Әлемі бөлек ақын

0
1575

 Еліміздегі  орын алған жағдайға орай қазір әрбір мекеме қызметкерлері  үйден шықпай, онлайн  форматта   жұмыс жасауда. Соның қатарында С. Сейфуллин  атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері де бар.  Сәуірден бастап кітапхана ұжымы елге  танымал өнер иелерімен онлайн-кездесу ұйымдастыруды қолға алған еді.  

Аптаның әр күнінде  белгілі өнер иелерімен түрлі  тақырыпта сөз қозғап келетін кездесуге  ҚР Мәдениет қайраткері, Қ. Байсейітов атындағы саз колледжі «Дәстүрлі ән салу» бөлімінің меңгерушісі Абылайхан Хармысов, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов,  күйші-композитор Айбек Бекбосыновтар қатысып, толғамды ойларымен бөліскен   болатын. Осындай   тамаша кездесу  ақын Асылзат АРЫСТАНБЕКПЕН   өтті.

Үш көзім бар, дір етпе,

Екі көзім маңдайда, үшіншісі – жүректе.

Екі көзім көре көзге алдайды,

Кешіп өмір мәз әнін.

Үшіншісі көргенінен танбайды,

Жүрек нені көрсе, соны жазамын.

Иә, солай, үш көзі бар кісің мен!

Кей маңдайдан екі көздің орнынан,

Екі безді көремін мен ісінген.

деп жырлаған  «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты Асылзат Арыстанбекова қазақтың ақын қыздарының шінде талантымен көпті тәнті етіп, шығармашылық  айдынында  өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленген, өзгелерге қарағанда әлемі де  бөлек  ақын.

Онлайн форматтағы кездесуде  адуынды ақын әңгімесін  ғұмырынан  азғантай сыр шертумен бастады.

«Мен Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққұм ауылында  дүниеге келдім. Алтыншы сыныпқа дейін облыс орталығындағы дарынды балалар мектебінде, 1996-2000 жылдар аралығында Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыдым. Осында жүріп тұрмыс құрдым. Көкшетау қаласында жүріп журналистика саласында 15 жылдай қызмет атқардым. Сонан соң ару қала Астанаға келдім. Астана менің көп арманымды жүзеге асырды.Осы қалада  «Бесінші маусым» және «Сіз ғана» деген атаумен екі кітабым жарық көрді.  Республиканың көптеген қаласында шығармашылық кештерімді өткіздім.  Менің поэзиямды оқитындар бұрындары  оппозияцялық ақын ретінде таныса, кейін  эротикалық бағытта жазатын ақын деп өлеңдерімді  жанр-жанрға бөліп қарайтын болды. Кімге қайсы өлеңім жақын соған лайықтап алған,  енді біреулері  лирик ақын деп те  айтып жүр.

Дәл қазіргі таңда Қызылорда облысына көшіп келгелі  үш жылға тарта уақыт болды. Содан  бергі өмірімді парақтап қарасам  мүлдем басқа сипаттағы, адамның бүкіл ішкі жан-дүниесін қопаратын,  өмірге  құштарлығын  арттыратын, мотивациялық тұрғыдағы өлеңдер жазуға, яғни,  басқаша бір қырым ашылғандай…  «Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуға тиісті» деп Мұқағали ақын  айтпақшы,  менің де  сол парасаттылыққа көшкен уақытым сияқты.

Бүгінде  төрт баланың анасымын. Ешкімнің алдына түспей, артында да қалып қоймай, қоңыражай  тіршілік кешудеміз.

 

