Жігер, жүрек және ниет болса…

0
3052

«Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан» деген екен Дени Дидро. Ерікті волонтер болу дегеніміз риясыз мейірімділік көрсету, жаңа дағдыларға үйреніп, адамдарға жақсылық жасау, төрт қабырға ішіне қамалып, тағдырына налып отыратын мүмкіндігі шектеулі жандардың қызықты да əсерлі істер мен оқиғалардың ортасында болуы үшін көмектесу, тағдырдың тезімен қиын жағдайға тап болған адамның жанынан табылу, қолынан келгенше сүйеу бола білу деген сөз. Ол екінің бірінің қолынан келмейтін іс.

Ерікті волонтерлер болу үшін адамдарға ниет білдіру, жаны ашып, есіркей білу, ашуды  ақылға  жеңдіре  білу,  командада жұмыс жасай білу ғана емес, адалдық, парасаттылық сияқты адамгершілік қасиеттер керек.

Жылдың басын енді парақтаған тұста волонтер  жайында неге тіл қатты демессіздер. Өздеріңіз  жақсы білетіндей,  өткен жылдың мамыр айында Қостанайда өткен Қазақстан-Ресей жастарының форумында «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты қолдайтынын айтты.  «ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін. Сондықтан Сіздердің келесі жылды Волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер — жаны таза адамдар. Олар — елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», — деді Президент. Көп ұзамай, 2020 жыл Қазақстанда Волонтер жылы деп жарияланды. 26 тамызда Мемлекет басшысы қаулыға қол қойды. Ол бойынша Үкіметке Волонтер жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен,  2020-шы   жыл  Еріктілер жылы деп жария етілді.  Осыған  сай «Біздің елде еріктілік қаншалықты дамыған, еріктілер жылында не істеу керек?» деген заңды  сұрақтар туындайды.

 Қазақстандағы волонтерлік мәселесі

Жалпы,  желілердегі   мәліметтер бойынша,  Қазақстанда волонтерлік 1991 жылдан бастап БҰҰ Еріктілер қозғалысы бағдарламасының пайда болғаннан кейін дами бастаған. Сондай-ақ,  Қазақстан Республикасы Үкіметінің БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының еріктілер қозғалыс қарарына қаржылай демеуші болған. 1997 қараша айында Қазақстан 100-ге жуық дүние жүзі елдерімен қатар A/RES/52/17 қарарына қол қойып, 2001 жылды Халықаралық Еріктілер жылы деп аталса,  Қазақстан Индонезия, Лаос, Маврикия мен Нигер мемлекеттерімен бірігіп 2002 жылдың желтоқсан айында A/RES/57/106 қарарына демеуші болыпты.  Онда былай делінген: «…волонтерлік принципі кез келген стратегияның маңызды компоненті, кедейшіліктің азаюы, тұрақты дамуы, денсаулық, төтенше жағдайлардың алдын алу жəне басқару, əлеуметтік интеграция жəне əлеуметтік эксклюзивті жеңу жəне дискриминация».

Ең алғашқы ҮЕҰ Қазақстан тəуелсіздік алғаннан кейін құрылып, міне солар алғашқы болып қоғамдағы волонтерлік идеясын көмектің жаңа формасы ретінде, қоғамдық өмірде азаматтық қоғамның араласуы жəне одақ мəселелерін сол одақпен шешу ретінде таратқан. Бүгінде  волонтерлік сферасы көптеген жетістікке жеткеніне қарамай, ол пайда болу кезеңінде, өзіне қызығушылық танытқан барлық мүдделі жақтың  көңіл бөлуін қажетсінеді: ҮҮЕҰ жəне халықаралық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер жəне бизнес құрылымдар. 2006 жылы 25 шілде Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстандағы азаматтық қоғам 2006-2011 жылдарға арналған дамуының концепциясына» қол қойды. Бұл концепция азаматтық қоғамның ұйымдасуы мен дамуын түрлі коммерциялық емес ұйымдардың ашылумен, мысалға ҮЕҰ секілді ерікті əлеуметті белсенді халықты тартуын қолдайды. Концепция азаматтық қоғам дамуының маңыздылығын көрсеткен. «Волонтер» немесе «Ерікті» сөздері концепцияда көрсетілмеген, тек қана ортақ бағыт берілген, ол «Елімізде азаматтық қоғамның дамуының жоғарғы сатысы ретінде волонтерлік институттың дамуын алу». Еріктілер – демократиялық елдердегі ең үлкен жұмыс күштері саналады. Соңғы уақытта Қазақстанда көптеген еріктілер ұйымы құрылды.

