Әлемдік деңгейдегі бассейн

1238

Талдықорғанда су спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыс кесте бойынша жүргізілуде, бассейн осы жылдың шілдесінің соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Әлемдік деңгейдегі жүзу бассейні Талдықорғандағы «Жастар» саябағына жалғаса, жаңа оңтүстік-батыс тұрғын аймағында орналасқан. Олимпиадалық стандарттарға сәйкес бассейннің алаңы 27 мың шаршы метрді құрайды. Тағы бір ерекшелігі – сәулеттік кейпі балық сұлбасына ұқсаған. Бассейн күніне 750 адамды қабылдайды.
27 мың шаршы метрді құрайтын алаңда төрт бассейн бар, оның екеуінің ұзындығы 50 метр және ені 25, сонымен бірге суға түсуге арналған балалар бассейні орналасқан. Жабық бассейн жертөлесі бар үш қабатты ғимарат болмақ. Әмбебап бассейн жүзу, аквааэробика, судағы шөген, суға секіру бойынша оқу-жаттығу өткізуге, балаларды жүзуге үйретуге, сол сияқты көрермендердің қатысуымен өтетін жарыстарға арналған. Көрермендер трибунасына 2 мың адам сияды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да жүзумен айналысуына жағдай жасалады. Орталықта жаңадан келгендерге арналған арнайы «ванналар», медициналық пункт, «құрғақ» жүзу залы, спортзал, буфет және т.б қарастырылған. Жобаны әзірлеу кезінде оның әмбебаптығы мен қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлінген.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

Бөлісу:
ТегтерЖҮЗУ