Сахнадан сән, сөзден мән кетті

0
302

Қазақ қай заманда да әнде кие бар деп ұққан. Ертедегілер қолына домбырасын алып күй тартып, әуезді әнін шырқап «Әу» демейтін қазақ жоқ деп жүретін-ді. Қазіргілер де «әу» дейді, бірақ, дәл сол бұрынғы ата-әжелеріміздей емес. Баяғының «Халық әндері», «Шәмшінің әндері», патриоттық әндер ұмыт болғалы қай уақыт. Ал бүгінгінің әуендері туралы айтудың өзі өкінішті. Қазір екінің бірі әнші, екінің бірі жұлдыз. Алайда айтқан ән жүрекке жетпейді. Туындыларын шығара сала, жарқылдатып бейнебаян түсіріп, оны эфирден көрсетуге асығады. Кезінде үлкендер шетелдің әнін тыңдап жүрген баланың жайын ойлайтын еді. Қазір өзіміздегілер де шет еліңнен құр қалып жатқан жоқ. Өсіп келетін жастарды жілігі татымайтын арзан жылтыраққа үйір етудің үлгісін барынша көрсетіп келеді. 

Әмбебап сазгерлер де күннен күнге көбеюде. Әні мен сөзін өзі жазады, өзі орындайды. Оған тағы тарсыл, гүрсілін қосып әннен сән, сөзден мәнді қашырады. Жасыратыны жоқ, кейбір концерттерде әншілерге қарап қарның ашады. Халық алдында жүрген азаматтар болған соң жауапкершілікті сезінсе ғой дейсің. Керісінше көретінің – алқын-жұлқын қимылдап, қалай болса солай киініп, сахнаның киесінен қорықпайтын, көрерменді сыйламайтындар болады. Әншілердің көбі жеңіл ақша табуға әуестеніп алды. Тыңдаушының да талабы соған сай. Әр жерден ұрлап-жырлаған әніне тойда жер тепкілеп билеп қайтқаннан басқа жасары болмай тұр. Өнердің насихаты емес, күн көрістің амалы екенін еріксіз мойындайсың. «Көңілге түрлі ой салар» деп  Абай ақын айтқандай, жүрек қылын тербейтін әндер жайында емес, пендешіліктен өнерге қарай созылған ісіне налисың. Сахнаның салмағын сезінбейтіндер шығарып, айтып жүрген әндерінің аты да айғайлап тұр-ау. Мәселен, «Чики-чики», «Ұйқым келмейді», «Пайдақор», «Красный көйлек» секілді әндердің тақырыбынан-ақ мәтіннің қандай екенін білуге болады. Осыған қарап бүгінгі жастар сөз бен әннің жүйесі мен мағынасын түсінбейтін жағдайға жетті  ме деген ойға қаласың. Сахнада селкілдеп би билеп, мәнсіз ән айтатын әншілер жастардың үлгі тұтатын тұлғасына айналғаны қорқынышты. Ең қауіптісі –  соларды үлгі тұтып, өзінің ұлттық музыкасына емес, өзгенің жеңіл, сырты жылтыраған іші қуыс әндеріне бой үйреткен жастар тобы толық қалыптасты. Тіпті, «rap», «q-pop», «r’n’b», стиліндегі әндер өтімді болғасын басқасын айтпай-ақ қоялық. 

«Әннің де естісі бар, есері бар» дейтін халық едік. Қазір соның естісі ескі заманда қалып қойып, бізге тек есері жеткендей күйдеміз. Танымы кең, талғамы биік бабалар салған өнерді қадірлеп, жандандырудың орнына, сол жолдан жаңылып барамыз. Неге?

А. БЕЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ.


ПІКІР ЖАЗУ