Көппен бірге көргенің ұлы той

0
1424

Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ – саясаттанушы, қазақ көшінінің зерделеушісі, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-еңбек саласының үздігі, ақын.

«Өткеннің өкінішін айтқанда, елдің еңсесін езе түсетіндей етіп емес, тарихтан тағылым алып кемшіліктерден безе түсетіндей етіп айту керек». Н.Ә. Назарбаев

Сіз атажұртыңызда кәсіпкерлікпен шұғылданып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған соң мемлекеттік қызметке орналасып, облыстық көші-қон департаментінде, Астана қаласында Көші-қон комитетінде облыстық көші-қон департаментінде жетекші маманнан департамент директорының орынбасарына дейінгі қызметтерді абыроймен атқарып, осы саланың үздік қызметкері атағына ие болдыңыз. Көші-қон саласы бойынша тәжірибелі мамансыз және ақынжанды ел сыйлаған азаматсыз. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының заңы және осы заң аясында қызмет атқаратын мемлекеттік мекемелер жайында оқырман қауымға өз ой пікіріңізді жеткізе толыққанды айтып берсеңіз?

– 1997 жылы алғаш рет «Халықтың көшіқоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңы бекітілді. Бұл заң талаптарын жүзеге асыру ісімен он министрлік және жергілікті атқарушы органдар жұмыс жасайды. 1997 жылы Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі құрылды. Облыстарда көші-қон басқармалары қызмет атқарды. 2004 жылы осы Агенттік таратылып, Еңбек министрлігінің жанынан Көші-қон комитеті құрылды. Облыстарда Көші-қон департаменттері қызмет атқарды. 2010 жылдың соңында Комитет таратылып Ішкі істер министрлігіне қосылды. 2013 жылы қайтадан Еңбек министрлігінің жанынан Көші-қон комитеті құрылып облыстардағы құрылымы бөлім ретінде облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік басқармасына берілді. 1997 жылдан 2011 жылға дейін Халықтың көші-қоны туралы заңына 9 рет өзгеріс енгізіліп, 2011 жылғы 22 шілдеде толығымен өзгертілді деуге болатындай жаңа заң қабылданды. Бұл заңға да 2011 жылдан 2016 жыл аралығында 4 рет өзгеріс енгізілді. Енді осы ақпан айында тағы өзгеріс енгізіледі деп күтілуде. 2012 жылдың соңындағы енгізілген өзгерістерге сәйкес Қазақстан Республикасының Президентінің көші-қон саласындағы саясат, бағыт, бағдарламалары көші-қон үрдісі бойынша процесстерді жүзеге асыру тетігі жергілікті атқарушы орган яғни облыс әкімдігінің құзырына берілді. Заңға өзгеріс енгізілгенннен кейін Министрліктер өздерінің ереже, қағида, стандарттарына өзгеріс енгізеді. Бұны айтып отырғаным, 1997 жылға дейін тек Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген бұйрықтармен ғана ешбір келеңсіздік туындатпай-ақ облыс, аудан әкімдіктері өздері келген қандастарымызды орналастыра беретін. Ал, Үкімет ұйымдасқан түрде отбасымен арнайы көшіріп алатын үрдісті тоқтатқаннан кейін шет елден келетін этникалық қазақтардың отбасы мүшелері бірнешеге бөлініп келетін болды. Әр жылғы заңға енгізілген өзгерістерге сай жұмыс жасауға тура келді. Заңға жиі енгізілген өзгерістерді оралмандарды айтпағанда, қызмет атқарып отырған мамандардың барлығы толыққанды түсініп, қызметтерін ойдағыдай атқарды деп айтудың өзі өмір талабына сай келмейді. Мамандардың заңды толыққанды білмегендіктерінен қаншама қандастарымыз заң шеңберінде Ықтиярхат немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай. наразылықтар туындады. Олардың өтініш-тілектері Президент әкімшілігіне, министрліктерге жетіп бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да жиі талқыға түсті. 