Кітаппен қалай достасты

«Кітап оқуға  деген құштарлығымды арттырған әкем еді» деп жалғады ол әңгімесін. «Ауданға, қалаға сапарлатып барғанында мінедетті түрде екі-үш кітап сатып алып келетін. Біз ол шақта әлі  әріп те танымайтын кезіміз. Бірақ,  күнде кешкілік үлкен жүк көлігінің аккумляторын алып келіп, соған жарық жалғап, үнемі  бізге кітап оқитын. Арасында жұмбақ шешіп, жаңылтпаш та айтатынбыз.  Ал  қолы қалт ете қалған түскі уақытта  бізге  тағы да кітап оқитын. Сосын  кешкілік оның мазмұнын сұрайды.. Бірінші  менен, одан кейін  інімнен.  Осылай үйдегі төртеу шүлдірлеп түсінгенімізді айтуші едік. Ал оқитын кітап қалмай қалғанда  радиодан  балаларға арналған хабардан арнайы  жұмбақтарды қағазға жазып алып, «мен мынаны шеше алмадым, кәнекей сендер тауып көріңдерші»  дейтін. Ал біз:осыны да таба алмадыңыз ба, оп-оңай ғой деп, жауабын айтып жамырап кететінбіз. Бала күннің  осындай қызықты  сәттері өте көп. Содан мектеп кезінен өздігімізден кітап оқи бастадық. Тіпті бала  секілді ойнамай, көп уақытымды кітап оқуға жіберетінмін. Кейде басым ауырып қалатын кезде ата-анам уайымдап қалатын. Ондағысы: «бір күні басы істемей, оқу соғып  кететін шығар»  деп ойлайды екен.  Әкемнің арқасында  үйдегі төрт бала әдебиетке жақын болып өстік.

Кітаппен достаса жүріп, табиғатпен тілдесуді  бойымызға дарытқан да сол әкем. Балық аулауға апарғанда   табиғаттағы түрлі тылсым дүниелер туралы басын бастап айтады   да  қалғанын өздерің тауып алып, оқып алыңдар деп біздің ізденуге деген құлшынысымызды ашты. Кітап оқу, табиғатпен тілдесу тіл байлығымыздың артуына көп септігін тигізді. Үйдің тұңғышы болғандықтан  мені  үнемі жанынан тастамайтын. Бала шағымнан өте ұғымтал болдым. Сондықтан болар әкем өсіп тұрған шөптерді көрсетіп, мынау жусан, жалбыз, аққоға деп өрісімді  кеңейтуге барынша ден қойды. 

…Баланың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын  үйдегі ат-ана. Өйткені, бала  нені көреді соны жасайды. Яғни, әкесі яки анасы кітап оқитын отбасының баласы да кітаптың ауылынан алыстамайды».

Онлайн-кездесуге шыққан ақынға оқырмандар тарапынан да түрлі сұрақтар  қойылды.

«Осы күнге дейін қанша кітап оқып тауыстыңыз» деген сауалға орай  нақты санамағанын, бірақ, студент шақтан бері жинаған кітабы бір қабырғаны толық  алатын  дейді.  Астанада  тұрғанда  екі мыңнан аса кітабы болыпты.   Кейін көшкенде сол кітаптарды қорапқа салып жинағанда 40 жәшік болғанын айтты. «Бұл кітаптың бәрін дерлік оқып тастадым деп өтірік айтай-ақ қояйын», – дейді ол.

Өлең хақында

Келесі бір   қойылған сауал ақынның алғашқы жазған өлеңі турасында болды. Бұл тұста: «Алтыншы сыныптан бастап Қызылорда қаласындағы дарынды балаларға арналған мектепте оқыдым. Сол кезде «Домбыра» деген өлең жазып, республикалық «Ақжелкен» журналына жіберген едім. Он шумақтан тұратын өлеңімнің бір шумағын журналға жариялапты. Бала болған соң  ауыл жайында да жазған  өлеңдерім де  болды. Он бірінші сынып оқып жүргенде мектеп «Талаптың мініп тұлпарын» атты   алғашқы шығармашылық  кешімді  өткізіп берді»,  – деп  ағынан жарылды.

Ақындардың  дүниетанымы  қаншалықты өзгеріп тұратыны  туралы  сауалға орай да   ол  тұщымды ойларын ортаға салды. Бұрын соңды жазған өлеңдерінің басым бөлігі мұңға толы болса, кейінгі тұстарда өмірдің жарқын сәттерін көбірек жазуға ден қойғанын  айтты. Сондай-ақ: «Ақын іштегі шерін шығару керек, алайда оқырманға таза дүниені, «пәк» күйдегі  өлеңді  ұсыну  қажет  екенін  ұқтым», – дейді.

