Антына адал ақ халаттылар

0
2457

Қандай да бір мемлекеттің дамуы халық денсаулығына да байланысты екені белгілі. Сондықтан, елімізде бұл салаға баса назар аударылып, ұлт саулығын жақсарту үшін қажетті барлық жағдай жасалып келеді. Денсаулық сақтауды қаржыландыру үшін мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, жаңа емдеу орталықтары да әр жерден бой көтеруде. Солардың бірі –Талдықорған қаласындағы жаңа ықшам ауданда еңсе тіктеген алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы.

Аталмыш орталық Талдықорған қалалық № 1 емхананың бөлімшесі ретінде жұмысын бастағанына бір жылдан асты. Орталық алғашында 17 мың тұрғынға қызмет көрсеткен. Қаладағы 6, 7, 8-ықшам аудандарды қамтыған мекемеге жаңадан қолданысқа берілген коттеджді қалашық қосылып, бүгінде жалпы саны 19 мыңға жуық адамның денсаулығына бақылау жасап отыр. Емхана екі бөлімшеден құралса, соның бірі – жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімшесі. Мұнда 10 учаскелік пункт жұмыс атқаруда. Орталық меңгерушісі Ерасыл Еділханұлының айтуынша, таяу арада бұлардың қатары тағы бір бөлімшемен толықпақ.

– Біздің орталық қызмет көрсететін шағын аудандардағы тұрғындар санының өсуіне байланысты тағы бір учаскелік бөлімше қосу жоспарда бар. Қазіргі таңда сол үшін жұмыстар жасалуда. Себебі, 1 тәжірибелік дәрігерге 1700 тұрғын тіркелуі тиіс. Бүгінде тұрғындарды қабылдайтын 10 учаскелік бөлімшеде  9 жалпы тәжірибелік маман қызмет атқарады. Мұндағы дәрігерлердің барлығы дерлік жас мамандар. Клинико-диагностикалық көмек көрсетуді қамтамасыз ететін екінші бөлімшеде 12 бағыттағы 14 маман жұмыс істейді,– деген орталық меңгерушісі маман тапшылығының жоқтығын айтады.

Жыл өткен сайын өңір медицинасы қанатын кеңге жайып, мүмкіндіктері арта түсуде. Оған дәлел облыс көлеміндегі жаңадан бой көтерген емдеу орталықтарының барлығы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі. Бұған қоса халыққа сапалы қызмет көрсету деңгейі күн өткен сайын артып келеді.

–  Орталық былтыр ғана қолданысқа берілгендіктен, ғимарат іші қазіргі заманға сай медициналық технологиялармен жабдықталған. Мәселен, мұндағы мамандар инструментальдық зерттеу аппараттары, лор-комбайн сынды тағы басқа да қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Тағы бір айта кетерлігі, Талдықорған қаласы көлемінде балалардың көз ақауларын дәрі-дәрмектің көмегінсіз, аппарат және көз жаттығулары арқылы емдейтін жалғыз кабинет біздің орталықта орналасқан,– дейді Е. Еділханұлы.

Атақты ғалым Ибн Сина «Дәрігердің үш құралы бар: жылы сөз, шипалы өсімдік және өткір пышақ» деген екен. Алдына келген науқастың жылы сөзбен жанын, дәрі-дәрмек пен пышақ арқылы тәніндегі дертін жазатын ақ халаттылар да келбеті келіскен осынау мекемеде қызмет атқаратындарына дән риза. Солардың бірі – 25 жылдық тәжірибесі бар маман Гауһар Бармақова. Ол алғашқы еңбек жолын облыстық перинаталдық орталықта  бастап, кейіннен қалалық емханада учаскелік педиатр болып жұмыс жасайды. Соңғы үш жыл көлемінде балалар кардиологы болып қызмет атқарып келетін ол қазіргі медицинаның жеткен жетістіктері сала мамандары үшін өте қолайлы екенін айтады.

