Мәртебесі төмен мұғалім

0
2017

Қазіргі қоғамдағы ұстаздар мәртебесі туралы сөз қозғар алдында, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақты ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз», – деген сөзі еске түседі. Ұстаздың қадірі, мәртебесі туралы Мағжан Жұмабаевтың: «Алты алаштың басы қосылса төрдегі орын мұғалімдікі» – деуі тегін болмаса керек. Қай заманда да адамды адам ететін үш мамандықтың өкілдеріне адамзат баласы аса құрметпен қарап, қадір тұтқан. Соның бірі – мұғалім. Ал, қазіргі таңда педагогтың мәртебесі қандай? Ұлы тұлғаларымызды қаншалықты ардақтай алып жүрміз?

Былтыр мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз жолдауындағы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау жайындағы ұсынысы ұстаздар қауымын қуантқаны анық. Дегенмен, көп уақыт өтпей-ақ оқушылар арасындағы төбелес, шәкіртке қол көтеру, ата-ананың мұғалімді сотқа сүйреуі сынды оқиғалар жиілеп кетті бүгінде. Ел арасында үлкен мәселеге айналған бұл жағдайға министрлік те дабыл қағуда. Министрліктің дабыл қағатынындай-ақ бар. Соңғы кездері жасөспірімдер арасында орын алған әлімжеттік әлеуметтік желілер арқылы жиі таратыла бастады. Түркістан қаласында қатарластарына әлімжеттік жасаған оқушылардың әрекеті әлеуметтік желіде тарап, жұртты дүрліктірген оқиғаның «ыстығы» басылмай жатыпақ Қызылорда қаласында мектеп дәретханасында болған оқушылар арасындағы бейнетаспаға түсірілген оқиға жария болды. Кейін олардың есімдері анықталып, балалар 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін екендігі хабарланды. Ақтөбе облысында да оқушылар арасындағы төбелес жиілеген. Шалқар қаласында жасөспірімдер мұз айдынында сөзге келісіп қалғаннан кейінгі оқиғадан соң, олардың бірі ауруханада көз жұмды. Оған дейін дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта болған төбелестен кейін бір оқушы пышақ жарақатын алған-ды. Алматы облысы Панфилов ауданында ұстазы шәкіртін соққының астына алды. Қарағанды облысында пиццерияда орын бермегені үшін құрдастарын соққыға жыққан бірнеше жасөспірімнің есімі анықталды. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы мәлім болған мұндай оқиғалар жұртты алаңдатуда. Осы мәселенің бір жағында мұғалім тұрса, екінші қырында ата-ана тұр. Сабақ уақытында болған жағдайға тағы да мұғалімдерді кінәлайды. Сонда мұғалімде қандай мәртебе болмақ? Өздерінің міндеттері мен қазіргі беделдері туралы ұстаздардың өзінен сұрағанды жөн көрдік. «Мұғалімнің беделі қоғам алдында төмендеп кетті. Ұстаздың қадірі аз. Иығымен қағып өту, түрлі бейне жазбаға түсіру, қорқытып-үркіту, тілдеу. Қазір барлығы мүмкін. Мұғалімді қорғайтын заң жоқ. Осыны көргеннен кейін жастар мұғалім болудан қашады. Жалақы төмен, жастар келмейді. Алдымен, әлеуметтік жағдайлары дұрысталуы керек. Білікті маман ғана балаға білім, тәрбие беруі шарт. Мұғалім өз білімін жетілдіріп отыруы қажет. Қазір ғаламтор дамыған заманда кей оқушының білімі мұғалімнен артып тұратындары да кездеседі. Дәрігерлер адамның денсаулығына жауап беруі үшін 5 жыл сайын білімдерін жетілдіреді ғой, ұстаз болашақ ұрпақтың, қоғамның тәрбиесіне жауапты. Кәсіби біліктіліктерін 5 жыл сайын жетілдіріп отырса, оған жағдай жасалса деген тілек бар», – дейді Алматы қаласы, №142 мектептің