2004 жылдан құрылған Көші-қон полициясы органдарының негізгі міндеттері уақытша және тұрақты тіркеуге алу, құжаттандыру болса, Көшіқон департаментінің міндеті келіп тұрақты тіркеліп, Ықтиярхат алған этникалық қазақтарға Оралман мәртебесін беріп өздері қалаған аудандарына қоныстандыру болды. «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңын шетелдерден елімізге келетін ұлты кім болса да әрбір пенденің осында болып өз еліне қайтуы аралығындағы немесе шетелдік жұмыс күші ретінде келетін, тарихи отанына тұрақты тұруға келген әрбір пенденің іс әрекеті, қозғалысына қатысты 36 ұғымға жауап беретін елдің ертеңгі өміріне бүгін айнамен қарап отырғандай жауапкершілікті жүктеген заң екенін біздегі кейбір билік өкілдері өздері түсіне бермейді. Әр министрлік өкілдері осы сала бойынша өздеріне жүктелген жауапкершіліктеріне байланысты туындайтын келеңсіздіктерді бір-біріне итермелеп, жиі-жиі өзгерістер енгізе береді. Немесе Қазақстанда қазақтардың саны күрт өсіп кетуінен сезіктенетін бір әсерлі күш бар ма екен дегенде ой туындайды. Әттегенай дейтінім, 1997 жылғы «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында шет елде тұратын этникалық қазақ өкілдерінің арасынан атамекенімізге жетсек дегендерін баяғыда толығымен көшіріп әкелетін мүмкіндік те, қаражат та қазақ елінде жеткілікті еді. Өкініштісі көрпеміз жетсе де, көңіліміз жетпей қалды. Осы орайда айтқым келетіні бүгінгі таңда 1991 жылдан бері тарихи отанына бір миллионнан астам этникалық қазақтар көшіп келді деген ақпаратты барлығы жар салып айта береді. Мен айтар едім, сол келген миллион қазақтың өсімі келгеннен бері төрт миллионға жетті. Ал келеміз дегендердің барлығын ұйымдасқан түрде көшіріп алғанда қазақтың саны еселеп күрт өсетін еді. Көшіп келген қазақтың барлығы бірдей Үкіметтің қаржысымен орналасты деп те айта алмаймыз. Мысалы, Алматы облысына 1991 жылдан 2018 жылды қоса алып есептегенде 61952 отбасында 199871 этникалық қазақтар көшіп келіп қоныстанды. 2011 жылға дейін 15385 отбасында 78603 оралман көшіп келу квотасы бойынша орналасты. 46567 отбасы 121268 оралман квотадан тыс өз күштерімен орналасты. 2010 жылға дейін олардың отбасымен азаматтық алған-алмағанын, тіптен мал, жер үлес пайларын да есепке алып біліп тұратын едік. Мамандықтарының дипломдарына сай екенін біліп, статикалық есепке алынатын еді. «Халықтың көші-қоны туралы» заңы адамдардың қозғалысына қатысты пайда болатын ағымдар, адамдармен бірге ауа, су, өсімдік, тұтынатын азық-түлік, заттауарлары, денсаулықтарымен ере келетін ел қауіпсіздігі, халықтың ертеңіне кері әсер ететін жағдаяттарды да зерделеп сараптауға міндетті. «…Қазір Қазақстанда 2 миллионнан астам еңбек мигранттары жұмыс істейді. Олардың бір миллионы бұл елде заңды түрде еңбек етіп жатса, тағы бір миллионы мұнда заңсыз жұмыс істейді…» – дейді Мигранттар мәселесі бойынша халықаралық ұйымның үйлестірушісі Деян Кесерович. 2014 жылғы статистикалық ақпарат бойынша шетелдіктердің арасынан 25000 адам туберкулез дерті бойынша есепте тұрған. Ал, есепке алынбай жүрген қандай да бір жұқпалы аурулармен жүргендері қаншама? Өткен аптада шетелдіктер Алматыда жарылыс жасамақ болып ҰҚК-ң құрығына ілігіп анықталды. Осындай заңсыз жүрген пенделерден елімізге, халқымызға қандай әсер, тәлім қалатынын ешкім де алдын ала дөп басып айта алмайды. Өкініштісі осы заң аясында жұмыс жасайтын мемлекеттік мекемелердің басын қосып, келеңсіздіктердің алдын алып, жүйелі жұмыс жасап, есеп алып, жауапкершілік жүктеп отыратын құзырлы бір мемлекеттік мекеме жоқтығы.

