Көпбалалы анаға көмек көрсетіле ме?

0
365

Жалғыз басты ана  Айгүл Қасенова өзінің бес перзентімен  бірге  сіңлісінің екі, інісінің төрт баласын  бағып отыр.

Мұның себебін сұрағанымызда сіңлісі сәтсіз некеде болып қазір өзімен бірге тұратынын, бауырының абақтыда екенін, ал келінінің із-түзсіз жоғалып кеткенін айтады. Қазір Айгүл денсаулығына  байланысты жұмыс жасауға жарамсыз. Дәрігерлер «ми кистасы» диагнозын қойған. Сіңлісі Назгүл Қасенова да тоғыз айлық нәрестесімен үйде отыр.  Көпбалалы ана  мемлекеттен берілетін жәрдемақыға ғана иек артуда.

«Ай сайын 120 мың теңге аламыз. Оның тең жартысы пәтер жалдауға кетеді. Қалғаны азық-түліктен артылмайды. Балаларға киім-кешек алуды мүлде ұмыттық», – деген  Айгүл Бауыржанқызы үкіметтен тек өз балалары үшін ғана жәрдемақы алатынын, бауырының төрт баласы үшін  ешқандайда көмек берілмейтінін айтады.  Жәрдемақы төлену үшін  жоғалған келіні табылып, оны заңды түрде ана құқығынан айырған жағдайда ғана балаларына көмек берілмек.

Өз сөзінде ол күн көрісінің төмендігіне орай дәл қазіргі таңда  бауырының балаларын  асырай алмайтынын және  оларды  балалар үйіне тапсырғысы келетіндігін де тілге тиек етті.  Дегенмен бұл үшін  арнайы  сот шешімін күту қажет.  Қазіргі таңда мемлекеттен берілетін жәрдемақыдан басқа ешқандай көмек  ала алмай отырған  Айгүл  ханым өзінің мәселесін айтып Талдықорған  қалалық әкімдігіне жүгінгенінде ондағылар  бес тонна көмір түсіріп берумен ғана шектеліп,  онымен қоса «көмек  керек болса мешіттен сұра» деп  сонда  жібергендерін айтып назданды.  Дей  тұрғанмен  мұң-мұқтажын айтып барған анаға Талдықорған қаласына қарасты «Еркін» мешітіндегілер  барынша көмек қолын созып, жалға тұрып жатқан пәтерінің  бес айлық  ақысын төлеп, азық түлікпен қамтамасыз еткен.

Көпбалалы ананың жанайқайына аса құлық таныта қоймаған қалалық әкімдік-тегілерден Айгүл Бауыржанқызы  баспанаға кезекте тұрған тізімнің неге жылжып кете беретінін  сұрағанында оған да мардымсыз жауап айтқан.

Оның  сөзінше үш жыл бұрынғы  баспана бойынша кезекте  781-ші болып тұрса, одан кейін тағы барып білгенінде кезек  801-ге бірақ жылжып  кеткен.

Бұл туралы нақты мәліметті білмек болып Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне хабарластық.  Аталмыш  бөлімнің қызметкері  Айдос Молдашұлы былай деді:  «Барлық құжаттың цифрлық форматқа көшуіне орай қазіргі таңда кезектер жылжып кетіп жатыр. Соңғы енгізілген адамдар алдыңғы қатарға шығып кеткен. Уақыт өте барлығы түзеледі. Ал азаматша Айгүл Қасенованың дәл  қазіргі уақыттағы  кезек саны 715-ші болып тіркеліп тұр».

Үш жылдан аса уақыт  баспана  тауқыметін тартып келетін  көпбалалы ана – Айгүл Қасенованың  үніне  Талдықорған қаласы әкімі Әсет МАСАБАЕВ  құлақ  түрер  деген үміттеміз.

                                                                                          Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