Ашық мәліметтерге жүгінсек, 2019 жылдың басында Қазақстанда 170-ке жуық волонтерлік ұйым тіркеліпті. Айтқандай, мұқтаж жандар мен түрлі апаттан зардап шеккен жерлестерімізге ресми тіркелмеген топтар мен жеке тұлғалар да көмек қолын созуда.

Еріктілердің  еңбегі ерен

«Облыс бойынша еріктілер қозғалысын дамыту, олардың беделін арттыру бағытында бірқатар ауқымды жұмыс  атқарылуда,  – дейді Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының оқу орындармен, үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс  және отбасы құндылықтарын дәріптеу бөлімінің басшысы  Ұлан  БОРАНБАЙҰЛЫ.

Өңір бойынша игі іс жасауға ұмтылған 20-ға жуық ұйым бар.  Бұл  тек тіркелгендері ғана.  Ал еріктілер  саны  бүгінге дейін 1300-ден асады. Талдықорған қаласындағы  нақты тіркелген 8 ұйым  арасындағы   белді  ұйымның бірі деп «Жетісу еріктілері» тобын даралап айтуға болады. Аталмыш топтың жетекшісі Жазель Серікқызы Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы – 2019» байқауында «Үздік жас ерікті» номинациясын жеңіп алды. Әлбетте, бұл топтың даралығы осы байқауды жеңіп алғаннан деп түсініп қалмайық, екі жыл қатарынан бері аталмыш топты құрып, еріктілердің жұмысын жандандыруға барынша үлес қосып, қоғамдағы  көмекке зәру жандарға қуаныш сыйлап, қолұшын беруге әзір тұратын топ құрамындағы  160-тан  астам  жастың ерен еңбегі бұл. 

Жалпы, Алматы облысында  жастардың еріктілер қозғалысын дамыту жобасы  қарқынды түрде жүзеге асырылып, барлық аудан, қалаларда оқыту семинарлары, «Жетісу еріктілері» атты еріктілер слеті өтті. Биыл да  еріктілер жұмысын кеңейту барысында жұмыстар жалғасын таппақ. Соның бірі, осы қаңтар айының ішінде Алматы облысы әкімінің қолдауымен Талдықорғанда   Еріктілер жылының  Республикалық ашылу  салтанаты өтпекші.  Оған  әр облыстың еріктілерімен қатар,  қонақ  ретінде халық қалаулыларынан бастап  эстарда жұлдыздарына дейін шақырылған. Салтанатты жиынның  өтуіне қатысты  басқарманың жоспары да  әзір.

 «Еріктілік»  деген  қазақтың қанында  бар қасиет. Неге десеңіз,біз үлкенге құрмет,  кішіге ізет деп барлық жанға көмек қолын созудан ешқашан  тартынған емеспіз. Алайда, қол ұшын  бере тұра, біз оны жария етіп, насихаттаған  да емеспіз.  Сол секілді еріктілер тобының да тіркеліп, есеп беруі шартты дүние емес. Сонымен қатар  өз еркімен  тіркеліп келгендердің жұмысын жария етудің де ешартықтығы жоқ деп білемін. Біздің басқарма осы бағытта жұмыс атқарып жатқандықтан,  волонтерлық  ұйымдармен   бірлесе жұмыс істеу де басты міндетіміз. «Өз  елі өз ерлерін  ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп Жетісудың дүлдүл ақыны жырлағандай, меніңше, ерен еңбек етіп жүрген еріктілер жұмысын  ескерусіз қалдыру   орынсыз деп есептеймін.Сондықтан,  өзгелер үшін бар мейірім-шапағатын аямаған ерктілердің еңбегі  де ескерусіз қалмаса деген ой біздікі,  – дейді ол. Оның айтуынша  биыл  Еріктілер жылы болғандықтан, жастарды волонтерлыққа  көбірек тарту қажет.

