ТАСҚЫН СУ САБЫРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

0
1476

«Көтеремнің аузы көкке ілінсе, көксау да өлмейді» демекші, өлмеген құлға көкорай көктемнің де құлағы қылтиды. Үш ай тоқсан, елді қаһарлы аязымен, қарлы боранымен ықтырған кәрі қыс та орынтағын босатып, бала көктемге тізгін беруге мәжбүр. Әсіресе, Қазақстанның Сотүстік және Арқа өңірінде, Оңтүстіктегі, Шығыс Қазақстанда биыл қыс ерекше болды. Ақтүтек боранмен, ат құлағы көрінбейтін қалың қар жа-уып, көктайғақ жолдардан автокөліктер қозғалысы кідірді. Құтқарушылар қатарында мінсіз қызмет атқарған Төтенше жағдайлар Департаменті сарбаздарының қырағылығы да осы қыста байқалды.

Мәселен, Алматы облысы ТЖД мен жол қызметінің қызметкерлері міндеттерін адал атқарғаны үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар Министрінің алғыс хатымен марапатталды. Марапатталғандар қатарында «Үшарал — Достық» және «Сарыөзек — Көктал» автожолдарының учаскелерінде ерен ерлік танытқан еңбеккерлер бар. Ауа райының құбылуына байланысты климаттық жағдайлардың, қатты желдің және нөлдік көрінудің нәтижесінде құтқарушылар арнайы техникамен, кейбір жерлерде күрекпен биіктігі 2-3 метрге дейінгі қар құрсауын бұзды. 2020-2021 жылдардың қысқы кезеңінен бастап 292 азаматты құтқарып, қауіпсіз жерге эвакуациялаған. Осы құтқарылған 292 азаматтың ішінде жүктіліктің сегізінші айындағы екі әйел баласымен бірге болған. Сондай-ақ, 106 бірлік түрлі автотехника құтқарылып, қар құрсауының салдарын жою бойынша жедел қабылданған шаралардың арқасында азаматтардың ешқайсысы зардап шекпеген. Өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарған, Респубикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда төтенше жағдайларды жоюды ұйымдастырғаны үшін ТЖД-нің қызметкері «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен, және ҚР ТЖД-нің Алғыс хатымен ТЖД-нің 8 қызметкері «ИВРУС» ЖШС-нің 4 қызметкері «Альянс» инженерлік-өндірістік орталығы «ЖШС-нің және «АБК-АвтодорНС» ЖШС-нің 1 қызметкері марапатталды.
Жылдың төрт мезгілінде де оқыс жағдайларға сақадай сай тұратын төтеншеліктер үшін бұл марапаттар маңдай-тердің бір тамшысындай ғана болуы мүмкін. Қытымыр қыс қанша қысса да жылымығы білініп тұратын Алматы облысында биылғы қыс өзінің ерекшелігімен есте қалатын болды. Желтоқсаннан бастау алып, ақпанның ортасына дейінгі ауа-райына болжамында дауылды ескертулер жиі жасалды. Мәселен, Іле Алатауы тауларының баурайларында, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндерінде айтарлықтай жауын-шашынның түсуіне және тұрақсыз қар жамылғысының жай-күйіне байланысты 2 және 3 ақпанда қар көшкінінің түсуі мүмкін деген хабар тарады. Ауа райының күрт суытып, енді бірде жылынуы, қар көшкіннің еруіне байланысты, табиғат аясында жүрген адамдарға тік қарлы беткейлерге шығуға тиым салынды.
Ақпан айының 4-і күні Алматы уақытымен 12 сағат 23 минутта «ҚР БҒМҒКСТӘЭ» ММ сейсмикалық станциялар жер сілкінісін тіркеді. Бұл жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан 230 шақырым жерде, таулы аймақ саналатын Кербұлақ ауданында болды. Алдын-ала түскен мәлімет бойынша Алматы облысы ТЖ Департаменті мен жергілікті атқарушы органдар Полиция, Қазселденқорғау, прокуратура және басқа да ұйымдар жұмылдырылып төтенше жағдайға сақадай сай тұрды. Абырой болғанда аталған аймақтарда жер сілкінісінен ғимарттардың қирауы, адамдар арасында құрбандар саны тіркелмеді. Әпсана-аңыздарда қара жерді мүйізімен көтеріп тұратын көк өгіздің бас шайқауы тыныш өтті деуге болады. Алайда, жиі-жиі дауылды ескертулерден Алматы облысының аумағында және Алматы қаласының іргелес аумағында оң температуралық фонның болжамына және аралас жауын-шашынның түсуіне байланысты көлбеу ағынның қалыптасуы, мұз құбылыстарының әлсіреуі және өзендердегі су деңгейлерінің көтерілуі күтілуде. «Әләулайым бітсе, хәлауләйым бар» демекші, тарпаң тағдырдың табиғатты астаң-кестең жасауы лезде-ақ.
