Зардабы ауыр зілзала

0
463

Құдай бетін ары қылсын. Апат айтып келмейді ғой. «Қаһарлансам бір тарының қауызына сыйғызам»,  – деген Алла Тағала Түркия мен Сирияға зілзала апатын жіберді. Ай мен күннің  аманында  төбелерінен  жай  түскендей  екі мемлекеттегі  қираған  баспаналар  мен  ғимараттарда  есеп жоқ. Онсызда Сирия  мемлекетінен  тыныштық  қашып, қан-жоса соғыс жүріп жатқанда,  бұл – жығылғанға жұдырық болды.

Түркияда 100 жылдағы ең жойқын жер сілкінісі туралы барлық ақпарат құралдары жазып жатыр. Сағат сайын жер сілкінісінен зардап шеккендер мен бақилық болғандардың саны артып келеді. Осыған байланысты 6-шы ақпаннан бастап барлық мемлекет Сирия мен Түркияға  көмек қолын созып, гуманитарлық және қаржылай көмектерін көрсетуде. Бұл көкіректерін қайғы мен шерге толтырған халықтың көңілдерін жұбатқанымен, бала-шағасынан, ата-анасынан, жақындарынан айырылған халықтың жоғын түгендеп бере алмасы анық.

Түрік Президенті Режеп Тайып Ердоған жанарынан тамған жасын тия алмай, маңдайын сәждеге қойып, Аллаға жалбарынды. Көшеде босып қалған халқымен жүздескен мемлекет басшысы «Бұл қиындықтан да, өтерміз, Алла елге сабыр берсін», – деді. 9 ақпандағы мәліметтер бойынша  жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар 24,5 мыңнан асқан. Бұл жөнінде елдің вице-президенті Фуат Октай мәлімдеген болатын. Ал Сирияда жер сілкінісінен қаза болғандар 4,5 мыңға жеткен. Жараланғандар саны екі елде 80 мыңнан асқан. Жүздеген мың адам баспанасынан айырылған.Үйінділерді ашуға дүниежүзінің 70 елінен құтқарушылар мен дәрігерлер көмекке барып жатыр.

Үйінді астында қалғандар туралы хабар  әлі толастар емес.Түркиядағы зілзаладан ең қатты зардап шеккен қала Хатай қаласы екен. Бүгінге дейін 10 провинцияда 133 759 үлкенді-кішілі ғимараттар қираған. Адам айтса нанғысыз бір ақиқат, ұдайы жер сілкінісінен, тасқындардан дауылдардан көз ашпайтын Жапония мемлекетінің Түркияда салған баспаналары зілзалаға шыдап беріпті де, түріктердің құрылыс компаниялары салған үйлер үйіндіге айналған. Мамандар Жапония компанияларының салған ғимараттары сейсмикалық-технологиялық  прогрестің  жеткен  жетістіктерінің арқасында сапалы болған деп отыр.

Ақпарат көздерінде Жапония елінің салған үйлері зілзаланың жоғары балдық көрсеткішіне төтеп беретіндей қозғалмалы қабырғалар, тунелді формалармен жасалғаны айтылуда. Ұдайы жер сілкінісі болып тұратын Жапон мемлекеті баспана салғанда төтенше жағдайларға алдын-ала мән беретіні, кез-келген табиғи апаттың айтпай келетінін күні бұрын болжап, ғимараттар мен баспаналарды төзімді етіп салатыны Түркиядағы жер сілкінісінде дәлелденді. Зілзала басталғанда қозғалмалы қабырғалар өзінің осьтік бағытында сырғи отырып, ғимаратты тұтас сақтап қалатын механикамен жұмыс істейді екен.