– «Оралман» деген статус неліктен пайда болды? Оралман куәлік, Ықтиярхат деген қандай мәртебесі бар құжат? Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін осы екі құжаттың қандай қажеттілік әсері бар? Осы турасында айтып өтсеңіз?

– Оралман деген мәртебе – 1997 жылғы алғаш рет «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен бекітілген ұғым. Бұл атаудан туындап тұрған ештеме жоқ. Бірақ та осы оралман деген ұғым ел арасында жақсы жағынан қалыптаспады. Керісінше оралмандарға ғана көмек беріледі немесе оралмандар өсекшіл, арызқой, көше береді, тұрақсыз деген сияқты алып қашпа әңгімелерден жағымсыз жағымен де тарап кетті. Бұған келген қандастарымыздың арасынан өз іс әрекет қылықтары мен әсер еткендері де болды. Десе де сабырлық, төзімділік еңбек қорлықтары мен өнерлерімен елге танылған, өздеріне ғана емес жергілікті халыққа қол ұшын созып көмек көрсете алған жомарт, іскер кәсіпкер-бизнесмендерінің басымдылығы көп болғанынан ел арасында «ағайындар» деген жақсы ұғым өздігінен қалыптасқаны өмір шындығы. 2015 жылғы қараша айында Заңға енгізілген өзгерістер бойынша Оралман мәртебесі 2016 жылдан бастап бір жылға беріліп «Оралман куәлік»- тің уақыт мерзімі ұзартылмайтын болды. Бұл өзгеріс өте көп қиындықтар туындатып жіберді. Бұған дейін 3-7 жыл мерзімге беріліп мерзімі бір жылға ұзартылатын. Оралман куәліктерін бір мәрте 6 айдан бір жылға ұзартуға рұқсат етілгенде еш қиындық туындамас еді. Елбасымыз өзі 1998 жылдары осы оралман деген ұғым маған да ұнамайды өзгертіңдер деп айтқаны орындалмады. Елбасы айтты болды деп сол кезде өзгерте салғанда содан кейінгі кезеңдердегі келеңсіздіктердің болмасы анық еді. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «халқыма керекті қалай табам деп қам жеп жүру тек қана менің емес әр азаматтың ісі мен жадында болуы қажет» деп айтқаны міне осындай істің куәсі іспетті. Осы келеңсіздіктердің басым бағыты өкінішке орай көші-қон үрдісіне қатысты ағымдардан туындап жататынына жергілікті атқарушы органдар аса көп мән бермейді. Көбісі «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы оралмандарға қатысты деп топшылайтыны мүлде қате ұғым. Заңның 4-5 ұғымы ғана оралмандарға қатысты. Қалғаны ел қауіпсіздігіне қатысты. Ықтиярхат – барлық елдерде берілетін олардың қолындағы шетелдік төлқұжаттарының қолданыстағы мерзіміне сай табыс етілетін құжат. Ықтиярхатпен жүргендер шет елдік азамат болып саналады. Оның ерекшелігі Ықтиярхат пен шетелдік төлқұжаттары бар адамдар ел арасында визасыз, қалаған уақытында неше мәрте болсада шетелге барып келіп жүрулеріне мүмкіндік бар. Бұл құжатты ең көп қолданатындар – Қытайдан келген қандастарымыз. Қытай елінен зейнетақыларын, мүгедектікке қатысты жәрдемақыларын алады, жалға беріп кеткен жерлерінің есебін жасайды, сауда-саттық жасап, өз тіріліктерін өздері жасауға мәжбүр болғандықтан жүріп-тұруларына өте қолайлы құжат. Десе де соңғы кездегі жағдайларға қатысты көп жылдары Ықтиярхатпен жүргендерге «Отаныңда уайым-қайғысыз, көппен бірге көрген ұлы той» жолы дұрыс екенін өмір өзі түсіндіргендей болды. Соңғы мәліметтер бойынша Қазақстанға 76 (жетпіс алты) елдің азаматы визасыз келіп-кету мүмкіндігіне ие болды. Сондықтан енді алдағы уақытта Ықтиярхат деген құжатты берудің қажеттілігін қайта қарау күн тәртібіне еніп тұрған мәселе. Ал, отаныма тұрақты тұру мақсатында келдім деп өтініш жазған қандастарымызды Ықтиярхат, Оралман куәлік деп әуре-сарсаңға салмай-ақ тура Қазақстан Республикасының азаматтығына құжат тапсыру мүмкіндігін берген өте дұрыс шешім болар еді. Олардың қандай да бір құжаттарындағы жазбаларына сай ұлты қазақ деп жазулы тұрады. Ендеше қайтақайта құжат жинатпай-ақ ұлты «қазақ» болса Ықтиярхат пен Оралман куәліксіз де азаматтыққа қабылдай беру ұлтымыздың саны жедел өсуі үшін де өте қажет. Осы мәселе қазіргі заңға енгізілетін өзгерістер қатарында қаралып жатыр.

