Қылығың қандай, қазақ қызы?

958

Қыз қылықты болмай, ешуақытта ұлт ұлықты болмақ емес. Қырық үйден тыйым көрген кешегі қазақ қызы мен ұр да жық кейіпті, даңғаза тірлікке бойы үйренген бүгінгі қазақ қызы ұятының арасы жер мен көктей. Олай дейтініміз де, бұрындары құшағы баладан, қолы бесіктен босамайтын қыздар бұл күндері қолына темекісін, қолтығына сырасын қысып, көп көшенің бірінде үймелесіп тұрғанын көресің. Бұл аздай, әлеуметтік желіде әумесерлікке әуес болған қазақ қыздарының бүгінгі бейтаныс, бейәдепке толы буалдыр бетбейнесі қынжылтады.

Расында да, кешегі күн келбетті, ай дидарлы биязы қазақ қызының бүгін де қатары тым сиреп барады. Бейне бір қоңыр әуен сынды самалдың ырғағымен тербеліп, жайқалып тұрған көк майса кенет жұттың кесірінен жүдеп, қурап сала беретініндей көрініс еді. Сонда айдыңкүннің аманында қандай жұт жүрді екен деп таңдануға һәм үрейленуге тиістісіз. Ол – замана дерті. Ол – тәннің қалауына жығылып, жанның жұтаңдығынан туған әрекет. Соның әсерінен жаһандану алдындағы адами мүсіннің ғана емес, жанның жаппай жадағай, жалаңаш күйде қалуы – рухизаттың азып-тозуына әкелді. Нәтижесінде, ұлдан ұят, қыздан қылық кетті. Осыдан барып бұрымдыларымыз елдің ертеңі, ұлттың анасы болудан қалып бара жатқандай көрінер болса керек. Неге мұнша торығуға, түңілуге дес берді дейсіз ғой: оған да себеп жоқ емес. Тәнін жалаңаштап, ұлттық нақыштағы әшекейлерді тағынып, сәукеле киіп суретке түскен қаршадай қыз әлеуметтік желідегі халықтың наразылығын тудырды. «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп таңдай қаққан шығыс шайыры Фирдоусидің меңзегені әсте, бұл емес еді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, тараздық қыз қазақ аруының абыройына күйе жақты. Сонысы үшін бейтаныс адамдардан таяқ жеп те үлгеріпті. «Бұл әрекетімді анам мен әжем қолдайды» дегенінде жерге кірерге тесік таппадық. Осындайда көрнекті жырау Кенже Ақтанның мына болжауы еске түседі: «… Ұят кетіп қызыңнан, Жалаңаштар денені. Жез тырнақты жалбыр шаш, Кейпіне жынның енеді». Осыдан артық не айтуға болады?! Бұл қыздың қылығын отандық телеарналар жарыса жариялап жүріп, жарнамасын жасады. Иә, оның да көксегені көгілдір экран еді. Инстаграм желісін қолданушылардың арасында «хайп» деп аталатын қайырсыз түсінік пайда болды. Яғни, халықтың қарсы пікірі мен агрессивті көзқарасын өршіту арқылы атақ жинауды көздегендердің көргенсіз әдісі. Онымен қоймай, кейбір әріптестеріміздің «ару» деген сөздің түп-төркініне, этимологиясына үңілмей, осы бір қылықсыз қыздың әрекетін «18 жастағы ару…» деп жарияға жар салғаны тіпті қарныңды ашырады. Осындайда бассыздықты тыйып, заң жүзінде жауапқа тартар тәртіптің болмай тұрғандығы қынжылтады. Қолында билігі бар, аузында дуалы сөзі бар ағаларға жаутаңдайсың тағы осындайда. Оспадар опасыздықтың бетін қайтарар дейсің. Заң алдында тектеу көрмей тайраңдағандар «хайптың» да құдай алдындағы айыпқа әкелерін білсе екен дейсің… Әйел затын, табиғатын, қадірі мен қасиетін Шал ақыннан асырып айта алған кім бар? «Кез болса ер жігітке жақсы қатын, Жақсы қатын шығарар ердің атын. Жаман болса өз қылған істерімен, Еріне қалдырады жаман атын», – дейді. Тәрбиесіздік атаулысы қыздың өз әулетін қаралап қана қойса мейлі ғой. Бір күйінтерлігі, ұлттың азаматының бағасын, қадірін бес тиын ететін де осылар емес пе? Осындайда, жазушы Ақселеу Сейдімбектің: «Алты-жеті жастамын, келе жатсам ауылдағы көшенің анау басында бір әйел жолымды тосып тұр; не жүрмейді, не басқа жаққа кетпейді, жақындай бергенімде «Қарғам, жолыңды кеспейін деп тосып тұрмын, сен өтіп кет – сен еркексің ғой», – деді. Жеті жасар баланың жолын жетпістегі кейуана кеспеді, сөйтіп…», – дегені еске түседі. Айналаңызға қараңызшы, осы бір көріністің тап бүгін қайталана қоюы мүмкін бе?! Әсте мүмкін еместей көрінетіні несі екен? Бұдан соң, «…жолыңды кеспейін деп тосып тұрмын, сен өтіп кет – сен еркексің ғой», – деп жеті жасар балаға жол бермек түгілі, жетпістегі қарияның аяғын мыжып-жаншып өтуге бар бүгінгі «бұрымдыларымыздың» қадірсіз қамқарекетіне қарның ашпай көрсін!..

Данагүл БЕРЕКЕТ

Бөлісу:

ПІКІР ЖАЗУ