ұстазы Гүлшат Қоңыртаева. Ұстаздар кәсіби мерекесі қарсаңында алдағы жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң қабылданатынынан хабардар болды. Бұл мұғалімдерді ғана емес, білім беру саласының тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмайтындарды бір серпілтіп тастады. Себебі, қоғам болып көтерген мәселенің билік тарапынан еленіп, ескерілуі сирек жағдай. Ал ұстазын қолбала еткен қоғамның ұзаққа бармайтыны жиі айтылса да, оған құлақ асқандар болмап еді. Соның салдарынан «Бір әріп үйреткен адамға қырық жыл сәлем бер» деген халық екенімізді ұмыта бастадық. Енді, сол олқылықтың орны толатын сәт туса игі. Солай болғанымен де, бүгінде қазақстандық ұстаздардың білім саласындағы шенеуніктерден басқа, атааналар мен өздері білім нәрімен сусындатып, тәрбие беріп жүрген оқушылары тарапынан көріп жүрген қысымдары аз емес. Ұстаздарды балағаттау, тіпті қол жұмсау, балаларының тәрбиесіздігіне кінәлау, тағы сол сияқтыларды бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Ұстаздарға деген сенімсіздік күннен-күнге ата-аналар тарапынан үдемесе бәсеңдеген жоқ, өйткені диктофон, фотоаппарат, мобильді телефон қолдану арқылы оқушылар мұғалімдерінің беделін түсіруде. Мұғалім мәртебесіне орай қозғалған ой-пікірімізді жинақтасақ, өскелең ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін мамандарға әлемдегі өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Алдымен жағдай туғызады, содан соң сапалы білім мен саналы тәрбиені талап етеді. Өкінішке қарай, елімізде мұғалімдерге талап қою мен міндеттер жүктеу тым ұшқары. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету. Ел Үкіметі мұғалімдердің әлеуметтікматериалдық мәртебесін көтеруге шынайы қамқорлық көрсете отырып, жоғарыдағы міндеттерді орындауды әрбір мұғалімнен тегеурінді түрде талап етсе, еліміздің болашағына сеніммен қарауға толық негіз бар. Мәселен қаладағы мұғалімдердің жалақысы орташа есеппен 80 мың теңге деп алсақ (бұл 25 жылдық еңбек өтілі бар категория бойынша), олардың алатын сомасы 135 мың теңгеге дейін өседі. Ал 15 және 3 жылдық еңбек өтілі категориясы бойынша 70 мың теңгеден 120 мың теңгеге, 56 мың теңгеден 95 мың теңгеге дейін өседі. Бұл қала бойынша. Ал ауылдық мектептер үшін 10-15 мың теңгеге көп. Ал Грузия еліндегі ұстаздардың орташа жалақысы 340 АҚШ долларын құрайды. Ал еңбек өтілі жоғары ұстаздар 500 АҚШ долларына дейін айлық алады. Дәрігерлері 5 мыңнан 15 мың АҚШ доллар арасында айлық алады. Германияның білім саласындағы мұғалімдерге беретін орташа жалақысы 3 607 евро немесе 1 446 407 теңге. Айына табатын табыс 1,5 миллион теңгеге жуықтайды. Қытай елінде ұстазға қарсы шығу түгілі, артық сөз айтсаңыз жауап бересіз. Олардың құқы заңмен қорғалады. Жалақылары да – 1000 АҚШ доллары. Ал, бізден экономикасы әлдеқайда төмен Моңғолия мемлекетінің өзінде ең көп жалақы мұғалімдер мен дәрігерлерде. Мұғалімдер 700000-800000 түгірік (120 мың теңге), дәрігерлер миллион түгірікке дейін алады. Зейнетке шығатын жастары да 55 жас. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: жалпы білім беру саласынан қаржы үнемдеу болашақты ұрлаумен тең екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Г.БЕКСАУЫТҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