Ерікті болу – ерлік

«Жер бетiнде жыл өткен сайын адам саны көбейгенімен, адамгершiлiк кеміп барады. Ең бірінші кезекте мейірімге мұқтаж уақытта үлкен-кішінің бір-біріне ізет көрсетіп, сәлемдесуінің өзін игі іске балайтындар аз емес. Өйткені қазіргі таңда адами сезімдердің арзандағанын, пейілі тар жандардың артқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл –  нарық заманының көлеңкелі тұстарының бірі ғой»  –  деп бастады әңгімесін «Жетісу еріктілері» тобының  төрайымы  Жазель ДАКУБАЕВА.

–  Алғаш рет колледж студенттері болып  қаламыздағы «Айналайын» балалар үйіне табан тірегенімізде ондағы балғындардың «Бізді өздеріңізбен бірге алып кетіңіздерші» деген сөздері жүрекке қозғау салды. Содан кейін өзіміз арнайы топ құрып, осындай игілікті істі қолға алсақ деген ұйғарымға келдік. Интернетке кіріп, ізденіп көрдік. Содан Жетісу жастары орталығына барып, тіркелуге болатынын оқыдық. Осылайша,  2018 жылы 1 қыркүйегінде   тіркелдік. Алғашында  топта  9 ғана  адам болды. Бір ай ішінде қатарымыз тағы он адаммен толығып, өзіміздің  «Жетісу жастары», «Жетісу еріктілері» атты парақшаларымызды аштық. Сөйтіп, жұмысымызды бастап кеттік. Қаладағы арбатқа барып  «Сіздерді тобымызға шақырамыз» деген үндеу  плакатымызбен  топтың құрамына адам жинауды бастадық. Сөйтіп, қатарымыз одан ары көбейе  түсті. Бүгінде тобымызда  160-тан аса жас бар. Біз көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі, жұмыс істеуге жарамсыз жандарға  ерекеше басымдық береміз. Екі жыл ішінде өңір бойынша біраз  қайырымдылық шарасына атсалыстық. Мәселен, биылғы  «Алғыс айту» күні қарсаңында  топ жастары концерт берумен шектеліп қалмай, кішкене болса да тәттілер алып берсек деген оймен қалталы азаматтарға хабарласып,  көмек қолын созуды өтінген едік. Ал бұл ағалар осы мерекеде үйсіз жүрген жандар болса, оларға баспана сыйлауды жөн көріп, қуанышты  одан әрі еселей түсті. Яғни, бес бірдей отбасы баспаналы болуға қол жеткізді.

  Жастарға қызмет көрсету орталығы әр жастың  пікірін тыңдап, тың идеялары болып жатса қолдап, бізге мотивация  беруге қашанда әзір.  Ал енді біз өз үзеңгілестерімізге қымбат киімдеріміз бен телефонымызбен емес, игі істерімізбен үлгі болғымыз келеді. Уақыт өте жұртшылықтың жақсылық жасау арқылы жарысқа түскенін қалаймыз. Және соның түбінде алға озатынына сеніміміз зор»,  –  деген Жазель Серікқызы әр бесінші адам  волонтерлықтың не екенін  көп жағдайда түсінбей жататынын айтады. Мәселен, ауылдарда  жалғыз тұратындардың үйін барып жинау, тамағын  жасап беру,   жай ғана көшедегі жолдан өте алмай тұрған үлкен кісіге көмектескен адам ерікті болып саналады дейді.

Педагогтар отбасында дүниеге келген Жазель ерікті болуды ерлік деп санайды.

Қазақ халқында «Көп түкірсе – көл» деген сөз бар. Үй салып, қорасын жөндегенде, егін орып, бақшасын жиғанда шамасы жетпей, жұмысы өнбей жатса – ағайын-туыс, көрші-қолаң, достары жиналып, қайтарымсыз көмек көрсетіп «Асар» жасаған. Егер отбасы қайғылы жағдайға ұшырап, үй-жайынан, малынан айырылса – ауыл болып «Жылу жинап», қолдарынан келген көмегін көрсеткен. Қазақтың ежелден келе жатқан осындай салт-дәстүрлерін қазіргі волонтерлер де жоқтатпай келеді. Олардың басты мақсаты – қоғамға қызмет етіп, мұқтаж жанға көмек беру.

P.S. Қолы қысқа демейтін, қолтығынан демейтін адамдар арамызда аз емес. Солардың арасында қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға дәйім қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны ерек. Жалпы, өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келеді. Бүгінде әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтыруда.

С.ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 

Кілтсөздер:ЕРІКТІЛЕР ЖЫЛЫ


ПІКІР ЖАЗУ