«Мейірімнің өнерлі ұландары»

0
1383

Айгүл  ТӨЛЕГЕНОВА:  «Қызымның  есімі  –  Айзере, 10 жаста.  Ол қаладағы  №28 IT мектептің 5-ші сыныбында оқиды. Отбасында 3-ші бала, әпкесі және ағасы бар. Бауырларымен қарым-қатынасы өте жақсы. Кішкене кезінен  өзіне не керегін, не қалайтынын біледі. Әпкесі мен ағасына қарап мектепке баруға асығатын. Үш жарым жасында «мені мектепке апаршы»,  –  дейтін үнемі.  Төрт жасқа тола салысымен мектепалды даярлыққа апардық. Талабының арқасында әлі күнге дейін оқуда озат, не істеседе бар ынтасымен, қызығушылықпен  жасағанды ұнатады. Екінші  сыныптан бастап  өз қалауымен хореографияға барып жүр.  Би билегенді,  қолдан  түрлі заттар жасағанды, сурет салғанды жақсы көреді.  Қолөнер мен биден  байқауларға қатысып, жүлделі орындармен марапатталды. «Мейірім»  орталығы ашылғаннан бері  «Бейнелеу» үйірмесіне  барады. Қосымшадан келе салысымен салған суреттерін қайта  салып, оларды әдемілеп бояп отырады.  Балаларды өнерге баулуда осындай  орталық ашқан Гүлмира ханымға және оның ұжымына айтар алғысым шексіз».

Айгерім ҚАЖИЕВА:  «Отбасында – төрт бала. Екі ұл, екі қызым бар. Қыздарым осы «Мейірім» шығармашылық  орталығындағы үйірмеге барады. Тұңғышым – Айым,  11 жаста. Көктал  шағын ауданындағы №11 мектепте оқиды. Бос уақытында отырып ән айтқанды, би билегенді ұнатады. Әр нәрсеге қызығушылығы басым.  Ал, екінші қызым – Гүлімнің жасы сегізде. Олда №11 мектепте оқиды. Сабақтан келген соң қолөнермен айналысқанды ұнатады.

Мінезі тұйықтау, көп сөйлей бермейді. Сол себепті де үйірмеге берген болатынмын. Бір-біріне серік болсын деген мақсатпен екі қызымды да «Мейірім» шығармашылық орталығына «Актерлік өнер» үйірмесіне бердім. Аз ғана уақыт  ішінде қыздар өздерін емін-еркін ұстауды, сөйлеу мәнерін, мимикамен жұмыс жасауды үйренді.  Ойларын анық жеткізеді, көпшілік алдында қысылмай сөйлеуді де бойларына сіңіріп жатыр. 

Актер болудың қыр-сырын да біліп келеді. Екеуіде айнаның алдына  отырып алып  түрлі мимикалармен, бірде күліп, бірде мұңайып жаттығулар жасайды.  Болашақта актриса боламыз деген армандары бар.

Мен балаларымды осындай үйірмеге бергеніме қуанамын.  Қыздарымның керемет  орталыққа барып, өнерлерін ұштап жатқанына ризамын. «Мейірім» шығармашылық орталығының ұстаздарының еңбегі жана берсін. Актерлық қырларына баулып жатқан  Жұматай  Әміреевке  де рақмет айтқым келеді. «Мейірімнің» өнерлі ұландары көбейе берсін».

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