«….Мен өлең жазып отырғанда Құдай да бір, мен де бір. Өлең жазып болған соң құмырсқа да бір, мен де бір» депті  қырғыз ақындарының бірі. Яғни, сен өлең жазып отырғанда Құдайдың атынан жазып отырғандай күй кешесің, ол сәтте сенің айналаңда не болып жатқаны да  қызық емес. Ал өлең жазып болған соң пендеуи өмірге қайта ораласың. Өлең жазғанда  сен кәдуілгідей  өсесің, жербетілік емес секілді күй кешесің….әлбетте, өлеңді құрап жазуға да болады. Оның бүкіл техникасын меңгеріп алып, жазып жүрген ақындарды білем.  Құдды бір формулаға есеп салып алғандай, бас-аяғы бүп-бүтін. Алайда ,  оқысаң   ақынның энергетикасын сезіне алмайсың.  Бұл тұста  менің өлеңімді оқыңдар, менің өлеңімнен  күшті энергия сезінесіңдер деп айтудан аулақпын. Тіпті, мен өлеңді сирек жазамын. Қызылордаға келгелі бері өлең жазғаным жоқ. Бірақ,  мен өлеңді тастап  яки өлең мені тастап кетті деген сөз емес. Мүмкін бұл өлеңге деген адалдыққа…. өлеңмен де субординация сақтау керек деп есептеймін. Себебі бет-алды оның есігін қаға беріп, былғай берсең, айтатын сөзің де таусылып,  потенциалың да кетіп қалады.  Өз басым қазіргі уақытта сол субординация сақтап жүрмін деп ойлаймын. Жақсы бір  дүние әкелсем  деймін. Бұрынғы емес, қазіргі Асылзаттың деңгейімен жазылған өлеңдерді алдағы уақытта  оқитын боларсыздар  деген  ойдамын».

 

Ешкімді бөліп-жармайды

Бүгінгі ақын-жазушылардан кімдерді оқып жүр? Бұл тұрғыдағы сауалға да  ақын барынша ақтарыла жауап берді. Айтуынша, бәрін де дерлік оқиды. Олардың әрқайсысы  өзінше бір әлем. «Мәселен, Ақберен (Е) ақын  адамды өзінше бір тұңғиығымен, тереңдігімен, қиялымен  жетектейді. Бақытгүл  (Б)  махабаттың ақтығын, пәктігін жырлайтын ақын. Танагөздің (Т)  алар орны  тіптен айрықша. Замандас бола тұрса да ертерек танылған ақын. Қалқаманның  (С) өлеңі  тілінің жеңілдігімен ұнайды. Айжан (Т) – ол да бір тұңғиық әлем, тосыннан айтады. Ерланды  (Ж) ерекше құрмет тұтамын. Өзінше бір білімді, интеллектуалды ақын ретінде. Сол секілді Мирастың  (А), Жанардың  (А),  Сағыныштың (Н) өлеңдерін де  үзбей оқимын. Бұл ақындар  өзіндік ерекшелігімен дара, бірақ, бірінен-бірін бөліп-жармаймын» дейді ол.

Ақынның алғашқы «Бесінші маусым»  атты кітабы отыз жасында шықты. Өзі айтқандай, өлеңді өте сиреке жазатындықтан алдағы уақытта тағы бір кітапты жарыққа шығару ойында бар.

«Өзімді интеллектуал  ақынмын деп айта алмаймын. Шетелдің ақындарын да бас алмай оқимын демеймін. Мен негізі интуиктивті, интуицияға көбірек көңіл бөлетін, лықсып қалай  келеді, солай жаза салатын, сәл жалқаулау, сәл бір құпиялау, өз әлемімді әлдилеп  жүрген ақынмын. Әлбетте, мені керемет ақын деп мақтап жататындар көп. Бірақ мен өлеңге бар күшімді салдым  деп айта алмаймын.  Оған жалқаулығым да, қырсықтығым да себеп болды. Мен осыған дейін басқа Асылзат едім, қазір мүлдем басқамын. Бұған дейін «менмендік» басым болса, қазір оның бәрі тасада қалып қойды. Өркөкіректік пен менменшілікдік адамды ешқайда апармайтынын түсіндім» деген ақын:  адам әр оқығанда  әртүрлі  қазына табатындай болуы  керек  дейді.

 P.S. Кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен  өткізіліп келетін онлайн форматтағы кездесудің 20-24 сәуірдегі  қонақтары  айтыс ақыны Балғынбек Имашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек  Смағұл, ақын, композитор, ҚР Мәдениет  қайраткері Төлеужан Ғұмаров  болғанын айта кетейік. Үйден шықпай, жүректі жылытар әсерлі әңгіме тыңдай жүріңіздер!

Сарби ӘЙТЕНОВА

Кілтсөздер:ОНЛАЙН -КЕЗДЕСУ


ПІКІР ЖАЗУ