Іскер әйелдердің өңіраралық форумы өтті

0
424

Талдықорғанда  аймақаралық  әйелдер  форумы  өтті. Жиынға Алматы, Жетісу, Қостанай, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысының іскер әйелдері шақырылды. Сондай-ақ  көрші Қырғызстан, Ресей елдерінен де өкілдер болды.

Жылдан-жылға ісмер әйелдер қатары артып келеді. Бүгінде еліміз бойынша орта және шағын субьектілерінің жартысын әйелдер басқарады. Мәселен, Жетісуда 25 мың кәсіпкерлік болса, оның 12 мыңнан астамы нәзік жандарға тиесілі. «Аймақты тұрақты дамытудағы әйелдер бастамалары» форумы Алматы облысымен бірлесе өткізілді. Алдымен көпшілік қос өңірден келген ісмер келіншектердің көрмесімен танысты. Шараға өз туындыларын ұсынғандардың бірі  Іле ауданының тұрғыны Жеңісгүл Дәулетова. Ол мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан 16 жастан тігін тігеді. Хоббиін берекелі кәсіпке айналдырғанына 5 жыл болыпты. Бүгінде мемлекет қолдауының шарапатын көріп, шағын шеберханаға басшылық етіп отыр.

«Тігінді ең бірінші 2007 жылдары бастадым. Бас киімдер, киім үлгілері, әшекей бұйымдар, жүн өнімінен бұйымдар жасап жүрдім.

Менің ойымша, шығармашыл адам – әрқашан даму жолында болу керек. Мәселен, біз форумдарға, көрмелерге барған сайын өз-өзімізді дамыту үстінде боламыз. Шабыт алып отыру үшін осындай іс-шаралар ұйымдастырылып тұрғаны дұрыс», – дейді  Ж. Дәулетова.

Форумның мазмұны бай әрі жан-жақты болды. Әйелдің саясат пен қоғамдағы рөлінен бастап, отбасындағы орнына дейін қамтылды. Маңызды  тақырыптар  талданды. Бұл қатарда  ауыл әйелдерінің  кәсіпкерлігін дамыту мүмкіндіктері қолдау аясын кеңейту, кооперацияны дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу мәселелері де бар. Форум қатысушыларына Жетісу облысының  әкімі Бейбіт Исабаев сәттілік тіледі.

«Облысымызда кәсіпкерлік қарқынды дамып, іскер әйелдердің қатары артып келеді. Бұл өңір экономикасының өркендеуіне тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан бүгінгі форум әйелдер бизнесінің дамуына серпін беріп, қоғамдағы әйел кәсіпкерлердің мәртебесін арттыруға негіз болады», – дейді облыс басшысы.

Бүгінде Алматы және Жетісу облыс-тарында ел экономикасына едәуір үлес қосып жүрген келіншектер бар. Олардың бірқатарына қос өңір әкімдерінің құрмет грамотасы табысталды. Мұнымен қоса форумға қатысқан асқан шебер ісмерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтсақ, форумға екі өңірден 400-ден астам делегат қатысты.

Сондай-ақ көрші елден келген өкілдер өз кәсіптерінің бағыты бойынша білген-түйгендерімен бөлісіп, өзара тәжірибе алмасты. Форумның көздеген мақсаты да сол. Шара соңында  Қазақстан тарапы Ресей мен Қырғызстан топтары өкілдерімен іскерлік қарым-қатынастар жөнінде меморандум жасасты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