Нәтижесінде жер сілкінген жағдайда ғимараттар горизонталь бағытта сырғанағанымен, ешқандай да апатты жағдайға ұшырамайтыны Түркиядағы табиғат апатында байқалған. Жапонияның құрылыс саласындағы жетісітігіне жоғары баға берген Түрік мемлекеті өздерінің көптеген құрылыс компанияларының басшыларын тұтқындап жатыр. Қыруар қаржыны қалтасына басу үшін үнемдеп, көзбояушылық пен салынған ғимараттарда қаншама адамның құрбан болуына дәнекер болғандар енді тергеу барысында анықталатын болады. Ай мен күннің аманында боз інгендей боздап қалған түріктер мен сирия халқының көз жасы әлі құрғамай тұр. Қираған ғимараттар мен баспаналарда тіптен есеп жоқ.Үйінді астында қалған, жарақат алған, қайтыс болғандар саны сағат сайын артуда. Құтқарушылар мен кинологтар үйінді астында қалып, әлі татар дәм-тұзы таусылмаған адамдарды құтқарып жатыр.

Үйінді астында қалғандарға жарық күнді сыйлаған құтқарушылар аман қалған бүлдіршіндер мен олардың ата-аналарын, сонымен бірге құрбан болғандарды көргенде өзектерінің өксікке толып, жандарының қиналғандарын айтуда. Түбі бір түркі халқы үшін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орын алған қайғылы жағдайға байланысты Түркия  президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Сонымен қатар ол Қазақстанның Түркияға көмек қолын созуға әрқашанда дайын екенін мәлімдеп, бір миллиард доллар қаражат пен гуманитарлық көмек жіберіп жатыр. Оған қоса жекелеген азаматтар киіз үй жабдықтарын жіберуде.

Жалпы Түркия мемлекеті жер сілкінісі болу ықтималдылығы жоғары аймақ қатарына жатады. Соған қарамастан құрылыс компаниялары табиғаттан болатын тосын апаттарға немқұрайлы қарағандары осы зілзаланың арқасында байқалып қалды. Сейсмологтардың айтуынша, ел аумағында жер сілкінісі екі күннің бірінде болып тұрады екен. Бірақ олардың магнитурасы аз болғандықтан тұрғындар оны сезе бермейді. Алайда магнитурасы 7,8 балдық жер сілкінісі тек Сирия мен Түркияда ғана емес, оларға көршілес жатқан мемлекеттерге де сезілді. Мамандар мұны соңғы жылдардағы ең күшті жер сілкіністерінің бірі болуы мүмкін екенін айтуда. Алтыншы ақпаннан бері сағат сайын адам шығыны артып келе жатқанын айтудың өзі жүрегі бар адамды селк еткізбей қоймайды. Түркияда жалпы 10 қаланың зардап шеккенін, Түркия Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу хабарлағанды.

Жер асты дүмпулері жарты сағат ішінде әртүрлі аймақтарда, нақтырақ айтсақ, Түркияның астанасы Анкарада, Адана, Невшехир, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Хатай өңірлерінде сезілді. «Al Arabiya» телеарнасының хабарлауынша, жер сілкінісін Ирак пен Ливанның кейбір аймақтарының тұрғындары да сезген. Сонымен қатар Израиль мен Қазақстанда да жер асты  дүмпулері байқалды.

Әлем қауымдастығы Түркия мен Сирияға барынша көмектесуде. Түркия Президенті Режеп Ердоғанның айтуымен  елдің оңтүстігіндегі 10 қала нәубет аймағы деп танылды. Және ол әр қалада үш ай бойы зардап шеккен елді мекендерге көмек беруге қолайлы жағдай жасайтынын да баяндаған-ды. Түркия жеріндегі бұл зілзала 1939 жылдан бергі ең жойқын жер сілкінісі. 13 ақпандағы мәлімет бойынша түркиядағы зілзаладан 30 мыңнан астам адам ажал құшқаны анықталған. Жүректері қайғы, шерге толған Түркия мен Сирия халқы қазір ауыр күндерді бастан кешіруде. Әлемді дүрліктірген бұл табиғат апаты Қазақстан халқына айтып келмейтін апаттарға бей-жай қарауға болмайтынын аңғартты. Әлемдегі ең соңғы зілзала 2010 жылы Гайтиде болған. Мұндағы жер сілкінісі 7 балға дейін жетіпті. Сол кездегі апаттан 222 522 адам қайтыс болса, 311 000 адам жарақат алған. Ал із-түзсіз жоғалғандар саны 869-ға жетіпті. Түркия да Анадолы таулары жер сілкінісі көп болатын, ең қауіпті өңір болып есептеледі екен. 1992 жылы осы аймақта ең ірі жер сілкінісі тіркелген. 1999 жылы 7,6 балдық зілзала болған.