– Қытай қазақтарының қазіргі жағдайы туралы айта кетсек. Ел ішінде алыпқашпа әңгіме көп. Тәрбие лагері бар дейді. Қос азаматтық алған азаматтардың саны Қытайда 100-ден асатын көрінеді. Бұл қалай? Бізде қос азаматтық танылмайды, сонда бұны біздегі төлқұжат беретін орындар байқамаған ба, әлде сатып жіберген бе?

– Мен Моңғолия елінде тұрғанда және осында келіп бизнесте жүрген жылдары қытай ұлты өкілдерімен біраз араластым. Сауда да жасадық. Қытай елі басқаның ақылына зәру емес. Тыңдамайды деп айтсам да болады. Қытайдың ішінде болып жатқан жағдайларға қатысты ресми ақпарат алу деген – қиынның қиыны. Өз ұлты үшін ерекше жұмыс жасайды, алдағы 100 жылғы өмірін ойлап бүгін тірлік ететін, еңбекқорлығы басым, тәртібі қатаң, коммунистік партиясының ұран-қағидасы қатал. 2019 жылдан бастап бес адамға бір полиция қызмет етіп олардың шешімін сотта өзгерте алмайтын тәртіп орнатып жатқан ел. Бірдеңеден көңілі қалып түңілген жандар «Барып тұрған қытай екенсің» деп жататыны бекер емес. Күнделікті тірлік, күнкөрістің, болмаса ұрпағымды өз Отанына сіңіре алсам деп екі жақта бөлініп жүрген ерлі-зайыптылар, отбасы мүшелері арасынан саяси оқу-үйрету лагеріне отырып келгендер, әлі де сонда отырғандар бар екені өмір шындығы. Ағайындардан түскен өтініштері бойынша Елбасының тапсырмасымен Сыртқы істер министрлігі біраз жұмыстар жасағандарын, бірнеше қайта нота жолдағандарын, Қытай еліне барып келісім сөз жүргізіп келгендерін, азаматтарымыздың алды босатылып жатқандарын бірнеше қайта мәлімдеді. Жұмыс әлі де жүріп жатқанын білеміз. Бірнеше қоғамдық ұйымдар, жеке азаматтар да тиісті орындарға өз ұсыныстарын жеткізді. Ал, қос азаматтық деген бекер әңгіме. Осы орайда Елбасымыздың мынадай бір тұжырымдамасын кейбір азаматтардың есіне сала айтқым келеді. «…Атажұртқа оралудың да күрмеу мәселесі көп. Оның заңдыққұқықтық, әлеуметтік-қоғамдық түйткілдері бар. Олардың бәрін заман талабына сай толық реттеп отыру үшін уақыт керек. Сондай кезде өкпелеуге бейім тұратын, күтудің соңын күдер үзудің алды деп қабылдайтын азаматтар да табылып қалып жатады. Қытай – ол өзін халық ретінде таныстырғысы келетін өркениет. Расында да солай. Си Цзиньпинмен жиі кездесіп тұрамын, осы тақырыптарда ашық сөйлесеміз. Қытайдың экспансия, басқа аумақтарға шабуыл жасау туралы ойы жоқ. Керісінше оларға даму керек, бейбіт өмір керек…» деп