Зорлық – зомбылықсыз өмір
Облыс орталығында 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында «Зорлық-зомбылықсыз өмір» атты 16 күндік акция ұйымдастырылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Жанар Нұрмұханова мәлімдеді.
Акцияның басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге қолдау көрсетіп, көмек беру. Шара барысында халық көп шоғырланған жерлерде арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Абылай хан мен Жансүгіров көшелерінің бойына билборд тақтайшалары орнатылған. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған әйелдерге арналған сенім телефондары тәулік бойы, тегін жұмыс жасауда.
– Қиын жағдайға тап болып хабарласқан азаматшалар жатын орынмен, төсек жабдықтармен,гигиеналық заттармен, киім-кешекпен, азық-түлікпен толығымен қамтылады. Барлық қызмет алушылар толық медициналық тексеруден өткізіліп, физиологиялық, психологиялық жайкүйлері, денсаулық жағдайлары тиісті бақылауға алынады. Ол үшін қалалық телефон арқылы 1301, ұялы телефон арқылы 8(7282) 28-00-05, «WhatsApp» нөмірі арқылы 8 700 710 82 66 қауырт желілеріне хабарласса жеткілікті, – дейді тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Сұңқар Қадыров.
Бүгінде бұл орталық 500-ге жуық адамға әлеуметтік көмек көрсеткен. Олардың 334-і бала. 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 26 адамның жеке құжаттары қалпына келтірілген. 6 адам қысқа мерзімді оқу курстары бойынша оқып, мамандықтарымен жұмысқа орналасқан. 1 адамның мүгедек санатын алуына көмек көрсетіліп, 10 адамға сот медициналық сараптамасы тағайындалған. Отбасылық ажырасу бойынша 10 адамның талап-арыздары қанағаттандырылып, 47 адамға қорғау нұсқамасы қойылған. Мектеп жасындағы 193 бала оқу құралдарымен, киім-кешектермен қамтылған. Брифингке қатысушы спикерлер алдағы уақытта жоспар бойынша жұмыстар жалғасатынын, зорлық-зомбылыққа тап болған әрбір әйелге барынша көмек көрсететіндерін баса айтты.
Айдана СМАҒҰЛ