– Заман көші ілгерілеген сайын медицина да күн санап дамып, түрлі жаңалықтарды жаратуда. Өзім алғаш қызмет жолымды бастаған жылдармен салыстырғанда бүгінгі таңдағы қызмет көрсету сапасы әлдеқайда жоғары. Бұл бұрынғы уақыттарда науқастарға сапасыз қызмет көрсетілді деген сөз емес. Тек қазірде емханаға келушілердің де, дәрігер мамандардың да уақытын тиімді пайдаланып, жылдам көмек көрсетуге барынша жағдай жасалған. Мәселен, қазір орталыққа келетін тұрғындарды тіркеу алдын ала электронды түрде жүргізіледі. Жеке кітапша мен талон арқылы дәрігерге қаралу өткен уақыттардың еншісінде қалды. Яғни, жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы әр келуші жайлы мағлұматтар алып, қажетті шараларды жасауға мүмкіндік бар. Мұның барлығы өз кезегінде тұрғындар мен дәрігерлер үшін өте қолайлы,– дейді Г.Баймырзақызы.

«Жас келсе, іске» дегендей, орталықта Алматы облысы әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жас мамандарға ерекше көңіл бөлінеді. Айта кетсек, жақында ғана Талдықорған қалалық емханасының қос бірдей дәрігері баспана кілтін алса, соның бірі осы орталықтың қызметкері. Алдағы уақытта баспана кезегіндегі мамандардың «5-10-25» бағдарламасы аясында үйлі болуы үшін өтініш берілген.

Антына адал дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейтіні көпке мәлім. Осындай қиын да қызықты саланың ауыр жүгін арқалап жүрген жас маманның бірі – Әсем Қайратқызы. Бірнеше жыл бұрын жоғары оқу орнын тәмәмдаған ол қызметін туған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда дәрігер болудан бастаған.

Жарты жыл ауылда қызмет атқарғаннан кейін, Талдықорған қалалық №1 емханасына терапевт, соңынан осы орталыққа жалпы тәжірибелік маман ретінде ауыстым. Әр нәрсені бастағанда өзіндік қиындықтары болатыны белгілі ғой. Әсіресе, ауылдық жерде қызмет атқарудың біршама қиыншылықтары бар. Мәселен, елді мекендердегі амбулаторияларда мұндағыдай медициналық жабдықтар болмағандықтан, көп жағдайда науқастарға көмек көрсетуде қиындықтар туындайды. Алайда, мейлі қала, мейлі ауылда болсын, медицина саласында қызмет атқару асқан жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Мысалы, қазір учаскелік дәрігер болып қызмет атқаратын болғандықтан, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қарауыма тура келеді. Сол себепті, жан-жақты маман болуымыз қажет.Осы орайда біз сияқты еңбек жолын жаңа бастап жатқан жастар үшін тәжірибесі мол, білікті дәрігерлердің ақылы мен жол көрсетуі маңызды деп ойлаймын,– деген жас маман алдыңғы аға буыннан әлі де үйренерім көп деп есептейді.

Мұндай мамандарды даярлауда медициналық мекемемен бірге тәжірибелі дәрігерлер де үлкен үлес қосады. Ширек ғасырын осы салаға арнаған кардиолог Гауһар Бармақованың пікірінше, саладағы жас мамандар жоғары деңгейде қызмет атқаруда. Себебі, олардың барлығы заманауи технологияны жетік меңгерген, озық үлгідегі аппараттармен еркін жұмыс жасай алатын өз ісінің білгірлері.

– Орталықта көптеген жас мамандар қызмет атқарады. Оларға тәжірибе жетіспеуі мүмкін, алайда білімі таяз деп айтуға келмейді. «Көш жүре түзеледі» демекші,оқыған білімі мен біліктілігін осында іс жүзінде жүзеге асыру арқылы жетілдіреді деп ойлаймын,– дейді ол.

Бүкіләлемдік пандемия жағдайында да қалалық емхана қалтқысыз қызмет атқарып, тұрғындарға барынша көмек көрсете білді. Карантин уақытында бес мың адамға бір мобильдік топ құрылып, емханада оқшаулау кабинеті ашылған. Фильтр бөлмесінде медицина қызметкерлерінің ауруды жұқтырмауына көңіл бөлініп, сақтық шараларын толығымен орындалды. Ал алдағы уақытта болжанған коронавирустың екінші толқынына емхана қызметі барынша дайын екендерін айтады.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ

 


ПІКІР ЖАЗУ