мәлімдеді. Сондықтан Қытайдағы қазақтардың жағдайы Президенттің де назарында деуге болады. Бір нәрсенің жақсы-жаман екі жағы болады. Алла Тағала бізге жақсы жағына бейімделіп өмір сүру жолын көрсеткен. Басқа бір елдің ішкі мәселесін қойып біреудің отбасының күнделікті өміріне араласа берудің өзі келеңсіздік туындатады. Халқымызда «Айқаймен үй салынбайды» деген асыл сөз бар. Бір елден келген бірін-бірі жақсы білетін ағайындар арасынан бұқаралық ақпараттық құралдары арқылы сөз таластырып, бір-бірін қаралау немесе олардың арасына басқа біреулер кірісіп дауды ушықтыру қазақ азаматтарына тән қасиет емес. Біреуге айыпты тек сот шешімі ғана таға алады. Өз ұлтыңмен жауласудың арты жақсылыққа апармайтынын тарихтан сүйегімізге сіңгенше түсінген, зардабына өшпестей өкінген бір халық болса, ол – біздің қазақ. Менің маман ретінде айтқым келетіні Қытай Халық Республикасынан отанына оралғысы келетіндердің мәселесін Үкімет арнайы жоба бағдарлама бойынша жеке қарағаны оңтайлы шешім болар еді. Ал, қазіргі бастарына қиындық туындап зардап шегіп жатқан қандастарымыздың мәселесін атсалысып нақты деректермен айналысып жүрген қоғамдық ұйым өкілдері енгізілген арнайы комиссия құрып, ол жақта мыңдаған емес ондаған ұлт өкіліміз болса да, солардың мүддесін қорғауға тікелей Үкімет тарапынан қолдау көрсетілсе, ел аралық беделіміз арта түсері анық. Көшіп келген ағайынға ерулік беріп келген көшпенді қазақтың ұрпағы емеспіз бе?! Келіп азаматтық алған әрбір қазаққа Үкіметтен бекітілген бір жанға тиесілі қаражатын беріп, содан кейін ғана солтүстік облыстарға баруына, бизнеспен айналысуына, қайтадан қысқа мерзімді әртүрлі мамандыққа даярлап жұмыспен қамтуға, ауылымен, ағайындарымен бір елді мекенге орналасуларына, өздерін өздері басқару мүмкіндігін беруге, шетелден инвестиция тартамыз деген немесе өз қаражаттарына шағын цех, кәсіптік орын, сауда-саттық ашамыз, мал өсіреміз дегендеріне солтүстік облыстардан жедел жер үлесін шешіп беріп, барынша қолдау көрсетілетін бағдарлама жүйелі түрде іске қосылса соңғы келгендері алдыңғы келгендерімен бірлесіп сол жаққа бара беретіні сөзсіз. Бұл еліміздегі қазақтардың саны солтүстікте күрт өсуіне өте қомақты үлес қосатын еді.

– Қазіргі кезде тарихи отанына келіп ҚР-ның азаматтығын ала алмай жүрген оралмандар көп екен. Бұған не себеп? Осы мәселені облыс деңгейінде шешудің жолы бар ма?

