«Жетісу» радиосы республикалық бәйгеде топ жарды

0
514

Астанада ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрлігі өткізетін Мемлекеттік тіл және БАҚ байқауының биылғы  жеңімпаздары анықталды. Үздік жобалар қатарында облыстық «Жетісу» радиосының «Дидар ғайып» бағдарламасы да бар.

Байқауға қатысушылар өз қаламдарынан туған мақалалары мен шығармаларын, бағдарламалары мен жобаларын додаға ұсынды. Кейіннен ең үздік аталған шығарма авторы топты жарып, еңбегіне сай бағаланды.Жүлдегерлерді анықтауға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, қарымды қаламгер, белгілі жур-налист Қайнар Олжай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин қазылық етті.

Биыл жарысқа әр өңірден 75 журналист, 153 шығармашылық еңбек ұсынылған.  Соның ішінде «Жетісу» радиосының бас редакторы  Мұхит Тоқтасынның «Дидар ғайып» атты төл жобасы үздік теле және радио бағдарлама аталымы бойынша 1-ші орынды иеленді. Бұл тек «Жетісу» радиосының ғана емес, барша жетісулықтардың мақтан етер жеңісі деп айтсақ болады. Жеңімпаз атанған әріптеспен тілдесудің сәті түсті.

– Радиоға келгеннен бастап, осы ұжымды қалай да бір жетістікке жетелеймін деп алдыма мақсат қойған едім. Өйткені қызметім бас редактор болғандықтан жауапкершілікті сезініп, өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма бағыт-бағдар беруім керек деп есептедім. Елдің алдында саламның абыройын арттырып, жеңіс алып келсем деп мақсат тұттым, – дейді жеңімпаз әріптес ағынан жарылып.

Мұхит Тоқтасын «Дидар ғайып» бағдарламасын радиоға келгелі бері жүргізіп келеді. Ол сұхбат жанрындағы хабар. Яғни, кез келген тұлғамен, әр түрлі тақырыпта әңгіме өрбітеді. Түрлі мекеме басшылары, өңірге жолаушылай қонаққа келген қоғам қайраткерлері, белгілі тұлғалармен  келісіп,  сыр шертіседі. Сондай сәтті шыққан сұхбаттардың бірін  осы байқауға  жолдаған.

Биылғы жарыс А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналып отырғаны белгілі. Соған орай ол А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының «Ахметтану» бөлімінің меңгерушісі, профессор Құралай Күдериновамен әңгіме жүргізген. Сұхбат барысында алдағы уақытта көшетін  латын әліпбиіне, ұлт ұстазының төте жазуға байланысты оның ғылыми пікірін, ұсынысын біледі. Осылайша, өз саласының нағыз майталманы жақсы бір әңгіме өрбітеді. 2-ші хабарына қоғамда қазақ тіліне байланысты айтылған сын-пікірлерді негізге ала отырып  Аятжан Ахметжанұлымен сұхбаттасады. Қазақ тілінің қадірін арттыруға, ел ішінде қордаланып, әбден тозығы жеткен мәселелерді көтермекке, ана тіліміздің сондай шұрайлы, шырайлы тіл екендігін ұрпақ санасына қалай сіңіреміз, ол жерде ұстаздардың рөлі қандай деген секілді сауалдарға жауап алады. Осылайша, сәтті шық-қан бағдарламаның екі шығарылымы облыстық байқауға ұсынылады. Қазылар алқасының оң шешімімен жоба – республикаға жолдама алады. Содан кейін елордада қаншама еңбек, төккен тер лайықты бағаланып, топты жарып шығады.

Оның айтуынша, қазақ тілді журналистердің барлығы тіл жанашырлары, мемлекеттік тілді насихаттаушылар болып табылады. Дегенмен соның ішінде арнайы тіл төңірегіндегі өзекті мәселе, өткір ойлар мен сын-пікірлер, ұсыныстар айтылған дү-ниенің барлығы осы хабарда топтастырылып, тыңдарманға ұсынылды.

–  Бұл жеңіске ұжым болып қуандық. «Жетісу» радиосын білмейтін тыңдармандар әлі де бар. Астанаға марапаттау рәсіміне барғанда кейбір әріптестерім таңданыстарын да жасырмады. Себебі  Жетісу жерінде «Жетісу» радиосының бар екенін білмепті. Міне, біз, соны бүкіл жұртқа  ұжым болып жариялай алдық.  Марапат бізді қуантты, марқайтты. Одан әрі жұмыс істеуімізге күш-жігер берді. Жеке бір шығармашылық тұрғыдан да ерекше бір шабыт сыйлады, – дейді жоба авторы.

Мұхит Тоқтасынның журналистикада  елеулі еңбегін сіңіріп, қызмет етіп жүргеніне 12 жылдың жүзі болды. Осы салада жүрген жастардың көбі оның қызмет жолынан үлгі алып, дәл сол секілді болуды армандайды.

