Мұрат Ұрымханов тұрғындармен кездесті

0
1113

Кеңестік кезеңде «милиция қорғаның» дейтін қазір милиция атауы полицияға ауысып, «милиция қорғаушың емес қорлаушың» дейтін сыңаржақ пікір қалыптасты. Жалпы құқық қорғау органдарына көптің көңілі тола бермейді. Бұл салаға түбегейлі реформа қажет деген саясаткерлердің де ұстанымы бар. Қай кезеңді алып қарасақ та, ақ пен қара, күнгей мен көлеңкені көруге болады. Қалай десек те қоғам тыныштығын күзетіп тұрған полиция болмаса, арам ниетті, пиғылы теріс адамдар мына дүниені аударып төңкеріп, елді үреймен ұстайтыны хақ. Сондықтан, халықтың полицияға деген сенімін арттыру үшін қызыл жағалы сақшылар да қырағылық танытуда. «Бес саусақ бірдей емес, олардың да арасында ел тыныштығын күзетуде бастарын бәйгеге тігіп, қылмыскерді құрықтауда кеуделерін оққа төсеп, ажал құшқандары да, полиция атына кір келтіріп ортадан аластатылғандар да бар.

Алматы облысы полиция генерал-майоры М.Ж.Ұрымханов, Алматы облысының тұрғындарымен кездесті. Кезесу барысында 2018 жылдың қорытындысы бойынша аса ауыр қылмыстар саны 13%-ға, қылмыстық құқық бұзушылықтардың 60%-ға, азайғанын айтты. Жасалған қылмыстардың көбі Алматы қаласына жақын орналасқан Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарында тіркелген. Қылмыстардың негізгі бөлігі – бөтен мүлікті ұрлау. Осы аталған қылмыстардың 64%-ы бөтеннің мүлкіне көз аларту болып тұр. Облыстың Талғар, Іле, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, аудандарында және Талдықорған қаласында ұрлықтың айтарлықтай үлес салмағы барын айтып, қабылданған шаралармен 6 жарым мың ұрлық, оның ішінде өткен жылы жасалған 300 ұрлықтың ашылғанын тілге тиек етті. Су бетіне қалқып шыққан көбіктей, ұрлық үшін 5 мыңнан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Полициялардың жарғақ құлағын жастыққа тигізбей тұрғанда осы ұрлық қылмыстары екен. Сұғанақ қолдармен күрес мәселесі бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын бас полицей жасырмады. Әрбір төртінші ұрлық пәтер және жеке үйлерден жасалуда. Ағымдағы жылы оларды тіркеу шамамен жартысына төмендеді (958-ден 518-ге дейін немесе 45,9%- ға), алайда әлі де маңызды болып қала береді –деп, статистикаға сүйенген генерал ұры-қарылардың көп жағдайда терезелер, желкөздер және балкондар арқылы пәтерге немесе үйлерге есікті бұзу, кілтті таңдап келістіру әдісімен түсетінін айғақтады. Осы қылмыстық қол сұғушылықтың 90%-дан астамы жеке сектордағы үйлерге тиесілі болуда деп нақты фактіге жүгінді. Мәселен, тіркелген қылмыстардың 475-і тұрғын үй болса, 43-і пәтер ұрлығы дей келе, қылмыскерлердің ұрлық орнын таңдауы ең алдымен қол жетімділікпен анықталатынын айтты.

