Шартарапқа тараған «ТОЙ ЖЫРЫНЫҢ » авторы Ұлықпан СЫДЫҚОВ 75 жаста

0
636

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор, әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі Ұлықпан Сыдықов 75 жаста. Ұлықпан Есілханұлы бүгінде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректорының кеңесшісі, «Ақсақалдар алқасы» құрылымының төрағасы міндеттерін абыроймен атқарып келеді.

Ұлықпан Есілханұлы мектепті алтын медальға бітіріп, Қазақ политехникалық институтына оқуға түседі. Содан бері сол кездегі Қазақ политехникалық институты, бүгінгі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қасиетті шаңырағынан шыққан жоқ. Осы білім ордасында  жүргеніне биыл 58 жыл.  Абитуриент болып келген адам, бүкіл өмірін, ғылымның сатысының бәрін осы білім ордасында  өткерді.

 * * *

Студенттік өмір жылдарында Ұлықпан Сыдықов қоғамдық ғылымдарға деген қабілетімен көзге түсті. 1970 жылы институтты үздік бітірген соң философия саласы бойынша аспирантураға түсті. Диссертация қорғаған мезгілден бастап, күні бүгінге дейін өзі түлеп ұшқан білім ордасында шығармашылық, ұйымдастырушылық, ұстаздық қызметпен белсенді әрі жемісті түрде шұғылданып келеді. Қатардағы оқытушыдан профессорға дейінгі жолдан өтті.

29 жасында өзі білім алған  Автоматика және есептеу техникасы факультетінің деканы болып сайланып, жаңа мамандықтардың Қазақстан топырағына толық ірге тебуіне, кафедралардың материалдық-техникалық базасының нығаюына, бұл салалар бойынша ұлттық кадрлардың дәйекті дайындалуына күш-жігерін жұмсады. 1983 жылы Қазақ политехникалық институтының тәрбие ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалды. 1988 жылы республикада тұңғыш рет халықаралық байланыс істері бойынша проректор болып бекітілді.

Институт қабырғасына Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінен келген студенттердің тиянақты инженерлік білім алуына, қазақ халқының тарихымен, мәдениетімен терең танысуына, сондай-ақ, халықаралық байланыстың жүйелі арнаға түсуіне үлес қосты. Ол еліміздің өндіріс аймақтарына жиі-жиі сапар шегіп, кәсіпорындарда, институт филиалдарында ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп, ұстаздар мен студенттерге ғылыми-әдістемелік көмектер көрсетіп тұрды.  Іскерлігі, жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, сыпайылығы, әділдігі арқасында көпшілік құрметіне бөленді.

1993-2000 жылдары ең ірі кафедралардың бірі – қоғамдық пәндер кафедрасының меңгерушісі. 2000 жылы Қ .Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде (ҚазҰТУ) жаңа құрылым –Жаратылыстану-гуманитарлық институтының құрылуына ұйытқы болып, осы институттың директоры және университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры болып тағайындалды. Аталған институтқа ғұлама ғалым, университеттің алғашқы түлектерінің бірі, әйгілі фарабитанушы Ақжан Машановтың  есімін беруге мұрындық болды.

Өмір жолында  Ұлықпан ағамыз ғылыми ізденістермен де үздіксіз шұғылданып келеді. Оның ғылыми еңбектері қоғамдағы әлеуметтік-рухани және техникалық жүйелердің өзара байланыстарын жан-жақты зерделеп қарастыруға бағыттала отырып, гуманитарлық ғылым саласын инженерлік ой-жүйе айшықтарымен шебер ұштастыруымен ерекшеленеді. 450-ден астам ғылыми, ғылыми-публицистикалық және оқу-әдістемелік еңбектердің, оның ішінде 11 монографияның,  20-дан астам оқулық пен оқу құралының авторы.  Сондай-ақ  ол  Қазақстандағы студент жастар социологиясының осы заманғы мектебін қалыптастырды.  Оның ғылыми жетекшілігімен 1 ғылым докторы және 5 ғылым кандидаты мен 6 магистры дайындалды.

