Антына адал дәрігер

0
3056

Адам жанына араша түсетін дәрігер мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Тек бір адамның ғана емес, ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін медицина өкілдерінің мойнына артылар жүктің өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. Осы салада қажырлы еңбек етіп, жүкті әйелдердің денсаулығын бақылауда өлшеусіз үлестерін қосып жүрген ақ халаттылардың еңбегі ерен. Солардың бірі – Динара МҰСАЕВА.

Динара Мұхамеджанқызы Алматы облысы Жаркент қаласының тумасы. Жастайынан дәрігерлік мамандықты сүйіп, ақ халат иесі болуды армандаған. Мектепті тәмамдағаннан кейін Талдықорған қаласындағы медициналық колледжінде білім алды. 2006-2017 жылдар аралығында Талдықорған қаласының перинатальдық  орталығында акушер болып қызмет атқарады. Қазіргі таңда Талдықорған қаласындағы №2 емханасы  әйелдер кеңесі бөлімінің аға акушері.

«Бұл саланы таңдап, акушер атануыма ешкім ықпал етпеді. Олай дейтінім, алдымдағыларға қарап бой түзеп, соларға еліктейтіндей отбасымызда медицина саласының қызметкерлері болған жоқ. Дәрігер маманы болу бала күнгі арманым еді. Тіпті, мектепті бітіргенімде де бағаларым өте жақсы болды. Басқа сыныптастарым жоғары оқу орындарына құжат тапсырып жатқанда, анам да менің жоғары білім алуымды қалап, ақыл-кеңесін айтты. Алайда, мен  өз дегенімнен қайтпай, медициналық колледжге түсуге бекіндім. «Армандар адастырмайды» дегендей, асқақ арман  шынайылыққа ұласып, артынша орындалды да», – дейді Динара ағынан жарыла.

Медицина тілі қиын тіл. Аса жауапкершілік пен ержүректілікті талап ететін бұл саланы таңдауға екінің бірінің жүрегі дауалай бермесі анық. Әрі мамандық бойынша білім алған кезде қазақ тіліндегі оқулықтардың аздығынан қиналғанын да жасырмады кейіпкеріміз.

– Мектепті қазақша бітіргендіктен, қазақ тобында оқыдым. Бірақ біз оқыған тұста қазіргідей емес, қазақ тіліндегі медициналық оқулықтар өте аз болатын. Негізінен орыс тіліндегі кітаптардан өзіміз аударып оқитынбыз. Алайда оқытушылардың  арқасында жақсы білім алып шықтық. Оқуды аяқтағаннан кейін перинатальдық орталыққа қызметке орналасып, сол жақтағы білікті мамандардан үйреніп, көптеген тәжірибе жинадым.  

«Он  жылдан артық перзентханада қызмет атқардыңыз. Ол бөлімде қызмет етудің қиыншыдығы неде?»  деген сауалымызға орай: «Әр қызметтің өзіндік қиыншылығы болатыны сөзсіз, алайда мен  мамандығымды мақтан тұтамын» деген жауап алдық. Осыдан-ақ оның өз ісіне адал, әрі асқан жауапкершілікпен қарайтынын маман екенін аңқардық.

–  Әр саланың қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Алғаш жұмысқа орналасқанымда 21 жаста едім. Алайда түрлі ауыртпалықты да, қиыншылықты да көре, біле жүріп үйренесің, шыңдаласың. Менің қанатымның бекіп, көп нәрсені үйренуіме перзентханада жұмыс атқаруым себеп болды десем артық айтқандық емес. Перзентхана қызметкерлерінің мойнындағы жауапкершілік жүгі орасан зор. Себебі, онда алдың келген босанатын әйелдің жағдайы әртүрлі болады. Яғни, күн-түн демей, солармен бірге қиналыста, арпалыста жүресің. Акушер психолог ретінде жүкті әйелге демеу беріп, барынша көмектесуі керек. Ең бастысы – бір емес, екі адамның – ана мен баланың өміріне жауапты болып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуіңе тура келеді –деген Динара ханым әңгіме барысында перзентханада жүкті әйелдерді қабылдау бөлімі, босандыратын бөлім, босанбастан бұрынғы және босанғаннан кейінгі бөлімдер  туралы айтты. Динара Мұсаева алғашында босанғаннан кейінгі бөлімде жұмыс жасап,бір  жылдан соң қабылдау, кейіннен босандыратын бөлімге ауысқан, Ол жерде 4-5 жылдай жүкті әйелдерді босандырып, артынша аға акушер атанған.

Перзентханада жұмыс істеу өте қызықты да әрі қиынның қиыны. Жаңа өмір есігін ашқан шақалақты  алғаш күтіп алатын – біз, акушерлер ғой. Сәбидің дүниеге келуіне көмектесу, оның  алғашқы іңгәлаған даусын естудің өзі зор қуаныш. Ал қазіргі қызметім  жүкті әйелдердің орталыққа тіркелгеннен бастап перзентханаға дейінгі мерзімдегі хал-жағдайын бақылау  болып табылады.  Босанатын әйелдің перинаталдық орталыққа дейінгі жағдайының қалыпты болуы үшін әйелдер кеңесі бөлімінің қызметкерлері әрқашан бар күштерін салады. Олар аман-есен қол-аяғын бауырына алып, босанғаннан кейін де  бізге хабарласып алғысын айтады. Сол кезде іштей қуанып қаламыз,– деп толқынысты сәттерін жеткізді ол.

Динараның әйелдер кеңесі бөліміндегі қызметі де аса тиянақтылық пен жауапкершілікті қажет етеді. Себебі, бөлімге келген әр жүкті әйелді орталық базаға тіркеп, бақылауда ұстау –  басты міндет

Жүкті әйелді базаға тіркегеннен кейін, оның жүктіліктің қай кезеңінде тіркелгені, қандай анализдер өткізгені жайлы мәліметтерді қадағалаймын. Сондай-ақ, ана мен балада кездесетін түрлі ақаулардың алдын ала отырып, бақылауда ұстау,  оларға кеңестер өткізуді ұйымдастыру мен атқаратын міндеттердің қатарында,– дейді ол.  

Антына  адал дәрігер Динара Мұхамеджанқызы   бүгінде Алла берген   бір ұл мен бір қызды  тәрбиелеп отырған  аяулы ана, сүйікті жар. Жүкті әйелдерге қолұшын беріп, жәрдемдесуді адами борышы санаған оның тынымсыз қызметіне табыс тілейміз.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

 



ПІКІР ЖАЗУ