Ақынмен өткен әсерлі кеш

0
2586

Талдықорған қаласына қарасты Еңбек ауылдық мәдениет үйінде белгілі айтыскер ақын, «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Айтақын Бұлғақовпен кездесу өтті. «Жыр – жүректің бұлағы» атты кешке ауыл тұрғындары мен мәдениет үйінің әжелер ансамблі қатысты.

Кездесуге жиналғандар ақынның өмірі, адами болмысымен жақыннан танысып, рухани әлемі, шығармашылығымен сусындады. Сонымен қатар, әр тақырыпта сөз қозғалған келелі жиы

нда ақын жастар тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығы, қазіргі айтыс өнері жөнінде кеңінен ой толғап, әсерлі әңгіме өрбітті.
– Әр ақынның айрықша мақамы мен өзіне тән ерекшелігі, өзіндік салған сара жолы болуы керек. Жастардың ой-санасын ұлттық деңгейге көтеріп, мемлекеттік сананы қалыптастыру тұрғысында айтыс өнерінің де тигізер пайдасы орасан зор. «Халықтан асқан сыншы жоқ» демекші, ақынды өсіретін де, өшіретін де сөз мәйегін түсінген тыңдарман. Ал бұрынғы мен қазіргі айтыстың арасында да біршама айырмашылықтар бар екені осы күнде айтылып жүр. Бүгінгінің айтысында шоу жасау мәселесі басым. Сондықтан сауатты да тапқыр айтыскер ұл-қыздарды бүгіннен бастап тәрбиелеп, қара сөздің қадірін білетін қалың көрерменге сапалы айтыс көрсетуіміз керек,– деген ақын қазіргі таңда өнер мектебіндегі айтыс сыныбында он шақты шәкіртін ұлттық өнерге баулып жүргенін тілге тиек етті.
Кеш барысында Айтақын Мұхамадиұлы өнер жолындағы қызықты әңгімелерімен бірге, жақында ғана оқырманға жол тартқан «Кәусар» атты кітабынан бірнеше өлеңін оқып, артынша жиналғандарға жырдан шашу шашты. Өлең десе ішкен асын жерге қойып, делебесі қозатын айтыссүйер қауым да ақынға жылы лебіздерін білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
– Ең алдымен осындай керемет кездесудің өтуіне мұрындық болған ауылдық мәдениет үйіне айтар алғысым шексіз. Ал Жетісу өңірінің бетке ұстар ақындарының бірі Айтақын Бұлғақовты жерлесіміз ретінде айрықша құрметтеп, оның айтыс өнеріндегі өзіндік ерекшелігін өте жоғары бағалаймыз. Киелі өнердің қасиеті қанына дарып, әке жолын қуған Жандарбектей балаға бір жағынан әкелік, бір жағынан ұстаздығымен тәрбиесін берген оның осы күнгі айтыс өнерінде алар орны бөлек деп есептеймін. Бүгінгі кездесу барысында ақтангер ақынның тек өмірі мен шығармашылығы жөнінде біліп қана қоймай, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіретін кішіпейілділігі мен қарапайымдылығына тәнті болдық,– дейді ауыл тұрғыны Нағима Рахымжанқызы.
Өз кезегінде сөз алған мәдениет үйінің әдіскері Гүлбақ Әлибекова мұндай кездесу шаралары сөз қадірін түсінетін қазыналы қарттарымызға қуаныш сыйласа, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің басты құралы екенін жеткізді.
– Ауылдық мәдениет үйінің ұйытқы болуымен жылына 50-ге тарта іс-шара өткізіліп тұрады. Мұнан сырт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы атқарылатын жұмыстар тағы бар. Алайда карантиндік талаптарға байланысты биыл көптеген шара кейінге шегерілген еді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өткізілген бүгінгі кездесудің басты мақсаты – айтыс өнерін бағалап, ұлттық құндылықтарымызды жастардың бойына сіңіру, осы арқылы мемлекеттік тілді дәріптеу. Бұған қоса, күнделікті күйбең тірліктен шаршаған ауыл тұрғындарының рухани демалуына жағдай жасайық деген ниетпен ұйымдастырылған кеш өте әсерлі өтті,– деген ол алдағы уақытта да осындай іс-шараларды көптеп өткізу жоспарда бар екенін айтады.

Лина АЙДЫНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