«Дамудың» көмегімен дамығандар

0
317

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Жетісу облысы бойынша аймақтық филиалы мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау алып отырған кәсіпорындарды аралап, БАҚ  өкілдеріне  баспасөз турын өткізді. Шара барысында «Даму» қорының өңірлік филиалының директоры Абляхат Уркешұлы бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы аясында Жетісу мен Алматы облыстарындағы кәсіпорындарға жалпы сомасы 48 миллиард теңгені құрайтын қаржылай қолдау көрсеткендерін айтты.

2022 жылы кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры өңір кәсіпорындарында субсидиялау жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, Жетісу облысындағы 171 жобаға 25,87 млрд теңге бөлінсе, Алматы облысындағы 396 жобаға 22,27 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілді. Сонымен қатар  кәсіпкерлерге  банк  тарапынан жеңілдіктерде қарастырылуда. Енді шағын немесе орта кәсіппен айналысушыларға несиенің ай сайынғы төлемдерін азайтуға мүмкіндік берілетін болады, – деді Абляхат Балтаев.

Баспасөз турында БАҚ өкілдері алдымен Қазақстанның сүт өндірісін дамыту мақсатында 2009 жылы құрылған  «JLC Сүт»  ЖШС   барды. Алғашында тек сүт өндірумен айналысқан компания бүгінде халық күнделікті тұтынатын айран, био-йогурт, сүзбе, қаймақ, құрт және тағы да басқа 60-қа жуық өнім түрін шығарады. Қазіргі таңда Талдықорған қаласындағы заманауи автоматтандырылған, итальяндық қондырғылармен жабдықталған кәсіпорында 450-ге жуық адам еңбек етуде.

Өндіріс аумағы кеңейген сайын сүттің қажеттілігі екі есе артқанын айтқан он жылдық жұмысы өтілі бар жұмысшы Әмина Арынбекова сүтті отандық фермалардан бөлек, Қырғыз Республикасынан да қабылдайтындарын тілге тиек етті.

«Даму» қоры арқылы кәсібін дамытып отырған «JLC Сүт» ЖШС  «ForteBank» АҚ-нан  «2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту» жобасы бойынша алты пайыздық мөлшерлемемен қаржы алған. Соның арқасында өндіріс орны өнім санын арттырып, Талдықорған, Қапшағай, Алматы қалаларынан 200-ден астам дүкен ашты.

* * *

«Даму» қорының қолдауына ие болып, өз кәсібін дөңгелеткен компаниялардың бірі – Талдықорған қаласындағы «Теплостандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тұрғын үйлерді, кеңсе ғимараттарын жылытуға арналған ыстық су қазандықтарын, ірілі-ұсақты пештерді шығарумен айналысатын өндіріс орнына «Даму» қоры  2014  жылдан  бастап  қолдау  көрсетіп  келеді.

Бүгінде зауыттан 80, 100, 150, 200 КВт қуаты бар «Вулкан» өнеркәсіп қазандары, дизель отынымен және газбен жанатын 100 КВт қуаты бар «Курган» қазандықтары шығарылады. 2020 жылдан бері «Искра», «Олимп», «Алау», «Искра ДГ» атты қуаттары түрлі деңгейдегі монша пештері де дайындала бастаған. Өз ісін кәсіби деңгейде білетін білікті мамандар жұмыс істейтін кәсіпорынның барлық  өнімі  сапа стандарттарына сәйкес келеді. Соның нәтижесінде сертификатталған пештер мен қазандықтар  Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан сынды мемлекеттерге импортталуда.

–  Біз өндіріс қуатын арттыру үшін «Қазақстан  Халық  Банкі» АҚ арқылы «Даму Өндіріс» бағдарламасы аясында 6%-дық жеңілдікпен несие алдық. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қоры несиеге кепілдік берді. Соның арқасында заманауи темірді ию станогы мен лазермен кесу құрылғыларын сатып алдық. Сөйтіп, қазандықтардың жаңа желісін іске қостық. Нәтижесінде өндіріс аумағы кеңейіп, цехтағы қызметкерлер санын арттыра  түстік, – дейді «Теплостандарт» ЖШС-нің меңгерушісі Юлия Такташева.

2003 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келетін компания бүгінде сервистік қызмет көрсетуді де қолға алған. Өздері өндіріп отырған тауарларының сапасын, техникалық ақаулардың бар-жоғын өндіріс орнындағы сервис қызметі тексеріп отырады.

* * *

Жеңілдікпен несие алып өндіріс орындарын кеңейткен  компаниялардың қатарында «Талдықорғанкабель» зауыты да бар. 1991 жылы бұрынғы «АгроПромЭнерго» кәсіпорны негізінде құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестік бүгінгі күні Қазақстанға ғана емес шетелге де танымал сапалы өнім шығаруда.Автоматты заманауи құралдармен жабдықталған кәсіпорын стандартты кабельдермен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарына жауап беретін арнайы қуат кабельдерін де шығарады.

Барлық өнім  ГОСТ талаптарына сәйкес болуы үшін шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнім алғанға дейін көп сатылы бақылаудан өткізіледі.

Біз 2020 жылы субсидиялауға «Даму» қоры арқылы өтініш бердік. Соның арқасында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында алты пайызға дейінгі жеңілдетілген несие алдық. Бүгінде арнайы маркалы 8 мыңнан астам кабель дік сымдарымызбен Қазақстанның барлық аймағын  қамтамасыз етіп отырмыз, – деген «Талдықорған кабель» компаниясы директорының орынбасары Евгений Ким шағын және орта бизнестердің тұрақты дамуына  үлестерін қосып, қолдау көрсетіп келетін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына  алғысын білдірді.

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