Мәселен, қатты жауын-шашын салдарынан Алматы облысының үш елді- мекеніне қыстың көзі қырауда Ескелді және Көксу аудандарының Ешкіөлмес, Алдарбергенов, Талапты ауылдарында жеке тұрғын үйлерді тасқын су басты. Елді-мекендердегі 40-тай үйдің аула маңыннан төтеншеліктер 10 адамды эвакуациялап, оларды орта мектепке орналастырды. Сондай-ақ, су басқан ауылдарды мотопомпалардың көмегімен суларын сорып, ТЖД-да жедел штаб құрылды. Аула маңындағы арықтарды тереңдетіп, үйінді бө-геттер салып, еріген суды бұру шаралары жүзеге асырылды. Осы төтенше оқиғаларға 67 қызметкер, 15 дана техника, 18 мотопомпа, жергілікті атқарушы органдардан 28 қызметкер, 5 техника және 5 бірлік мотопомпа, АПБ 7 қызметкер 3 бірілік техника тартылды. Мұнда да құдай сақтап, мал-жан аман қалды. «Құдай да сақтанғанды сақтайды» деген тәмсіл жиі айтылады. Табиғаттың бір жылып, бір суытуы жайбарақаттылықты көтермейді. Бұл әсіресе Алматы облысы үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Өйткені, Қызылағаштағы плотинаға толған су ернеуінен асып күш бермей, білдей бір ауылды адамдарымен қоса тасқын су шайып кеткен-ді. Ескелді мен Көксу аудандарындағы орын алған су басу қаупі облыстың кез-келген аймағында болуы бек мүмкін. Таулы өңірлердегі қалың түскен қар күн жылынса күрт еріп, тасқынға ұласса, ел-жұрт ұлардай шулап қалмас үшін Төтенше Жағдайлар Департаменті ескерткен ескертпелерді жергілікті билік өкілдері назардан шығармауы тиіс. Су тасқынынан кейін ауа-райы құбылып, екі күн қар жапалақтап қайтадан жер бетін ақ мамыққа орады. Көктайғаққа ұласты. «Алматы – Өскемен» республикалық маңызы бар автожолының 558-ден 615-ке дейінгі шақырымында (Үшарал қаласы-ШҚО шекарасы) қоғамдық және жүк көліктері үшін қозғалыс уақытша шектелді. 10 ақпанда ауа райы суытып, республикалық маңызы бар «Алматы — Шелек — Хоргос» (Арман елдімекенінен Алтынкөл елдімекеніне дейін) автожолында барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс жабылды. Бұл ескертулерге бейбіт тұрғындар қаншалықты мән беріп жүр. Міне, басты дабыл осында. Апатқа тек қана жергілікті билік өкілдері мен күштік құрлымдар, төтенше жағдайлар департаменті ғана жауапты дегендер қатты қателеседі. Апат айтып келмейді. Мейлі жер сілкінісі немесе қар көшкіні, не тасқын су болсын бұлардың бәрі тілсіз жау. Сондықтан, жеке тұрғын үйлердегі тұрғындарда күн көзі жылт етіп жылынса, аулаларындағы арықтардың көзін ашып, тереңдетіп қазып, сақтық шараларын жасауы тиіс. Әрі, аула маңында қыс бойы жиылған қарды аулаққа шығарып, тазалық шараларына қазірден қам жасаулары керек-ақ. Көзді ашып-жұмғанша күллі мұсылман қауымы тойлайтын әз наурыз, көктем келе жатыр. Күннің көзі жылынып, тіршіліктен хабар беріп тұрған табиғат ананыңда түрленетін уақыты таяу. Түрлі індеттің де өршитін кезеңі осы мезгіл. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» кезеңінде әлем болып күресіп жатқан тажалдың құрығында тұрған адамзат баласы, табиғат тажалына тап болмасын деп тілеу тілейік. Тосын оқиға, апаттар болмасын десек, жергілікті билік өкілдері де қазірден бастап елдімекендердегі ауыл тұрғындарының жарғақ құлағын жастыққа тигізбеу керек. Қырағылық танытып, қауіпті аймақтарды шолып, тиісті мекемелер алдын алу шараларын қамдауы тиіс. Әйтпесе, айтпай келген аппаттың себеп-салдарымен күресу – қыруар қаржыны шашып, арты орны толмас өкініштерге ұласуы әбден мүмкін. Қар көшкіні көңілге қарамайды. Тасқын су сабырлықты көтермейді. Сақ болайық, ағайын!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