Талқыбаев неге Толқыбаев болып кеткен?
ТАЛДЫҚОРҒАНДА тарихи тұлғалар, белгілі қоғам қайраткерлері мен тарихи оқиғалардың атымен аталатын көшелер жетерлік. Атаулардың әрқайсысының өзіндік сыры мен мәні бар дегенімізбен, көп жағдайда оның неге олай деп аталғанынан, тарихынан хабарсыз болып жататынымыз рас.
Көшеге аты берілген белгілі тұлғалардың қандай адам болғандығын тек сол көшенің ғана емес, қала тұрғындарының да білуі шарт. Дей тұрғанмен, осы жағынан көбіміз ұятты болып жатамыз. Бұл жайында неге сөз қозғады демеңіз. Естеріңізде болса, көзі тірісінде танымал журналист Бейсен Құранбек ағамыз Талдықорғандағы ең үлкен көшенің жай ғана Жансүгіров деп аталуына наразы екендігін айтып жазды. « ЖАНСҮГІРОВ деген адам тарихта болмаған. ЖАНСҮГІР деген болған. Ол кісі Ақсуда туып, алашқа аты шыққан ақиық ақын ІЛИЯСТЫҢ әкесі. Ал көше ІЛИЯСҚА берілген. Олай болса, көшенің аты неге ІЛИЯС КӨШЕСІ деп аталмайды? Советтік кезеңнің өзінде АБАЙ КӨШЕСІ деп атадық ғой, АБАЙ ҚҰНАНБАЕВ КӨШЕСІ емес. Немесе ІЛИЯС АҚЫН көшесі. Талдықорғанда АҚЫН САРА деген жап-жақсы атаулы көше бар ғой. Тым болмаса, ІЛИЯС ЖАНСҮГІРҰЛЫ» көшесі. «ОВ» пен «ЕВ» тің қажеті қанша? Оны бәрібір кейінгі ұрпақ алып тастайды. Сондықтан кейін өзгертпеу үшін көшенің атын бірден дұрыстап қою керек-ау», – деп еді ФБ парақшасындағы жазбасында.
Одан бері аттай зулап үш жылдан асып уақыт өтті. Бірақ, көтерілген мәселе ескерусіз, жабулы қазан күйінде қалып қойған сыңайлы ма, қалай? Негізінде, көше аттарында көп сыр бар екенін ескере бермейтініміз өкінішті…
ӨРКЕНИЕТ тұрғысынан айтсақ, көше атауы – ертеңгі тарих, әрі мәдениеттің белгісі. Ендеше, көше атауына қатысты көпшіліктің де сөзіне құлақ түріп көрдік. Олардың да ойлары марқұм ағамыздың сөзімен астасады. Яғни, Жансүгіров емес, Ілияс ақын көшесі, не болмаса Ілияс Жансүгірұлы атындағы көше болып өзгерсе, бұл егемендігіміздің айқын белгісі болар еді деген пікірде. Мұнымен қоса олар көрікті Талдықаладағы кей көше аттарының атауларында кездесетін грамматикалық қателер туралы да сөз етті. Мәселен, Абай көшесімен қиылысып жатқан бір ғана М. Талқыбаев көшесіндегі үйлердің маңдайшасында жазылған атауда қарапайым әріптен жаңылысып, грамматикалық қателік орын алған. Яғни, М. Талқыбаев көшесі «М.Талқыбаев көшесі», «Толқыбаев көшесі» және «Толкибаева атындағы көшесі» деп үш түрлі жазылып ілінген. «Көше атауының қоқыс салатын жәшікке жазылуы былай тұрсын, ол да қатемен тұр. Осы қаланы басқарған басшы (1968-1979 жылдар аралығында) Молдақасым Талқыбаев мұны көрсе, не дер еді деген ойға қалады екенсің?» – деген қала тұрғыны сөзінің жаны бар.
КӨҢІЛГЕ көп ой салған көшеге ат ізін салып, барып көрдік. Айтқандай-ақ, көше атауындағы қателер көзге оттай басылды. Ал, мұндай мәселелерді тілге тиек еткенде ономастикалық бөлімі қайда қарап отыр екен деген заңды сұрақ ойға оралады.
Біле білсек, Молдақасым Талқыбаевтың ел ішіндегі еңбегі ұшан-теңіз. Ал, есімі елге белгілі тұлғалардың атын қате жазу ұят, әрі бұл бір білместік қана емес, қадағалаудың да жеткілікті болмауынан ба дейсің. Осы мақаланы жазуға түрткі болған көпшілік «көше атауындағы қателер түзеле ме?» деген сауалын да қойды. Бұл тұрғыда осы іске жауапты мамандар не айтады екен? Бір қаланы аттай он жыл басқарған соғыс және еңбек ардагері атымен аталған көше атауындағы қате түзетіле ме?
БІЛІП ЖҮРІҢІЗ
Молдақасым Талқыбаев туралы
КППС мүшесі, партия, комсомол, соғыс және еңбек ардагері Молдақасым Толқыбаев 1922 жылы 7 қарашада Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Шаған ауылында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Генерал – майор Панфилов атындағы 8 – ші гвардиялық дивизияның құрамында Ұлы Отан соғысына қатысты. 1942 жылы ауыр жараланғаннан кейін Совет армиясы қатарынан босатылды. Қайтып келгеннен кейін 1942 жылдың маусымынан колхозда есепші, одан кейін комсомол, совет органдарында істеді. М. Талқыбаев барлық қызметте өзінің білгір ұйымдастырушы, қабілетті және белсенді қызметкер екенін көрсете білді. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен, төрт «Құрмет Белгісі» орденімен, бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен және СССР-дің 13 медалімен марапатталды.
1990 жылы 6 сәуірде ауыр науқастан дүние салды.
С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.