– Мұндай адамдардың арасында Ықтиярхатпен көп жылдар тұрақты тіркеуде тұрғандары бар. Отбасының басқа мүшелері Қазақстан Республикасының азаматтығын алып қойғандары да бар. Ондай этникалық қазақтар 2015 жылғы қараша айында Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы заңына қосымша ретінде жеңілдетілген тәртіппен оралман куәліксіз де құжат тапсыра алатын 16-бап және 16-1 баптарына сәйкес азаматтық алу мүмкіндіктері бар. Біз – электронды жүйедегі Үкімет бағдарламасымен қызмет атқарып жатқан елміз. Осыдан он жылдың жүзінде Елбасы халыққа қызмет көрсетудің «бір терезе қағидасын» қалыптастыруды тапсырды. Нәтижесінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып қарапайым халық үшін өте игілікті іс болды. Соңғы бір жылдан астам уақытта Көші-қон полициясы басқармаларының жанынан Көші-қон қызмет көрсету орталықтары бірнеше облыстарда ашылды. Бұл орталықтар Елбасымыздың қойып отырған талабына, халықтың мүддесіне толыққанды сай жұмыс бастап жатыр деп айтуға ертерек. Оған негізгі себеп бұл орталықтың басшылары Ішкі істер департаменті мен Көші-қон полициясы басқарма басшыларына тікелей бағынышты болмауы керек. Егер бағынышты болып, олар басқаратын болса бұрынғысынан не айырмашылығы бар. Бір терезе қағидасы дегеннің өзі келген клиенттің қажеттілігін қамтамасыз ететін маман мен оның байланысы болмауы және орталықтандырылған камера бақылануында жүзеге асырылуы. Яғни олар сыбайласып заң бұзушылыққа бара алмайды деген ұғымды қалыптастырады. Тек стандартта талап етілген құжаттарды ғана табыстап, құжат тапсырғаны, мерзімі, қабылдап алған адамның лауазымы, атыжөні жазылған, қашан жауабын алатыны белгіленген хабарламаны алады. Ары қарай бұл құжаттар істі бітіріп құжаттандыратын нағыз мамандардың қолына барады. Стандарт, қағидаларда оның барлығының талаптары бекітілген. Сондықтан бұл орталықтардың басшыларын облыс әкімі бекітсе, облыс әкімдігінің алдында жауапкершілікті сезінетін, есеп беретін болса нағыз игілікті іс болары анық. Мұнда қызмет атқаратындар офицер болуы міндетті емес, Елбасымыз айтқандай заңгерлік жоғарғы білімі бар, қосымша Ішкі істер академиясында 5-6 ай оқып білімін шыңдаған мамандар болса жеткілікті. Міне осы кезде барлық мәселе облыстан аспай өз шешімін таба берері сөзсіз. Келешекте қаласақ та, қаламасақ та ұрлық-қарлық, тонаушылық, қылмыстық іске байланысты арыз-шағымдар осындай орталықтарда қабылданады да, автоматты түрде бақылауға алынады және нәтижесі айқын да ашық болады. Міне, осы кезде ғана ішкі істер органдарының қызметтері халыққа танылып, нағыз шынайы реформа жүзеге асады деп ойлаймын. Жалпы ІТ технологиясы дамып келе жатқаны соншалық алдағы он жылға жетпей негізгі қызмет көрсету міндеттері аудан, ауылдарға жүктеліп, облыс орталығында ақпарат жинақтаушы сарапшылар жұмыс жасайтын жаңа технологиямен жабдықталған шағын ғана орталықтар қалатыны жаңа қоғам заңдылығы. Және біздің қайда жүргеніміз, не тындырып жатқанымызды, елің үшін ерен еңбегіңнің жемісін қажетті уақытта біліп отыратын дәуірге де жетерміз. Осы кезде Елге, Үкіметке нағыз қажет мамандар өз қалауынша қызмет жасап қызметіне сай жалақы алатын мүмкіндікке сыбайлассыз-ақ қол жеткізетін болады.

