әнінің премьерасын ашу маған бұйырыпты. Міне, сол шығарманы қоржыныма салып бара жатқан жайым бар. Барша әке атаулыға арналған бұл әннің шоқтығы биік туындылардың бірі болатынына сенімдімін»,  – деп ағынан жарылды ол.

Қазіргі таңда оркестрде 55 әртіс қызмет етеді. Барлығы да  өз ісінің маманы. Олардың шеберлігі тыңдарманды елітіп, халқымыздың бай музыкалық мұраларымен, отандық және әлемдік классикалық озық үлгілермен сусындатып келеді.

Оркестрдің құрылғанына 30 жыл толғанда шығармашылық ұжым үлкен  концерттік бағдарлама мен республикалық дирижерлер шеруін өткізді. Аталмыш мерейтойлық кешке ұжымның шығармашылық қалыптасуына ерекше үлес қосқан зиялы қауым өкілдері мен композиторлар,  дирижерлер, әншілер өнер көрсетті. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының көркемдік жетекшісі, дирижер, композитор, «Парасат» орденінің иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, осы филармонияның симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, Халықаралық байқаулардың лауреаты Берік Батырхан,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық Өнер университетінің доценті Дәурен Ғылымов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор, дирижер Жамағат Темірғалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев,  ҚР еңбек сіңірген әртісі Жалғасбек Бегіндіков, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген, М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының А.Тарақұлы атындағы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және Бас дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Рахат Мадреев, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының Р.Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптары оркестрінің Бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Талғат Кәрімов, Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Ерлан  Бақтыгерей, Өзбекстан Республикасының халық әртісі, профессор Фарух Садыков, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Меир Байнешов, Халықаралық байқаулардың лауреаты Асем Сембина сынды өнер майталмандары қатысты.

«Өнер жолында жүргеніме 40 жылдан асыпты. Соның ішінде 90-шы жылдан бастап  М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің әртісі болып келемін. Оркестрде ән айтып, туынды орындау оңай шаруа емес. Артыңда қаншама адам сүйемелдеп тұрғанда, оларды сезінуіңнің өзі – үлкен жауапкершілік. Шығармаң жақсы орындалса, жаның сүйсінеді. Оркестрдің арқасында менің де репертуарым  өсті. Біздің оркестрдің ерекшелігі  –  ұжыммен бірлесіп сонау Кеңес  одағының халық әртістері, атақты дирижерлер бірге өнер көрсетеді. Менің мақтанатыным да сол, себебі атақты дирижерлермен жұмыс істеу кім-көрінгенге бұйыра бермейді.  Кейде өзімнен кейінгі өсіп келетін вокалистерге ақылымды айтып отырамын.

Бүгінде біздің оркестрді бәрі біледі. Бұл да болса, осы күнге дейін жетелеп келетін  Әли  Демегенұлының және ұжымның шеберлігінің арқасы деп білемін», – дейді  Халық әртісі  Оралбай Мұхамадиев.

Оркестрдың әрбір жетістігінің артында мықты дирижер, күміскөмей әнші және соның барлығын сүйемелдеп отыратын үлкен ұжым бар. Ұзақ жылдан бері онда талмай қызмет етіп келетін  жандардың еңбегі ерен.

Мұқан Төлебаевтың салған сара жолымен ұлттық музыка өнерінің мерейі мен мәртебесін асырып жүрген айбынды оркестр күн өткен сайын мәдениет тарихында желкенді кемедей боп, жарқырай бермек!

 Арайлым НҰРЖАПАР

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