1984-1986 жылдары белгілі қоғам қайраткері журналист Сағат Әшімбаевпен бірлесіп Қазақ теледидарында «Жүректен қозғайық» деп аталатын хабарлар циклын жүргізді. Бұл хабар қазақ жастарының ұлттық сана сезімінің өсуіне үлкен ықпал жасады.  Одан кейін ұзақ жыл бойы профессор, марқұм Ахмет Ержановпен және өз ұстазы академик Досмұхамед Кішібековпен бірлікте «Республика өмірінің өзекті мәселелері» деген тақырыпта телехабарлар циклын жүргізіп келді. Қазір де Қазақ радиосы, Шалқар радиосы және ұлттық «Қазақстан», «Хабар» телеарналарынан берілетін хабарлардың тұрақты қатысушысы және кейіпкері.

Ұ. Сыдықов  Қазақстан мәдениеті мен өнеріне де өзіндік үлес қосып келеді. Елімізде «Қазақ эстрадасының аңызы» атағына  ие болған санаулы адамның бірі. «Дос-Мұқасан» ансамблінің болмысын бейнелейтін бүкіл ел жастарының сүйіктісіне айналған қазақ эстрадасының алтын қорына енген «Той жыры», «Қуанышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ғашықпын» сияқты талай әндердің авторы.

«Ару қыздар» әні 2000 жылы Республикалық «Жаңа ғасырға жаңа ән» байқауының дипломына ие болса, «Алау сезім» атты әні жастар арасында кең тарап, қол телефондарына қонып, жүректеріне ұялап кетті. Бірнеше кинофильмде шырқалды. Ал Досым Сүлеев, Мұрат және Данияр Құсайыновтармен бірлесіп жазған «Сәтбаев университеті» гимні бүгінгі күні барша студенттер мен ұстаздар зор ықыласпен, үлкен мақтаныш сезіммен орындайды десек артық болмас.

2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. 2011 жылы ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының, 2015 жылы ҚР педагогика ғылымдары академиясының және Халықаралық ақпараттану академиясының академигі болып сайланды. Қазақстан Шығармашылық академиясының мүшесі, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттерінің және Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Құрметті профессоры, Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы мен Мақаншы ауылының Құрметті азаматы.

Әріптестері мен шәкірттерінің бастамашылығымен оның «Қуанышым менің» деп аталатын жыр жинағы және «Алау сезім», «Той жыры», «Әсем жұлдыз» деген атпен СД альбомы (Ұ.Сыдықовтың өлеңдеріне жазылған әндер жинағы) жарыққа шықты.

Ұ.Сыдықовтың басшылығымен және туған інісі Қайранбақыттың тікелей қаржылық-ұйымдастырушылық еңбегімен Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылында Қазақ халқының мақтанышы, даңқты қолбасшы Қаракерей Қабанбай батырға орнатылған алып ескерткіш бүгінде ел игілігіне  айналып отыр. Қазақтың классик жазушысы, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов атындағы қоғамдық қордың төрағасы ретінде Тарбағатай тауының бауырында, өзі жерленген өңірде марқұмға ақ тастан үлкен күмбез тұрғызып, дүйім халыққа ас беріп, жазушының туғанына 85 жыл толуын кең көлемде атап өтуге мұрындық болды.

 * * *

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге, ғылымды дамытуға арнаған ағамыз  өнерге  келуінің өзі бір бақыт екенін айтады.

Шығармашылық деген құдіретті, киелі дүние. Көркем шығармашылық пен ғылыми-техникалық шығармашылықтың түп негізі бір. Екеуі де дүниедегі, қоғамдағы кез келген құбылысқа жаңа көзқараспен қарай білу, құдіретін анықтау, ерекшелігін бағалай білу. Өлең де, өнер  де, ғылым да осы ұстаныммен жүреді. Сондықтан екеуінің арасында қайшылық жоқ.

Ал техникалық ЖОО-да жүріп, өнерге келуімнің өзі бір тарих. Оқушы күнімде өлең жаздым. «Лениншіл жас»,«Қазақстан пионеріне» дейін өлеңдерім шығып, «ақын бала» атанып жүрдім. Әдебиетке өте құмар болдым, мектепте кітапты көп оқыдым. Оқушылар конференциясына қатысатынмын. Бірде математикадан «Батыс, Сібір және Қазақстан» олимпиадасында жүлдегер болдым. Қазақстанның республикалық математика олимпиадасынан бәйге алдым.

