Тайбурылдың шабысы-ай

0
2589

Жылдағы дәстүр бойынша, жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа арналған Республикалық оқушылардың айтысы ақынның туған өңірі Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағашта өтті. Оған Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі мектеп түлектерінің бәрі келді. Тіпті кей облыстардан екіден, үштен, Алматы қаласының өзінен бес айтыскер қатысты. Ұзын саны отызға жуық шайырлардың арасында айтулы додаға жылда келіп, төселіп қалған ақпа жорғалар да, жаңадан келіп қосылған тайбурылдар да бар.

Көкірегі қазына жырға толтырған, көмейлері бүлкілдеген жас толқындардың бәсекесі тартымды да тартысты өтті. Ақындарын баптап алып келген ұстаздармен бірге өңірлерінде айтыс мектебін ашып, айтысқа бейімі бар жас түлектерге бағытбағдар беріп жүрген, айтулы айтыскер ақындар да келіпті. Келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған аудандық білім беру бөлімінің басшыларына мың алғыс. Айтыстың беташарын ақынның ұрпағы Ерсұлтан Жамбылов Жамбыл бабасының «Ақындарға арнау» толғауымен ашты. Бұдан кейін «батырлар мен ақындар елінің» атынан аудан әкімі Бағдат Әлиев айтыскерлерге сәтсапар тіледі. – Ардақты ағайын, бауырлар! «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деген дәстүрмен алдарыңа келіп, батамды беріп тұрмын. Жыр алыбы Жамбыл аталарыңның туған күні қарсаңындағы дәстүрлі айтыстың жеңімпазы болыңдар. Алдарыңда айтысқа баға беретін төбе билер отыр. Осылардың сүзгісінен өткендер «жүзден жүйрік» атанады. Жүректерің лүпілдеп, аталарыңның тойына жырдан шашу шаша келгендеріңе мың да бір рақмет! Біз, қазақ деген халық – қабырғалы елміз! Тайдан тұлпар, баладан болашақ күткенбіз. Міне, сендерді үкілеп, үмітімізді ақтайды деп, бәйгеге қостық. Өмір – бәйге, өмір – тартыс, өмір – күрес! Елдің алдына шығып, екі ауыз сөз айту оңай емес, ал оны өлеңмен өрнектеу деген, шын таланттың ғана маңдайына бұйырған бақ! – деп сөзін түйіндеген Бағдат Әлиев: Қаны бар жүрегінде бабалардың, Іздері бар сендерде ағалардың. Егеменді елінің ертеңі үшін, Тайсалмас, сәтті болсын қадамдарың, – деп бір шумақ өлең де арнады. Кезек ақындар айтысына да келіп жетті. Ауыздықпен алысқан тайы бар, құнаны бар, жас дүлдүлдер арасында алғашқы болып сахна төріне жеребе бойынша маңғыстаулық Мейірбек Саламатов пен Алматы қаласынан Бекжан Базарбаев арасындағы сөз барымтасында 300 әулие жатқан, Пір Бекеттің елінен келген жас ақынның салмағы басым болды. «Жастар жылы, жастардың ауызын баққан арлы ағайын» деп төкпелете жөнелген Мейірбек қарсыласын алып та, шалып та жықты. Шымыр ұйқаспен өрнекті ой айта білген жас дарын, «Жұрттың бәрін мақтайды Астананы, осылар Ұзынағашты көрді ме екен» деп шенді-шекпенділерді бір түйреп, Жамбыл бабасы туралы толғап-толғап жіберді. Қарт Каспийдің өзінен келген үш айтыскердің ішінде, осы Мейірбектің мерейі үстем болды. Батыс Қазақстаннан келген Әділ Ахметов, тараздық Сәбит Искаков бірбірімен деңгейлес өнер көрсетті. Атыраудан келген Иса Нұрасыл мен Алматы облысының намысын қорғаған Нұрбек Уәлиевтің айтысы қызықты болды. Иса: «Өңің қап-қара екен, суырып сап айтысайын. Аяз атаға айтарсың тақпағыңды» – деп қарсыласын қамшылағаны сол екен, Нұрбек те: «Түймедей ақын болғаныммен, түйедей ақындарды құлатамын» деп қарсыласын тойтарып тастады. Нұрбектің аралас мектепте оқитынын тілге тиек еткен атыраулық ақын әжуалай жөнелгенде мысы басып кетер ме екен деген ойда отырғанбыз. Алайда, жетісулық жүйрік бұл тығырықтан да шықты. «Орыс-қазақ мектебінде оқысам да, орысшалап сөйлемеймін депутаттай» дегенде залдағы көрермен қыран топан күлкіге көмілді. Алматы қаласынан келген бес ақын да шама-шарықтарынша айтысты, қайсыбіреулерінің қарсыласы осал болып бақтарын байлап тастады. Солардың қатарында, түркістандық Жақсылық Ерболсынмен айтысқан алматылық Алтынай Қанапияны