Ұстаз болу – үлкен бақыт

0
995

Ұстаз болу – бала жанының бағбаны болу.  Баламен бірге ойнап, бірге күліп,  сабақ үйретіп, оның жүрегіне жол табу.  Шәкірті айтқанын іліп алып кетіп, өзінің кәдесіне жаратса,  ұстазға одан  артық  жетістік  жоқ. Баланың тұлға болып қалыптасуына жол нұсқайтын ұстаздардың орны бөлек.  «Мейірім» шығармашылық орталығында  осындай ұстаздар қатары көбейіп,  дарынды балалар саны арта тусуде.

Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының тумасы  Қуаныш НҮКІШЕВ. Ол 1998 жылы Алматы қаласында орын тепкен  Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебін бітіріп, 2002 жылы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясын (домбыра) тәмамдады.   Кейін  мамандығы бойынша Құрманғазы атындағы халық оркестрінде,  2004-2013 жылдар  аралығында  білім саласында және 2013 жылдан  бастап,  Алматы облысы Сүйінбай атындағы филармонияның  «Сазген» фольклоры-этнографиялық ансамблінде аспапшы болып еңбек етті.  Бүгінде  Қуаныш Нүкішев  «Мейірім» шығармашылық орталығында балаларға домбыра үйірмесінен сабақ беруде.

– «Мейірім» орталығында қызмет атқарып келе жатқаныма үш айдың жүзі болды. Қазіргі өсіп келетін жас буынның домбыраға деген құлшынысы өте зор. Оқушыларыма әрқашан да құлақпен тыңдай отырып, есте сақтаңдар деп отырамын. Себебі, құймақұлақтық тәсілі  тез үйреніп, тез жаттауға көмектеседі. Солайша әрбір сабақта бір күйден үйреніп отыруға тырысамыз. Оқушылардың үлгерімі жақсы, барлығы қабілетті.  Қазақтың қасиетті аспабының ұмытылмай, керісінше көптеген баланың қызығушылықтарының артып жатқанына ризамын,  – деп ағынан жарылды ол.

Иә, қаншама ғасыр   қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, қиын-қыстау күндеріне куә болған домбырадан артық халықтың күйін шертіп, мұңын айтар не бар? Оның бойында күллі қазақтың тарихы, мұң-зары, қуаныш-қайғысы, өткені мен бүгіні бар. Сондықтан да болар қай үйге кіріп барсаң да қасиетті домбыраның алар орны – төр. Бұл бір ғана музыкалық аспапты ғана емес, күллі казақты, тарихыңды құрметтеу.

Әр адам мамандық майданына әр түрлі жолмен келеді.  Бірін бала кездегі арманы жетелесе, енді біріне мамандықты тағдырдың өзі таңдап береді. Біздің кейіпкеріміздің де  ұстаздық жол маңдайына жазылған тағдыры десек қате айтпаймыз. Себебі,  әр баланың сабақтан бір түйір дүние үйренуіне өзіндік үлесін қосып жүрген ұстаз оқушыларына бар білгенін үйретуден аянбай келеді.

–  Екі ішектен ғана тұратын музыкалық аспаптың ерекшелігіне шынымен де таңданасың. Одан шыққан әсем әуеннің осынау екі ішекті аспаптан тарап жатқаны қайран қалдырады. Домбырада ойналатын күйдің ерекше қоңыр үні бар. Ол ет жүрегіңді елжіретіп,  көзіңе қазақтың кермиық даласын, дархан көңілін елестетеді. Оны ести отырып еліксіз елтисің, еріксіз әуенге берілесің, – дейді музыка маманы.

* * *

«Мейірім» орталығындағы  тағы бір білікті маман – Елена ЖИЕМБАЕВА. Алматы облысына  қарасты  Сарқан ауданында дүниеге келген  кейіпкеріміз Н.Островский атындағы орта мектепті бітірген соң Жетісу экономикалық институтына оқуға түсіп, артынша Жетісу мемлекеттік университетіне ауысып, 2011 жылы жоғары оқу орнындағы  дизайн мамандығын тәмамдайды.

Оқуын бітірген соң  мамандығы бойынша түрлі тапсырыстар қабылдап, көптеген балабақшаның  безендіру жұмыстарын жасапты. Ал, оның  сурет салуға деген  ынтасын   анасы  мен ұстаздары ашқан. Себебі, анасы  бос уақытында сурет салумен айналысыпты. Күнделікті  сурет салатын  анасына  қарап  оның сурет әлеміне деген қызығушылығы артқан.

2021 жылдың  желтоқсанынан  бастап ол Өтенай ауылындағы «Мейірім» шығармашылық  орталығында сурет салу үйірмесінің жетекшісі болып қызмет  етті. Қазіргі таңда  «Мейірім»  орталығының бас корпусына ауысып, сол жерде еңбек жолын жалғауда.

Маған оқушыларымның көңіл-күйіне қараған өте ұнайды. Бұл эмоцияны ештеңемен алмастыра алмайсың. Олардың «мәссаған» деген бір сөзінің өзі мені ары қарай алға жылжуға жетелейді. Іштей өз-өзіме «демек мен жақсы үйретіп жатырмын ғой» деп қоямын. Мен үшін  балалардың бәрі бірдей, оларды бөліп жармаймын. Әр оқушымның  өзінің мінезі, сурет салудағы жеке қолтаңбасы бар. Әрқайсысының ішінен кімнің қандай деңгейге жететінін, кім өзіне берілген жұмысты атқара алатынын,  ал кімге қиындық тудыратынын  біліп отырамын.  Жалпы айтсам, оқушыларым өте жақсы, қолдарынан барлығы келеді.

Сурет салу деген мен үшін  –  іштегі сезімді шығару. Өз басым  толық бір күн табиғатты салуға уақыт арнай аламын, ал екінші күні жан-жануарларға немесе аң-құстарға көңіл бөлемін. Бұл  дегеніміз – қоршаған ортаға деген махаббат. Міне, осы сезімді оқушыларыма да барынша жеткізгім келеді. Сурет өнері – сөзбен айтып жеткізе алмайтын, жұмбақ әлем және үлкен тер төгерлік еңбек. Жұмысыңды жоғары деңгейде аяқтасаң,  келесісін жақсы көңіл-күйде  жасап кететіндей үлкен күш аласың. Осының барлығын  балаларға жеңіл тілмен түсіндіруге тырысамын. 

Меніңше, баланы кішкене кезінен  бастап ішкі сезімге, махаббатқа құштар болуға үйрету керек. Сонда ол жеткіншек болып өскенінде артынан із қаларлық  ұлы дүниелерді  жасай алады, –  дейді  суретші Е. Жиембаева.

Ұжымды ұйыстырып  ұстап, оқушының ойындағысын дөп басып айтып, шәкірт болашағының жарқын болуын қалайтын ұстаздар жұмыста ғана емес, ел ішінде, ағайын-туыс ортасында да абыройлы. Телегей теңіз секілді білімімен ғана емес, өң бойындағы өздеріне тән ерекше мінездерімен де оқушыларға үлгі. Осындай ұстаздары тұрғанда орталықтың қандай шәкірті болмасын үлгілі,  дарынды болып қалыптаса бермек.

Дайындаған: А. НҰРЖАПАР.


ПІКІР ЖАЗУ