Көксулық көпбалалы ананың жанайқайы

0
353

Көксу ауданының тұрғыны, әріптесіміз  Ардагүл  Әскербек  2021 жылы  өмірге үшем әкеліп, 6  баланың анасы атанды.  Жуырда  ол өзінің  инста  парақшасында   көпбалалы отбасыға тиесілі мемлекет тарапынан көрсетілер көмекке толыққанды жете алмай отырғандығын жазды.

Бір жыл ішінде әбден қиналып, титығы құрып, ашынған  ана  тіпті «Балалар жылында»   да  ауыз толтырып айтарлықтай қуанышқа кенелмегенін айтқан.

«Әкімге көмек сұрап бірінші рет барғанымда «Бірінші мүгедектерге көмектесейін, сосын көремін» деп шығарып салды. Екінші рет газ мәселесін шешуге тырысамыз деп шығарып салды. Қыркүйекте айтылған мәселе әлі шешімін таппады. «Үй кезегім қашан келер екен?»  десем, «Бірінші  сенен бұрын кезекке тұрған әйелім алып алсын» деп еді. Күміс алқаға тапсырған құжаттарымды да жөнді алмады. Негізі шала туылған балаға 1,6 дейін азық-түлікпен қамтамасыз ету керек қой. Ол да жоқ. Заң жүзінде қарасаңыз да, адамгершілікпен қарасаңыз да 6 кішкентай балаға бір көмек берілу керек қой…»

Осы жазбаға қатысты біз Көксу ауданы әкімдігіне хабарластық. Аудан әкімінің аппарат  басшысы Е.Досалбаев былай дейді.

– Азаматша А.Әскербек Көксу ауданы, Балпық би ауылы, Жарокова көшесі №12 үйдің тұрғыны. 2021 жылдың 25 қазанында үш егіз қызды Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталдық орталығында дүниеге әкелді.  Перзентханадан шыққаннан бастап 1 жасқа дейін «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы ҚР ДСМ №75 бұйрығына сәйкес 1 жасқа дейінгі  балаларға арналған емшек сүтіне бейімделген алмастырғыштармен (Адаптированная молочная смесь) қамтамасыз етіліп оты-рылды. Дәрігерлер мен медбикелер ай сайын уақытылы үйде және амбулаторияда қадағалап, антропометриялық тексеруден өткізген. 2021 жылдың 10 қарашасында нәрестелер Алматы қаласының НЦП и ДХ клиникасына офтальмолог, кардиолог дәрігерлеріне тегін қаралтып,  жүрек  УДЗ тегін түсірілді.

2021 жылдың 6 желтоқсаннан 14 желтоқсанға дейін «Острый бронхиолит неуточненный» диагнозымен ауруханада емделіп шыққан. ИНВИВО клиникасына да тегін  анализдер тапсырып, тексерулерден өтті. Профилактикалық екпелерін дер кезінде  алуда. Қазіргі таңда балалар 1 жастағы екпелерін алып, 1 жас 3 айдағы скринингтік тексерулерге шақыртылуда. Бірақ  анасы  жұмысқа шығып кетіп, балаларды енесі үйде қарап отыр. Аптасына бір рет учаскелік медбике Шалдамбаева Жазира  қадағалап тұрады. Балалардың жағдайы жақсы.

Әскербек Ардагүл «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жай алу үшін мұқтаж азаматша ретінде 2021 жылдың 29 қарашасында тұрғын үй кезегіне қойылып, 2022 жылдың 18 қаңтарына реттік кезегі №212.

Азаматша Әскербек Ардагүл 2022 жылдың мамыр айында аудан әкімінің жеке қабылдауында үшем босануына  байланысты кезектен тыс тұрғын үймен қамтамасыз етілуін сұрап келді.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 118-бабының 1-12-тармақшасына сәйкес егіз бала тапқан отбасыларға, егер азаматшаның бұл санаттағы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалатын ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен кіріс алатын болса беріледі.

Алайда азаматша Әскербек Ардагүлдің жолдасының жеке кәсіпкерлігі болуына байланысты ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен кіріс алмайтындығы анықталған болатын.

Бұл аудан әкімінің жеке қабылдауында толық түсіндірілді.

А.Әскербектің баласы Бекет Жансаяға 2022-2023 оқу жылының басында аудан әкімі Көлбаев Марлен Қапашұлының демеушілігімен оқуға қажет барлық зат, яғни, мектеп формасы, спорт киімі, аяқ-киім, сөмке, кеңсе тауарлары алып берілген. Сондай-ақ ағымдағы оқу жылының 01 қыркүйегінен «Мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылардың тізімін бекіту, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету туралы» мектепішілік №223 бұйрығының 1-қосымшаға сәйкес бір уақыт тегін ыстық тамақпен қамтылған.

 Әскербек  Ардагүлге  перзентханадан шыққан кезден аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан:  азық-түлік себеті,  жөргектер  70,0 мың теңгеге, 2023 жылы 18 қаңтарда азық-түлік 50,0  мың  теңге  көлемінде  көмек көрсетілді.


ПІКІР ЖАЗУ