Зорлық-зомбылық көбейді
Бүгінде әлемді алаңдатып тұрған жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылық Жетісу жерінде де көбеюде. Мектеп жасындағы балалардың бір-біріне жәбір көрсеткендері туралы деректерге көз жүгіртсеңіз жаныңыз түршігеді.
Қалалық полиция департаменті өкілдерінің берген мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы Талдықорғанда 30-ға жуық жасөспірім зорлық-зомбылыққа қатысты түрлі қылмысқа барған. Олардың бірқатары арнайы мектептерге жіберілді деген қалалық ПД өкілдері биылғы жыл басталмай жатып тағы бір оқиғаның тіркелгенін айтты. «Талдықорғанда 15 жастағы жасөспірім 13 жастағы жеткіншекті зорлап, оны видеоға түсірген. Бейнежазба 2022 жылдың желтоқсан айында жазылған. Деректер анықталған соң балалар ата-аналарымен бірге қалалық полицияға жеткізілді.
Қазіргі таңда оларға ҚР Қылмыстық кодексінің 121- бабының 4-бөлігі, яғни, «Жас балаға қатысты, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қылмыстық іс облыстық тергеу басқармасының басты назарына алынды және полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», – деп түсіндірді полиция қызметкерлері.
Бұл ретте кәмелетке толмағандар арасындағы ауыр қылмыстардың көбеюінің басты себебі мен салдары неде деген сауалға жауап іздестірілген жөн-ақ. Біріншіден, отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауы. «Ұяда не көрсе, ұшқанда, соны іледі» демекші, бала жастайынан ата-анасының берген азығын бойына сіңіріп өседі. Өсе келе араласатын ортасы тікелей әсер етіп, баланың мінез-құлқы, іс әрекеттері өзгере бастайды. Осыған орай Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің педагог маманы, тәжірибелі психолог Әсем Оспанованың сөзінше, көбіне 13-15 жас аралығында балалар өмірдегі өз орындарын қалыптастыра бастайды. Бұл кезеңде оларға араласатын орталары қатты әсер етеді.
– Психологиялық талдауларға сүйенсек мінезі ашық балалар тез сенгіш келетіндіктен жаман ортаға бірден бейімделіп, өзгеріп кетеді. Теріс іс-әрекеттерге үйір бола бастайды. Осы кезде ата-ана баласын уақытылы тезге салмаса, кейін тым кеш болады, – дейді ол.
Жасөспірімдер арасында етек жайып бара жатқан зорлық-зомбылық мәселесін шешу үшін әр отбасында осыған қатысты ашық әңгімелер айтылып, балаға қандай жағдай туындаса да үнсіз қалмау керектігін түсіндірген жөн. Бұл қоғамдық дерт, оны жұмыла күресу арқылы ғана жеңуге болады.
Айдана СМАҒҰЛ