Мал ұрлығы

Алматы облысы аграрлық санатқа жататын болғандықтан, қараша қауымның көбі, елдімекендердегі ауыл тұрғындары мал шаруашылығына тәуелді. Елді ұлардай шулатып, өрістегі малдарын табындап, үйірлеп, тіпті тапа тал-түсте қора жайларын бұзып кіріп ірілі ұсақты малдарын ауыл шетіне шығарып сойып, бас терілерін ағашқа жайып кетіп, «біз қайтып ораламыз» деп малдың қанымен үшбу хат жазып кететін барымташылар елді қан-қақсатып жүр. Мал ұрлығы бойынша да статистикаға сүйенген бас полицей генерал М.Ұрымханов өткен жылы 1300-ден астам қабылданған шаралар бойынша мал ұрылығына қатысты 71 топ ұсталып, олардың 147 мал ұрлығына қатысты қылмыс жасағандарын анықтапты. Ағымдағы жылы «ізін суытпай» аталған санаттағы 121 ұрлық, бұрын жасалған 68 ұрлықтың ашылғанын, ақпан айында Ұйғыр ауданында 5 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтағандарын, қылмыскерлерден 40 бас ұрланған жылқыны тәркілегендерін мәлім етті. Наурыз айында Ақсу ауданында 2 топ ұсталса, олардан жалпы алғанда 11 мал ұрлығымен айналысқандығы әшкерленген. «Өзіңе-өзің мықты бол, көршіңді ұры тұтпа» дегендей, қолындағы азын-аулақ малға күндері қарап тұрған ауыл тұрғындарының да бейқамдығын атап өтті. Талдау көрсетіп отырғандай, көбінесе мал иелерінің бейқамдығынан қараңғыда қарсы шапқан қарсақтай қаруланған ұрылар күндіз өрістен түнде қордан тұяқты малды жымқыруға бейім дейді. Ұрлық фактілері бойынша қозғалған қылмыстық істердің 25%-ы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылыпты. Мәселен,(1 338-нің 438-і, оның ішінде 34 ауыр қылмыс бойынша) тоқтатылған. Көбіне меншік иелері малдарды қараусыз қалдырады. Оның жоқтығын байқап, өз бетінше табуға тырысады. Мал табылудан күдерін үзген соң ғана, полицияға жүгінеді. Содан кейін біз айтарлықтай күш сала отырып, іздестіру іс-шараларын жүргіземіз деген полиция басшысы 2018 жылы мал іздеуге тікұшақ техникасы 6 рет көкке көтерілгенін мәлімдеді. Мысалы, Қаратал ауданында қаңтар айында 24 бас ірі қара мал жоғалғаны туралы өтініш келіп түсіп, шығын 5 миллион теңгені құраған. 2 ай ішінде іздестіру ісшараларын жүргізіп 23 наурызда Қаратал өзенінде суға батқан сиырлардың ұшасы табылған. Мал ұрлығының алдын алу және оның сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдың желтоқсан айында мәслихат шешімімен Алматы облысы аумағында жануарларды ұстау Ережелері бекітілді. Тек наурыз айында рейдтік іс-шаралар барысында 817 көлік құралы тексеріліп, 186 заң бұзушылық фактісі анықталып, құжаттарсыз мал тасымалдауда (520 жылқы, 2300 ірі қара, 1318 ұсақ мал) тәркіленген. Мал ұрлығын ашу және алдын алу жұмыстары тұрақты және қатаң бақылауда деген М. Ұрымхановқа Қаратал ауданынан келген шаруларда мал ұрлығын ашуда жергілікті полицейлердің сылбырлығын айтып, арыз шағымдарын жеткізді.

Тұрмыстық қылмыстың алдын алу

Шағымданушылардың өтініш тілектеріне мұқият зерделеп тиісті шараларды қолдануға уәде еткен полиция генералы қылмыстардың алдын алуда, негізгі буын учаскелік полиция инспекторлары болып табылады. Осыған байланысты оларға тиімді жұмыс үшін жағдай жасау жөнінде шаралар қабылдануда. Соңғы 3 жылда 140 жаңа автокөлік бөлінгенін, 2014 жылдан бастап тұрғын үймен біріктірілген 220 учаскелік полиция пункті кезеңкезеңмен іске қосылуда, – деді. Бұл учаскелік инспекторларға қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскеде тәулік бойы болуға және оқиғалар мен қылмыстар туралы келіп түскен өтініштер мен хабарламаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Өткен жылы полицияның учаскелік инспекторлары 50 мыңнан астам арыз-шағымдарды қарады (53314), 37 мың құқық бұзушылықтың жолын кесті, 6 мыңға жуық қылмыс ашылды. Көп жағдайда қылмыс жасаудың себебі маскүнемдіктен болуда. Мас күйінде істелген қылмыстардың ең жоғары деңгейі Қаратал (36,5%), Ескелді (26,6%), Кербұлақ (24,8%), Кеген (24,5%) аудандарында және Талдықорған қаласында (28,9%) тіркеліпті. Учаскелік инспекторлардың профилактикалық бақылауында үш жарым мыңнан астам маскүнем бар: оның ішінде бес жүзден астам әйел (540), сондай-ақ 800-ге жуық қолайсыз отбасы бар, онда бір жарым мың (1530) бала тұрады. Өткен жылы маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге 240 адам жіберілді. Тұрмыстық қылмыстың алдын алу мақсатында 3 мыңға жуық қорғау ұйғарымы шығарылды. Тәртіпке байланысты 500-ге жуық ерекше талаптар орнатылды, – деді.