Суретім «Білім және еңбек» журналына шығып, маған КазГУ-дың «мехматына» емтихансыз тапсыратын грант бұйырды. Бірақ соған қарамай, «Коммунизм таяуда орнайды екен, дүниенің бәрі техника-автоматикаға байланысты болады екен» деген жастық қарқынмен осы оқу орнына түскенмін. Бүкіл Қазақстан бойынша жалғыз Қазақ политехникалық институтында ғана автоматика және электронды есептеу техникасы дейтін мамандық болды. Электронды есептеу техникасы факультетін таңдадым. Осы күні ІТ технология деп жүрміз ғой, яғни Қазақстандағы сол маманның біреуі менмін. Өте жақсы оқыдым. Ғылыми баяндамалар жаздым. Мамандығым бойынша университетті үздік дипломмен бітіріп, аспирантураға жолдама алдым. Сөйтіп жүргенімде философиядан студенттік ғылыми конкурсқа қатысып жүріп, бәйге алып, әуелі университетте, сосын республикада, одан кейін Мәскеуде топ жарып, университет даңқын шығаруға үлес қостық.

Досмұхамед дейтін академик сыртымнан танып, оқытушымнан сұрап, мені өзіне шақырды. «Қарағым, әдебиетті өте жақсы біледі екенсің, тарихты, дәстүрді, салтты жақсы білесің, тілің өте таза. Сөйте тұра техника саласын игеріп жүрсің. Көптен ойланып, саған ұсыныс жасайын деп шақырып отырмын. Таза философияның оқуын оқып жүргендер арғы жағы Аристотель, Сократтан, бергі жағы Кант пен Гегельден аспай шыр айналып қалады. Қазіргі қоғамдық құбылысты талдауға тістері батпайды. Техникалық пен руханилықты зерттейтін сала бізде жоқ.

Философияны таңдасаң, осы саланы игерер едің» деді. Мен бірден келісім берген жоқпын, әрине. Отбасылық жағдай да қиындап тұрған жылдар еді. Шешеміз қайтыс болып кеткен, сегіз баланың болашағы… Ал менің мамандығым Қазақстанда әлі жоқ. Мен оқыған мамандыққа 50 бала түстік, оның  49-ы  орыс мектебін бітірген, жалғыз мен ғана қазақ мектебінің түлегімін. Қазақша ешкім сөйлемейді. Бірде-бір қазақша сөз айтылмайды. Осындай атмосферада жүрдім. Сонымен Қазақстанда жаңа саланы игеріп, жаңа мектеп аштым (kazgazeta.kz. сайтында жарияланған сұхбатынан алынды).

Ұлықпан Есілханұлы үшін өткен жыл бір жағынан жемісті болғанымен, бір жағынан оңай да болған жоқ. Өткен жылдың алдында кенже қарындасы қайтыс болса, оның қырқы болмай жатып жалғыз қызы – Айнұрынан көз жазды. Олардың  алдында  туған інісінен айрылды. Өзге біреу болса, қара нарға жүк болатын осынау ауыр қайғыдан шөгіп, жүнжіп кетер еді… бірақ, ағамыз  тағдырға қарсы тұра білді, еңсесі бүгілмей, бәйбішесін жұбатып, туғандарына медет бола білді.

Бүгінде Ұлықпан аға жан жары, шаңырақтың ұйытқысы – Нағима Нұрғалиқызымен  бірге немерелеріне бас көз болып отыр. Жазушы  Ғалым Қалибекұлы: «75 жасқа келетін  Ұлықпан ағаға нендей баға берерімді білмей дағдарып отырсам, өзі жазған «Бойжеткен» деген әннің өлеңіндегі: «мөлдіреген таңғы шықтай», – деген бір сөз көзіме шоқтай басылғаны. Рас-ау, гүлдің жапырағындағы, шөптің қияғындағы таңғы шық мөп-мөлдір, тап-таза болады. Ағаның жандүниесі сол шықтан аумай қалған»  – деп жазыпты.

Инженерлік білім арқылы өлең мен өнерді шыңға шығара білген ғалым ағамызға   жағыңыз түскенше жамандық көрмей, жүз жасаңыз дейміз.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