 – 2014 жылға дейін Моңғолия елінен келген қандастарымыздың сол елдегі еңбек өтілі еңбек кітапшаларындағы жазбаларына сай есептеліп зейнетақылары заң шеңберінде беріліп келді де, 2014 жылдан бері Зейнеткерлікке шыққан қандастарымыздың Моңғолия елінде істеген еңбек өтілдері есептелмейтін болып, оларға 17-18 мың теңге көлемінде әлеуметтік пенсия тағайындалып, содан бері бұл мәселе күн тәртібінен түспей БАҚ-да көп айтылды. Осы туралы қандай ой-пікір айтасыз?

– Бұл мәселе бойынша да қаншама жеке адамдар, қоғамдық ұйымдар, депутаттарымыз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Президент әкімшілігінің қызметкерлері атсалысып оңтайлы шешім шығаруға ықпал жасады. Нәтижесінде 2018 жылдың 26 желтоқсанында Президентіміз Еңбек министрлігі ұсынған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы заңына өзгеріс енгізіп 13-бапқа 18-тармақша қосып, Қазақстан Республикасына тарихи отанынында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне есепке алынсын деп қол қойып берді. Қазіргі кезде заңның жүзеге асуына байланысты Еңбек министрінің бекіткен Ереже қағидасы облыстық зейнетақы тағайындау орталықтарына келіп жатыр. Моңғолия еліндегі еңбек өтілдері жазылған кітапшаларының, сол елде білім алған дипломдарының нотариалды бекітілген аудармаларын апарып өткізсе болғаны. Мәселе шешімін тапты деп толыққанды айтуға болады. Бұл тек Моңғолия елінен келгендер емес шет елден отанына көшіп келіп тұрақты қоныстанған барлық этникалық қазақтарға қатысты.

– Моңғолия қазақтары күнделікті өмірінде қазақтың салт-дәстүрін мықты ұстанған. Сіздің ойыңызша қай кезге дейін жалғаса береді деп ойлайсыз? Біртіндеп жергілікті ұлт жұтып қоймай ма? Сіздің ойыңызша ұлтымыздың ең басты рухани қазынасы неде? Ұлтымыз рухты болу үшін ең алдымен не керек?

– Моңғолия елінде Баян-Өлгей аймағындағы қазақтар ұлттың салт-дәстүрін пір тұтқан, қыраны тұғырында отырған, сәйгүлігі белдеуінде байланған, құрт-майы, қымызы сабасында пісілген, соғымының еті сүрленіп сыбаға болып сақталған, мешіттерінде діні уағыздалған, ана тіліне өзін қойып моңғолдарды үйретіп алған мамыражай тірлік күй кешіп жатқанын өздеріңіз де интернеттен көріп отырсыздар. Ата салтына кішкентай болса да шектеу қоймай отырған Моңғолия Үкіметіне Алланың рахымы жаусын дейміз. Мен жалпы қазақ деген ұлтты Алланың назарындағы халық деп сенемін. Жұтылсақ сол моңғолдарға, аузын айдаһардай ашқан Қытайға, ұлы елміз, коммунизм құрамыз деп жар салған, бодандығында ғасырлап ұстап талай қырғынға ұшыратқан Ресейге жұтылып кетпес пе едік. Біз өз ұрпағымызды қойып басқа ұлт өкілдеріне құшақ жайған, қамқорлық танытып алақанымызда аялаған рухани тап-таза қазақ деген ұлт болғанымыз үшін Алланың қолдауындамыз. Ал, айтыңышы Алладан артық күш бар ма? Біздің жантән тазалығымызды, асқақ рухымызды, көркем мінезге бастап тұратын пәк сезімді ұлтымызды әлем мойындап отырған жоқ па? Осындай қасиетімізді паш ету үшін де «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген аспаты Алла бізге сый еткен. Осы домбыраның құдіретін бағаламайтын ел бар ма? Мың бұралған биші қыздарымызға Индия елі қалай таңданды. Келіннің шымылдығына, сәбидің бесігіне, қыздарының сәукелесіне үкі тағып тіл көзден сақтаған, беске жетпей ұлдарын сүндетке отырғызып тән тазалығына баулып, ер азаматсың деп атқа мінгізген, жеті атаға дейін өз руынан келін алмаған, ұрпақ өсірер қыздарымыздың санасына жасынан тектілік ғұрыпын дарыта білген Алланың жолында өздерін құрбандыққа шалуға барған асыл да айбынды, асқар да рухты, жайсаң да жомарт қазақ деген халықтың мәңгілік деп сенемін. Әрбір қазақ өзінің қазақ екенін ет жүрегімен сезініп, тілін, дінін, ділін құрметтей білсе, шариғаттың заңдылығын қалт жібермей қалыптастыра алса ешкімге жұтылмайтын батыр халық. Ең басты рухани қазынамыз ұлттық мәдениетіміз, асыл мұрамыз, білім, тарихымызда. Ұлтымыз рухты болу үшін саналы, батыл, намысты, жанымыз таза, сабырлы, ұстанымды, ерікжігеріміз күшті болуы керек деп ойлаймын.