300 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарып жатқанын, бірақ әлі де бұл мәселе өзекті болып тұрғанын жасырмаған облыстың бас полицейі өткен жылы кәмелетке толмағандар 288 қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын айтты. Қылмыстық жауапкершілікке шамамен үш жүз жасөспірім тартылды. Оның 80 пайыздан астамы 16-17 жастағы жас өркендер. Оларға қылмыс жасаған, бірақ қылмыстық жауапкершілікке тартылу жасына жетпеген тағы 53 бала бар. Ювеналдық полиция бөлімшелері бүгінгі таңда профилактикалық есепте тұрған 700-ден астам жасөспірімдердің мінез-құлқын бақылайды. Олардың жартысы мектеп, лицей, гимназия оқушылары. Жасөспірімдерге қатысты қылмыстың алдын алу үшін, әкімдіктің қолдауымен мектеп инспекторлары институтын дамытуды жалғастырып, олар мектеп әкімшіліктерімен, ата-аналар комитеттерімен бірге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушылар тарапынан құқық бұзушылыққа қарсы әрекеттердің алдын алумен айналысатын болады, – деді. Енді осы шараларды жүзеге асыру үшін әрбір қалалық және ірі ауыл мектебінде (500-ден астам оқушы) қосымша 266 мектеп инспекторлары қажет. Балаларды әртүрлі зорлықзомбылықтан және қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға айрықша көңіл бөлініп, әрбір факт қатаң бақылауға алынды. Алайда, зорлықзомбылық әлі көп. Өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 184 қылмыс анықталды. Олардың 66-ы жыныстық тиіспеушілікке байланысты. Балаларға қатыгездікпен қарау фактілері бойынша 6 қылмыстық іс қозғалып, 27 атаана өзінің ата-аналық құқығынан айырылды. Көбінесе бұл жасырын сипатқа ие, себебі балалар туыстарының тарапынан тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Көптеген фактілер айтылмай ашылмай қалады. Кей кезде тіпті есейгенге дейін айтылмай, кейіннен ашылғандары да бар. Яғни, ондай жағдайда салдарын ескертіп немесе азайту мүмкін емес — деген генерал, мұнда білім беру саласының қызметкерлері балалардың психологиялық жағдайын, олардың мінез-құлқындағы өзгерістерді зерделеу, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларға ерекше назар аудару қажеттігін баса айтты.

Қоғамдық орындарда тәртіп орнату

Бұл бағытта да атқырылған шараларға қатысты нақты цифрларға жүгінген полиция генералы, ағымдағы жылы қоғамдық орындарда (-17,5%) және көшелерде (-16,9%) жасалған қылмыстар саны айтарлықтай қысқарды. Күн сайын құқық тәртібін қорғауға төрт жүзге жуық полицей (оның ішінде ұлттық гвардияның 145 әскери қызметшісі) жұмылдырылады. Сонымен қатар, облыс орталығында аптасына екі рет полиция қызметкерлерімен бірге патрульдеуге 2018 жылы құрылған «Жалын» студенттік жасағының балалары тартылуда. Мемлекет Басшысының ескертулерін ескере отырып ұсақ құқық бұзушылықпен күреске айтарлықтай күш-жігер жұмсаймыз, сол арқылы аса ауыр қылмыстардың алдын алуға болады деді. Бұл орайда халықтың үлкен көмегіне жүгінген генерал, «Көршілер бақылау» бағдарламасы аясында 6 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бүгінгі таңда қоғамдық тәртіпті сақтау саласын бейнебақылау жүйесінсіз елестету мүмкін емес. Қазір облыс бойынша 968 бейнекамералар орнатылған, оның 871-і облыс орталығында. Ағымдағы жылдың басынан олардың көмегімен 31 қылмыс анықталды және төрт жарым мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық құрықталды Алдағы уақытта 300 бейнебақылау камерасын орнату жоспарлануда, оның ішінде 150-і Қапшағай қаласында, 100-і Қарасай және 50-і Панфилов аудандарында орнатылмақ.

Жол қауіпсіздігі

Алматы облысы жол-көлік оқиғаларының саны бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Жыл басынан бері 330 ЖКО тіркеліп, 64 адам қаза тауып, 500-ден астам адам жарақат алған. Жол апаттарының жоғары деңгейінің себептеріне тоқталған өңірдің полиция басшысы: автокөлік ағынының өсуі, автомобильдер мен автожолдардың жай-күйіне байланысты, – деді. Бірақ негізгі себеп – жеке тәртіпсіздік және жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Жол-көлік оқиғасының 30%-ы жылдамдық режимінен асып кетуі себебінен, әрбір оныншықарсы жолаққа шығудан, десе, жаяу жүргіншіні қағып кетудің 100-ден астам фактісі тіркелгенін, оның әрбір үшіншісі жаяу жүргіншілердің кінәсінен болуда. Жолдардағы апаттылық деңгейін тұрақтандыру мақсатында біз алдын алу шараларын қолданудамыз. 22 мыңнан аса жол ережесін бұзу фактілері болды, соның ішінде 223 мас жүргізуші ұсталды. Жол қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біз қазірдің өзінде электрондық әкімшілік өндірісті байқап көріп, патрульдік полиция жұмысына енгізудеміз. Өткен жылы 211 дербес компьютерлік планшет сатып алынды, олардың көмегімен жеті жарым мыңнан астам электрондық хаттама жасалды. Жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтауға азаматтардың өздері айтарлықтай көмек көрсетеді. Көптеген фото және бейне материалдар Департаменттің электрондық мекен-жайына келеді. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері міндетті түрде тәртіп бұзушыларды анықтау және оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын қолданады, – деген генерал М.Ұрымханов кездесуге келген тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Қойылған сұрақтардың басым бөлігі мал ұрлығына қатысты болды.

Айтақын МҰХАМАДИ  


ПІКІР ЖАЗУ