Синтетикалық есірткіге тәуелділер саны артуда

0
311

ХХІ ғасыр індеті – синтетикалық есірткі.  Ғасыр індеті деуіміздің себебі, әдеттегі есірткіге тәуелді болған адамдарды дәрігерлер емдей алатын болса, синтетикалық есірткіге үйреніп алғандарға медицинаның қауқары жете бермейді. Бұл тәнді де, жанды да жаралайтын өте жауыз еліктіргіштің арбауына түскендерді нарколог мамандар «миына мина жасырылғандар» деп бейнелейді екен. Яғни, олар,  қоғам үшін өте қауіпті адамдар. Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігіп жатыр. Елімізде «кристалл», «жылдамдық», «ваннаға арналған тұз» деген түрлі атау жамылған синтетикалық есірткілерге қол жеткізу ғаламтор желісі дамығалы бері тіпті оңай болып кеткен. Бұл жайында есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері «Арнайы жоба» бағдарламасында айтты.  ПД-нің ресми өкілі Әбілтай Әбеновтың сөзінше бүгінде сатып алушы мен саудагелер, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кететіндері туралы ақпаратты түрлі мессенджерлер арқылы байланысып, алмасады екен. Осылайша барлық іс тиянақты, таза бітеді. Яғни оларды құрықтау қиындай түскен. Есірткі саудасында жеткізіп берушілердің қызметі де қарастырылған. Ондай жұмыспен көбінесе жасөспірімдер айналысады. Неге дейсіз ғой? Өйткені, олар әлі толыққанды қалыптасып, қандай бағытта жүретіндерін ойлап үлгермеген буын. Алғашында ақша табу үшін нашаны тасымалдаумен айналысқан еліктегіш келетін жастарды есірткіге отырғызу тіпті де қиын емес. Осылайша саудагерлер есірткіні иесіне жеткізуші  мен  қатар өздеріне болашақ клиентті де тауып бір оқпен екі қоян атады.

Күні кеше Талдықорған қаласындағы пәтерлердің бірінде орналасқан есірткі сату нүктесі жойылған болатын. Тurkystan.kz ақпараттық порталының берген мәліметінде 45 жастағы ер адам 14 грамм марихуананы сату кезінде ұсталған. Ал, оның тұрғылықты жерінен синтетикалық есірткіге жататын 83 грамм «Пирролидин» табылған. Қазіргі таңда өңірлік полиция департаментінің өкілдері есірткі өнімдерінің осы уақытқа дейін нақты кімдерге сатылғанын анықтауда. Бүгінде осындай сүліктей соратын синтетикалық есірткімен ұсталыпты деген ақпаратты жиі еститін болдық. Бұл қылмыстың көбеюінің басты себебін ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Бақытжан Әмірханов синтетикалық есірткі өндірісінің қарапайымдылығымен әрі арзандығымен түсіндіреді. Денсаулық сақтау  министрлігінің  деректеріне  зер салсақ, қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық нашақор есепте тұрса, оның 1,5 мыңнан астамы – әйел, ал 43-і буыны қатпаған жасөспірім екен.   Халқының саны 20 миллионға да жетпеген еліміз үшін бұл сандардың өзі ұлт денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке төнген зор қатер екендігі анық. Сондықтан да есірткімен күрес жолында әр адамның үнсіз қалмауы  болашағымыз үшін өте маңызды.

 Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