Ол радиоға дейін «Жетісу» телеарнасының қабырғасында тележурналист болып жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында түрлі республикалық жарыстардан алға шығып, қанжығасына байлаған марапаттары көп. Облыстық «Самғау» байқауында үш мәрте жүлдегер  атанды. Ал бұл жолғы марапат оның радиожурналист ретіндегі алғашқы жеңісі. Жеңімпаз үлкенді-кішілі қандай да бір жетістікке жетсек, оның артында бағыт-бағдар беріп, алға жетелеп жүретін ұстазымыз болады дейді. Бұл жолғы жеңісіндегі ақылшысы, радионың төбе көрсетуіне тікелей себепші болып жүрген ағасы – Есболат Айдабосынның есімін ерекше атады. «Ол  кісінің еңбек жолын білетін жандар, оның мүйізі қарағайдай журналист екенін біледі. Телеарнада да үлкен тәжірибесі бар. Білікті маман ретінде қоғамда өзінің ойып тұрып аларлық орны бар. Ол қазіргі күні  білімін  радионың өсіп-өркендеуіне, дамуына сарп етіп жұмсап келеді. Соның арқасында әр хабар сұрыптаудан өтіп, жай жасалынып қоймай, талқыланып, үлкен ыждаһаттылықпен әуе толқынына жіберіледі»,  – дейді М. Тоқтасын.  Шағын ғана ұжымы бар радио халыққа 9 аймақ бойынша толқынмен тәулік бо-йына әр түрлі хабарлар таратады. Бүгінде жетісулықтар радиодан «Шапағат», «Ғибрат», «Мәссаған», «Білгенге маржан», «Күретамыр», «Ойтолғақ» сынды түрлі жанрдағы бағдарламаларды тыңдап жүр. Жуырда тағы бірнеше жоба әуе толқынына жол тартпақ. Бұл туралы «Жетісу» радиосының жетекшісі Есболат Айдабосын былай дейді:

Радионың негізгі бағыты – ақпараттық-танымдық. Қазақтың ұлттық, рухани дүниелерін көбірек насихаттауға басымдылық беріледі. Таңғы ақпараттық-сауықтық хабар, түрлі саладағы тұлғалармен сұхбат, көңілге ой салар танымдық бағдарламалар, әсем ән, әуезді күй, маңызды әрі қызықты жаңалықтар легін де тұрғындар «Жетісу» радиосынан тыңдайды деген сенімдеміз.

Әр бағытта түрлі бағдарламалар бар. Біз маусым-маусыммен жұмыс істеп отырамыз. Хабарлардың ішінде қандай керемет жобалар болса да, маусым уақыты аяқталған соң жаңа туындыларды дайындаймыз. Солайша бағдарламалар қыс-қарып, әрі жаңарып отырады. Сонымен қатар радионың ең басты ерекшелігі  – тек қазақ тілінде хабар таратады. Мұнан бір тыңдарман болсын өзіне керегін алса, ол біз үшін жетістік. Сол үшін талмай, қызмет етіп жатырмыз.

«Жетісу» радиосы мен телеарнасы құстың қос қанатындай шарықтап келеді. Телеарна көгілдір экран арқылы көптеген хабар таратса, радио әуе толқыны арқылы  тыңдармандарға қажетті дүниені ұсынып отыр. Бүгінде радиоарнаны біраз адам  біліп қалды. Өйткені редакцияға қоңырау шалып, сұхбат берейікші, айтар ойымыз бар еді дейтін жандардың қарасы көп. Әрине, ол бізді қуантады. Сәтін салса, осы әуе толқыны арқылы керемет дүниелерді мұрағатқа сақтап қалсақ деп қарекет етіп жүрміз.

Бүгінде жаңа маусымға күннен-күнге судай жаңа хабарлар қосылуда. Мәселен, 15 бағыттағы авторлық бағдарлама  бар. Облыстың ақпараттық-танымдық саясатын іске асырушы ақпарат құралы болғандықтан ақпараттық та, танымдық  хабарлар да, ұлттық, тіпті балаларға арналған дүниелер де дайындалуда. Болашақта «Жетісу» ра-диосының толқыны жетісу жерінің барлық аумағында таралады. Қазір осы бағытта техникалық және құжаттандыру жұмысы жүргізілуде.

Радионың бұқаралық ақпарат құралы ретінде мәні мен маңызы уақыт өткен сайын арта түсуде, қазіргі радиоэфир бір мезгілде миллиондаған адамға жетіп, қажетті ақ-паратпен халықты құлақтандырады. Миллиондардың санасына ықпал етіп, пікір тудыра алады. Шет елдерде тұрғындар көбінде радионың қызметін көп пайдаланады. Кез келген жерде дүкендерде, көлікте, тіпті үйде отырған жандар да тек радионы тыңдайды. Себебі олардың түсінігінде, басқа ақпарат құралдарына қарағанда радио – өте жылдам әрі нақты хабар таратушы.

«Жетісу» радиосы да үздіксіз еңбек пен талпыныстың арқасында тыңдармандарға жедел ақпарат пен жобаларды ұсынып келеді. Осы орайда радиоарнаның әр хабары халықтың көңілінен шығып жүр. Соның ішінде «Дидар ғайып» бағдарламасы кімнің болмасын қызығушылығын туғызбай қоймайды. Әр түрлі бағыттағы жанр, түрлі тақырыптар мен кейіпкерлер тыңдарманды бірден өзіне тартады. Елге қызмет етіп жүрген Мұхит Тоқтасындай әріптесімізге алдағы уақытта да қаламы қарымды болып, игі істер атқарып, тіл жанашыры болып жүре беруін тілейміз.

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