– Сіз бұған дейін де Көші-қон үрдісі бойынша үш кітап жазып шығардыңыз. Атамекеніңізде он жылдай жеке кәсіпкерлікпен шұғылданып, ел араладыңыз. Жиырма жылдай мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек істедіңіз. Не көріп, не түйіндедіңіз? Алда тағы кітап жазу ойыңызда бар ма?

– Әр пенденің Алла берген тегінен дарығын өзіндік бір несібе қасиеті болады. Мен де жоғарғы білім алып Моңғолия Үкіметіне енді танылып, қаланың әкіміне ұсынылып тұрған кезде, бір көруге арман болған Қазақстанның шекарасы қалай ашылды солай елмен бірге атамекеніме ағайынтуысқандарымызбен бірге көшіп келдік. Бізді бір дүлей күш атажұртымызға тартып болмады. Осында келген соң азаматтық алу мәселеміз он жылға созылды. Қазір жақсы ғой, жарты жылда-ақ азаматтық аласыз. Сол кезде бизнеспен айналасып, Қазақстанның төрт бұрышын араладым десем болады. Ақмола облысының ең шеткі аудандарына дейін барып жүн-тері жинап, көктем шыға Сарқаннан Алакөл ауданына дейін тау бөктеріндегі елді мекендерден тонналап картоп алып, Шеңгелдіден тонналап жуа алып Астанаға апарып сатып, Моңғолияға камаз машинасымен зат тасымалдап жүргенімізде жолда әр ауылға Алланың өзі берген бір несібесі болатынына көзім жетті. Сол несібе сол елді мекендерде отырған халыққа бұйырған байлық та бақыт. Міне осылай ауған елдің аласапыран өмірін қағазға түсіріп жүрдім де соңында кітап болып шыға келді. Талай құнды ақпараттар тиісті жоғарғы органдарға жетіп қолдауға ие болды. Хат арқылы жауаптары да келіп жатты. Құдай қаласа алда көшіқон саласы негізінде нарықтық қоғамдағы халықтың әлеуметтік тірлігімен ұштасқан Елбасымыздың бағдарламалары ел арасында қалай өрбіді немесе кейбірі не үшін жүзеге аспай кедергілерге тап болғаны турасында түйген ойларымнан бір жақсы кітап оқырман қауымға жетер деген үмітім бар.

– Оқырман қауымға ақпараттық, заңнамалық кеңес болған сұхбатыңызға алғыс айтамыз! Расында Отанына оралған ағайындарымыздың уайымқайғысы болмасын, отбасыларында көппен бірге көрген тойлары көп болсын деп тілейік!

Айтақын БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