Қазақстанда да сейсмикалық қауіпті аймақтар баршылық. Оған Оңтүстік пен Оңтүстік Шығыс аймақтары жатады. Яғни Шығыс Қазақстаннан бастап Қызылорда облысына дейінгі аралық. Мамандардың айтуынша бұл жақта да 7,9 балға дейін жететін жер сілкінісі болуы мүмкін екен. Соңғы бес жылда Қазақстанда 40 мыңға жуық жер сілкінісі тіркелген. Жеке-жеке тоқталсақ, 2018 жылы – 8500, 2019 жылы – 7800, 2020 жылы – 3500, 2021 жылы – 6700, 2022 жылы – 6900 жер сілкінісі болған. Бірақ халық осы зілзаланың 66 ғана сезген. Зерттеуші мамандардың айтуынша Қазақстандағы жер сілкінуі көп кездесетін ең қауіпті аймақ – Алматы қаласы. Түркия  мен Сириядағы жағдайдан  соң  қазақстандықтар да алаңдай бастады. Әсіресе Алматы тұрғындары.

Түркия мен Сириядағы зілзаланың себебі мен салдарын талдаушы ғалымдар оның зардабы ауыр екенін, әрі жер сілкінісінің түнде болғаны жағдайды тіптен күрделендіріп жібергенін, егер құрылыс жұмыстары сапалы жүргізілгенде ғимараттар мен баспаналар жермен жексен болмас еді дейді. Алматылықтардың үрейленіп отырғаны осы тұрғын үйлердің сапасы болып отыр. Салынған баспаналар сейсмикалық жағдайға қаншалықты төтеп береді. Жер сілкінісі болмағанның өзінде, салынған үйлердің шатырлары бүлініп қабырғалары жарылып тұрғанын екі күннің бірінде ақпарат құралдары көрсетіп жатыр. Мұндай сапасыз құрылыстарды бір ғана Алматы қаласынан емес Қазақстанның барлық аймағынан кезіктіруге болады. Жай өтпелі жел, қатты боран, болғанда ғимараттар мен баспаналардың шатыры ұшып жатады. «Жаман айтпай жақсы жоқ 7-8 балл бола қалған жағдайда, Түркиядағы сапасыз салынған баспаналар бізден бірлеп емес, мыңдап табылары сөзсіз. Себебі сапасыз салынған ғимараттарды көз жұмып қабылдап алатын шенділер көп. Олар тұрғындар шағымданғанда әлгі мердігер компанияларды іздеп, бүлінген жерлерін қайта жасауға мәжбүрлеп, болмаса сотқа сүйрелеп жатады.

Шымкент қаласында да жер сілкінісінің дүмпуі тіркелді. 6-шы ақпан күні Алматыда болған жер сілкінісінен кейін дүрлігіп қалған қала тұрғындары әлеуметтік желіні шулатты. Себеп, түнгі он жарымдағы дүмпу тағы бірнеше рет қайталанған. Twitter мен Facebook жер сілкінісі туралы жазбаларға толып, халық осы жөнінде шұғыл ақпараттың жоқтығын сынады. Сонымен қатар Алматыдағы үйлердің апатқа дайын еместігін жазған.

