Жетісу диқандары шаруаға кірісті

0
1348

Жеті қат көктен құт қонып, жер қойнауын ырысқа толтырған Жетісу жерінде көктемгі науқандық егістік жұмыстар басталып кетті. Бүгінде жер игеріп отырған диқандар мен шаруа қожалығы иелерінің нағыз қарбалас шағы. Облыс аймағындағы егіс алқаптарына тұқым себу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты, Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров Талдықорған қаласы маңындағы егістік алқаптарына барып, заманауи техникалармен тұқым шашу жұмыстарын өз көзімен көріп қайтты.

Алматы облысы – отандық ауыл шаруашылығы саласындағы өнімнің 20 пайызын қамтамасыз ететін аграрлы аймақ. Былтыр облыстағы жалпы егіс алқабы 4,5 мың гектарға ұлғайтылып, 953 мың гектарға жеткен болатын. Есеп бойынша, 25 мың гектар суармалы алқап айналымға қосылды. Соның нәтижесінде, диқандар игеретін жер көлемі де көбейді. Өңіріміздің негізгі өнімі саналатын қант қызылшасы былтырғы жылы 441,5 мың тоннаға дейін жетсе, биылғы жоспарда дақылдың егіс алқабын 14 мың гектарға жеткізіп, жиналатын өнім мөлшерін 485 мың тоннадан асыру басты мақсат болып отыр. Сондай-ақ, аймақта жүгері өсіру жұмыстары қарқын алып келеді. Бүгінде Панфилов ауданының диқандары жүгері алқабына тұқым себуде. Биылғы егіс көлемі 26 мың гектардың шамасында болмақ. «Бүгінде аймағымыздағы егін егу жұмыстары басталып кетті. Оған қажетті техникалар мен жанар-жағармай, тұқым және тыңайтқыш мәселелері толық қамтамасыз етілген. Жетісулық шаруалар биыл негізінен басқа да дақыл түрімен бірге жүгері, май бұршақ және қант қызылшасын өсіруге ден қойды. Нақтырақ айтсақ, биыл аймақта 14 мың гектар жерге қант қызылшасы, 81 мың гектарға жүгері, 100 мың гектардан астам аумаққа май бұршақ егіледі. Себебі, қазір түрлі зауыттар ашылып, май бұршаққа сұраныс артуда. Сонымен бірге, қазіргі жер жыртып, тұқым сіңіруге қолданылып жатқан озық үлгідегі техника лар мол өнім алуға мүмкіндік береді. Мәселен, өткен жылы қант қызылшасынан әр гектар жерден орташа есеппен 400 центнерден өнім алынса, биыл бұл көрсеткіш 600 центнерден айналады деп жоспарлануда», – деді жұмысты бақылау барысында БАҚ өкілдерінің алдында сөз алған С. Бескемпіров. Сондай-ақ, әкім орынбасары биыл өңір диқандарына көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай атқару үшін 21 мың тонна жанармай бөлінгендігін де атап өтті. Жеңілдетілген бағамен берілетін жанармайдың 6 мың тоннасы ендігі шаруа қожалықтарына жеткізілген. «Қазір аудандардың тапсырысы бойынша, алғашқы айда тұтынатын 6 000 тонна сұйық отынды жергілікті жерге жеткіздік. Өңірде отын сақтайтын 6 жанар-жағармай қоймасы бар. Шаруашылықтардың техникасы толықтай дайын. Диқандар қажетті тұқыммен қамтамасыз етілді. Жетісудағы егістік науқанын уақытында аяқтаймыз», – деді Серікжан Ісләмұлы. Егістік алқабында бой көрсеткен Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Жамаубаев бүгінгі күнде Талдықорған қаласына қарасты жалпы егістік алқабы 6600 гектарға жуық екендігін айтты. Соның ішінде қант қызылшасы егілген аумақ 160 гектарды құрайды. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 70 гектарға жоғары. Қант қызылшасын егуді 8 шаруа қожалығы қолға алған. Қазір тұқым себу жұмыстары жалғасуда. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, егістік жұмыстарын бекітілген мерзімге сәйкес, мамыр айының 5-10 аралығында толық аяқтау көзделуде. Ал, Қапшағай қаласына қарасты Шеңгелді елді мекенінің диқандары көктемгі егіс науқанын наурыз айының аяғында-ақ бастап кеткен болатын. Қар ерте еріп, жер қарайған шақта шаруалар техникасын сайлап алған. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев егіс жұмыстарын дер кезінде жүргізу үшін жергілікті атқарушы билікке тапсырма берген еді. Осы орайда, қазірде еңбеккерлерге барынша қолайлы жағдай жасалуда. Аймақ диқандары бұдан ертерек, тіпті наурыз айының алғашқы күндері-ақ жер жыртуға дайын болатын. «Көксу» қант зауыты былтырғы берешегін әбден кешіктіргенінің салдарынан науқанды жайырақ бастауға тура келген. Бұл мәселеге жергілікті әкімдік өкілдері араласқаннан кейін ғана кәсіпорын шаруалар жиған өнімнің ақысын санап, қолдарына әрең ұстатқан. «Ақөзек» кооперативінің жетекшісі Думан Майлыхановтың айтуынша, 2018 жылы өткізген тәтті түбірдің қаражаты дер кезінде берілмей кешіктірілген. Мәселе шешімін тапқаннан кейін жанаржағармай мен тұқымын түгендеп алған. Шеңгелдінің шаруалары тәтті түбір мен соя сынды майлы дақылды өсіруге ден қойып келеді. Бір қуантарлығы, егіс басында ескі техниканы көрмейсіз. Себебі, лизинг жүйесі арқылы Қапшағай қаласындағы техника түгелдей жаңартылған. Тек дала еңбеккерлері тапсырыс берсе, жерін де игереді.

Д. БЕЙБІТ.

Кілтсөздер:ӨНЕРКӘСІП


ПІКІР ЖАЗУ