«Алты алаштың ардақтысы, абызым»

0
540

Ахмет Байтұрсынұлы 5 қыркүйек 1872 жылы қазіргі Қостанай облысы, Жангелді  ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген.  Ақын, әдебиет  зерттеуші  ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы. Қазақ халқының 20-шы ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі де, бірегейі болған мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы,  ағартушы,  Алаш-Орда үкіметінің мүшесінің туғанына биыл 150 жыл толды. 

Шығармашылық жолын өлең жазудан бастаған ақын өз дәуіріндегі еңбекші халықтың ауыр хәлін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын жырына арқау етті.

Қараңғы түнектегі туған елін, оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге үндеді. Қанаушы тап өкілдері патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын сынады. Қазақ халқының ұлт болып ұйысуы жолында күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген қоғам қайраткері Сталиндік қуғын-сүргіннің құрбанына айналды. Бір емес, екі мәрте абақтыға тоғытылып, алған бетінен қайтпаған ол бар күш-жігерін ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға жұмсады. Тар жол, тайғақ кешу жолдарында басына төнген қауіп-қатерге қарамастан ағартушылық бағыттан танбады.

Тау тұлғалы толағайдың құрметіне және Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Ұлылықтың отын жаққан шырықшы» атты конференция Көксу аудандық кітапханасында өтті. Оған  Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ермек Ақшабаев, Н.Алдабергенов  атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Ақбөпе Жиенқұлова,  Б.Құндақбаев атындағы атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі  Данияр Серғазин, Көксу ауданының Құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаубай Бәзілов қатысты.

Конференцияға  жиналушылар слайд арқылы аудандағы жыл бойынша атқарылған Ахмет Байтұрсыновқа арналған іс-шараларды көрсетті. Бұдан кейін Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ермек Сүндетбайұлы сөз алып, мерейтой иесінің 150 жылдық құрметімен орайластырылған Қазақстан халқы тілдеріне күніне орай  ұлт ұстазының қазақ тілі оқулықтарын жасаудағы ерен еңбегіне тоқталды. Ол өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алғанын, онымен қоса қазақ графикасының негізін қалаушылардың бірі болғанын, қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алғанын айтты. Оны қазақ фонетикасына икемдегенін, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды әліпбиден шығарып, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосып, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы  белгі жасағанын тілге тиек етті.

Бұдан кейін Н.Алдабергенов атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиет  пәнінің  мұғалімі Ақбөпе Жиенқұлова Алты алаштың кемеңгер ұстазы А.Байтұрсынұлының өмірбаны және шығармалары жайлы баяндама жасады.

Конференцияда  Н.Алдабергенов  атындағы  орта  мектебінің оқушылары А.Байтұрсыновтың өлеңдерін жатқа айтса, Б.Құндақбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Данияр Серғазин «Қазақ тілі білімінің негізін салушы» тақырыбында баяндама жасады. «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылғанын, 1926 жылы ғалым әліпбидің жаңа түрін жазғанын, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танып, танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады деді.

Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтарының жазылғанын, «Тіл – құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танытудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып білуде Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімін ана тіліміздегі іргетасын қалаудағы Ахметтің тағы бір қосқан зор еңбегі – тіл ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым  қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық  атаулардың  баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жаңғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген сөздер, сәтті шыққан атаулар екенін, олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығын баяндады.

Ауданның құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаубай Бәзілұлы оның ғылым жолындағы еңбектеріне тоқталып, 1926 жылы Бакуде болған түркітанушылардың Бүкілодақтық 1-съезінде «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасағанын айтты. А. Байтұрсынұлы қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашуына көп күш жұмсағанын, осы мақсатта «Оқу құралы», «Тіл құралы» еңбектерінің  ересектердің сауатын ашуға арнап, «Әліпби», «Жаңа  әліпби» атты оқулықтар мен тың еңбектер ұсынғанын баса айтып, бүгінгі қоғамдағы қазақ тілі аясының тарылып отырғанын, тәуелсіз мемлекетте аралас мектептердің көбейіп, қазақ ұлтының өзі балаларын орыс және аралас мектептерге беруін ағаттық деп бағалады. Сондай-ақ  Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдеріндегі әлеуметтік мәселелерге тоқтала келіп, оның «Замандастарыма» атты өлеңін талдап, орыстың мысалдарын тәржімалағанын айтты.

«Замандастарыма»

Орыстың тәржіме еттім мысалдарын,

Әзірге қолдан келген осы барым.

Қанағат азға деген, жоққа сабыр,

Қомсынып қоңырайма, құрбыларым.

Бабы жоқ жұмыстағы мен бір арық,

Күн қайда үздік шығар топты жарып.

Ат тұрмас аяғында желі болса,

Дүсірлеп шапса біреу қиқу салып.

Бар болса сондай жүйрік, қызар деймін,

Естілсе құлағына дүбір барып.

Әйтпесе арық шауып өндіре ме,

Жүргенде қамыт басып, қажып-талып, – деген жыр жолдарын айта келіп, «Ойлар» атты өлеңінде өзі қайтыс болса да, ерең еңбегінің өлмейтінін жазып кеткеніне айрықша тоқталды.

Мен өлсем де өлемін жөнімменен,

Тәннен басқа немді алар өлім менен?!

Өлген күні апарып тығары – көр,

Мен жоқ болам көміліп тәнімменен.

Тән көмілер, көмілмес еткем ісіп,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса ұқпасын жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін – деп қазақтың ертеңіне алаңдаған қайраткердің сара жолы мәңгілік болатынын айтты.

Конференция барысында Көксу ауданының  мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Гүлназ Төлегенова орындауында Ахмет Байтұрсыновтың сүйіп тыңдайтын халық  әні «Шилі өзен» шығармасын орындады. Осы арада Сайлаубай  ақсақал халық әндері деп айтылып жүрген көп әндердің басым бөлігі А. Байтұрсыновтың әндері екені соңғы жылдары жиі дәлелденіп жатқанын айтып өтті. Бұдан кейін өзге ұлт өкілдері атынан  Зуля  Мадатова  Алаш ардақтысының «Кісі мен көлеңке» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді.

Конференция соңында Жадыра Самалжанова үш бөлімнен құралған А.Байтұрсыновтың шығармаларына арналған «Текті ел тағзым етер тұлғасынан» атты кітап көрмесін таныстырса, ақын Зирагүл Нұрданбек Ахметке арнау өлеңін оқыды.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деп үш бәйтеректің бірі – Ілияс Жансүгіров айтқандай, ұлт ұстазының  мерейлі  мерекесі  жыл  бойы   аталып өтуде. Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Арқалық қаласында айтулы шара, үлкен той  – 3-4 қыркүйек аралығында кеңінен атылып өтпек болған. Алайда Қостанайдағы орман өрті өршіп, адамдар  шығыны болғанына байланысты кейінге шегерілді. Жақсылықтың ерте, кеші болмайтыны анық. Алла бұйырса, Арқалық өңіріндегі үлкен мерекеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі арнайы баратынын күні кеше ғана Қостанайға барған сапарында айтты.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