айтуға болады. Солтүстік Қазақстан өңірінен келген Аяған Диас пен тағы бір алматылық Нұрислам Абитилда айтысында Солтүстіктен келген жас қыранның сөз саптасы анағұрлым ұтымды шықты. Алматы облысынан Айым Асылбекқызы мен Маңғыстаудан келген Жанболат Алиевтің айтысы деңгейлес болды. Айымның айтысып жүргеніне әрі өнер мектебінде дәріс алатынын ескерсек, ақындығынан әртістігі басым. Сара Тоқтамысоваға еліктегісі келетін сияқты. Сахнада артық қимыл жасайды. Оны баптап жүрген Айтуған мен Аяулым ұстаздары ескеруі керек. Балаға дұрыс бағыт-бағдар бергендері абзал. Әрі суырыпсалмалықты ұштастырса игі болар еді. Болашағынан мол үміт күтуге болады. Алматы қаласынан Арман Жаппарбек, Қарағандыдан Жанарыс Тілеубек, Шығыс Қазақстаннан Жеңіс Ұларбек, Ақтөбеден Жаңажол Мұқанов, Өскемендік Дилназ Баекенова, Маңғыстаудан Алшын Суменов, Алматыдан Нұртай Әбілқайыр мен Айым Қуанышқызы, Ерқұлан Риза мен Қарағандыдан Абзал Мақашов, Жамбыл облысынан Жансая Сарсенбаева мен шығыстық Мирас Закенов, Алматы облысынан Жансая мен Сыр елінен келген Айқын Төлеген арасындағы жыр сайыста, Керекуден келген 6-сынып оқушысы Шыңғыс Асхатұлының, Қарағандыдан Абзал Мақашовтың, Жетісудан Жансая Қанаттың таза айтыскер екендігін айрықша айтқым келеді. Арқаның дәстүрімен Аманжол Әлтаевтың мақамына салып, кербездігіне дейін меңгерген Абзал бала аламанның алдын бермейтін арғымаққа айналуы бек мүмкін. Айтысқа алғаш қатысып тұрса да Жансаяда жүрек бар. Өзінен ірі ақындар келсе де іркілмей, сабырлы салмақпен жауаптасып айтысуда кішкентай қара қыздың алғырлығына тәнті болдық. Ал, алтыншы сынып оқушысы керекулік Шыңғыстың аяғы жерге тимесе де, сөзі атты адамды аударып түсірердей қауқарлы. Ақындықпен қоса жыршылықты қоса меңгерген. Сөздің сөзін алып, қарсыластың қапысын тауып айтатын алғыр ақын. Маңғыстаудан келген Мейірбек мектеп көрген, әйдік ақын Нұрлан Мұсаевтың інісі Фархат Мұсаев баптаған. Ол термелеп айтса Абылға, жаударып айтса Жамбылға тән өнерін көрсетті. Қазылар алқасының сұрыптауымен қызылордалық Айқын Төлеген, Маңғыстаудан Мейірбек Саламанов, қарағандылық Абзал Мақашов пен жетісулық Айым Асылбек, Павлодардан Шыңғыс Асхатұлы мен Алматы облысынан Жансая Қанат және Қызылжардан Диас Аяған мен Алматы облысының тағы бір жүйрігі Нұрбек Уалиев арасында өрбіді. Ұзынағаштағы ұландар айтысы да мәреге жетті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, бұл жолғы бас бәйге 130 000 мың теңгені Маңғыстаудан келген Мейірбек Саламатов алса, бірінші жүлде 80 000 мың теңгені қарағандылық Абзал Мақашов, екінші бәйге 60 000 мыңды Алматы облысынан Нұрбек Уалиев пен керекулік Шыңғыс Асхатұлы, үшінші орын 30 000 мың қаржылай жүлдені Алматы облысынан Жансая Қанат, Айым Асылбек, Сыр елінен келген Айқын Төлеген қанжығасына байлады. Сондай-ақ аудан әкімі Бағдат Әлиев тағайындаған арнайы жүлдеге Солтүстік өңірден келген Диас Аяған лайықты болды. Айтысқа қатысқан өзге ақындардың барлығы да құралақан қайтқан жоқ, қаржылай және Алматы облысының білім басқармасының арнайы мадақтама қағаздарымен марапатталды.

P.S: Дегенмен Жамбыл Жабаевқа арналған оқушылардың республикалық айтысына қатысқан Алматы облысы ақындарының деңгейі жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын айтуымыз керек. Республикаға жүйріктің жүйрігі ғана ілігу қажет еді. Алайда, біздегі айтыс мектебі мүлде сын көтермейді. Сондықтан, айтысты түпкілікті қолға алып, қайта шыңдамаса, мына қалыппен біз ұзаққа бармаймыз. Мүмкін, Жамбылға арналған айтысты республикалық көлемде екі жылда бір өткізіп, облыстық деңгейдегі айтысты жылда өткізу керек шығар. Әуелі, айтыс мектебін қалыптастырып, ақындарды іріктеп, үлкен сайысқа баптаған жөн. Көзді жұмып, жабыға жабу жауып, бәйгеге қосып, тақым қысып отырғанымыз елден де, жерден де ұят болар!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