Жұлдыз Әбділда есімді Facebook қолданушысы: «Жер үйдің өзінде қатты білінді. Аспашамдар біразға дейін шайқалып тұрды. Бірақ құжаттарды жинап, жылы киімдерді ыңғайлап далаға шығатын әдет бізде жоқ. Бір Құдай өзің сақтай гөр! дедік те, алаңсыз ұйықтадық. Құдай сақтасын. Біздің төтенше жағдайлар қызметінің қалай жұмыс істейтіні бәрімізге мәлім. Одан да бір Алладан жәрдем күткен дұрыс.  Аман болайық, – деп жазды.

Александр Цой есімді азамат: «Достар, төтенше жағдай министрлігінің телефонын кім біледі? Оларға хабарласып, жер сілкінісі болғанын айтыңдаршы», – дейді.

Ал Нұрғиса Асылбеков есімді қолданушы: «Бұрында жер сілкінсе жапа тармағай көшеге шығушы еді, қазір Facebook-қа шығады», – деген пікір білдірді.

 

«Қорықпаңдар деп айта алмаймыз»

 

– Сейсмология институтынан ресми ақпарат алмайынша «бәрі қалыпты» деп халықты тыныштандыра да алмаймыз. Өйткені «қорықпаңдар» деп алып, құдай бетін ары қылсын, бірақ содан кейін тағы бірдеңе бола қалса, бізді айыптайды. Сондықтан айта алмаймын. Ал негізінде біз ақпаратты кеш таратқан жоқпыз. Бір сағаттың ішінде ресми ақпарат болды. Жер сілкінісінен соң он минуттың ішінде Алматы телеарнасының жүгірме жаңалықтарында ақпарат бердік. Ал барлық арнаға шығып, сирена қоссақ, онда адамдар дүрлігіп, қорқыныштары үдей түседі, — дейді департамент өкілі. Оның айтуынша, алғашқы ақпаратты таратқан еуропалық сайттағы деректер нақты емес. Полиция департаментінің өкілі төтенше жағдай кезінде не істеу керектігіне байланысты телеарналардан арнайы  айдар ашу туралы жоспарлағанымен, арналардың қаржыға байланысты келіспей отырғанын да айта кетті.

Білім және ғылым министрлігінің сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция комитетінің бас геофизигі Талғас Нысанбаевтың айтуынша, Алматы облысы аймағында жыл сайын сегіз мыңға тарта жер сілкінісі тіркеледі екен. Оның ішінде 20-50 сілкініс адам сезетіндей қуатта болады деген сейсмолог маман БАҚ өкілдері магнитура мен  балл ұғымдарын жиі шатыстыратынын да айтты.

– Магнитура – тек сейсмологтарға ғана түсінікті арнайы енгізілген өлшем бірлік. Ол эпицентрдегі энергетикалық құрамға сипаттама береді. Айталық, эпицентрде магнитудасы 5 болса, онда 500 шақырым қашықтық жерде де 5 болады. Ол өзгермейді. Ал балл арнайы шығарылған бағалау. МСК 64 деп аталады. Бұл халықаралық шкала бойынша жердің теңселу деңгейі, –  дейді маман..

Құрылыс саласындағы жемқорлық пен жүйесіз жұмыстар Түркиядағы сан мыңдаған адамның тағдырын шешіп берді. Дүниеге құныққандар оның ертелі кеш бір сұрауы боларын біліп обал мен сауапты жадыларынан шығармауы тиіс. Және Жапондардың ғимарат салудағы технологияларын меңгеру қазақстандық құрылыс компанияларына да міндеттеліп жүктелуі керек. Табиғаттан болған тосын апатқа қарсы тұрар қауқарың болмағанымен оның алдын алу үшін әрекет жасай білу керек. Ол үшін құрылыс компанияларының жауапкершілігі ұдайы бақылауда болуы шарт. Тексеру барысында қабырғаларда жарықшақ байқалатын болса ол баспананы халықтың пайдалануына мүлде тыйым салынып, құрылыс компаниясы қатаң жауапқа тартылуы керек. Болмаса, Түркия мен Сириядағы  зілзала  Қазақстанда да болатын болса, өзекті өртейтін өкініш, таусылмайтын қасіретке тап болуымыз бек мүмкін.

 Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