Халық мүддесін қорғаймын

0
462

Болат  АЙТБАЕВ, зейнеткер: – Осы уақытқа дейін қызметтік жолымда талай тәжірибе алмастым. Механиктен бастап бас инженерге дейін жұмыс істедім. Сондықтан қарапайым жұмысшылардың жайымен жақсы таныспын. Қазіргі таңда шаруа қожалықтың басшысы ретінде еңбек етудемін. Министрлік өкілдерімен өңірлерге барып, халықпен кездесуіне, одан кейін азаматтарды қабылдауына қатыстық. Нәтижесінде, омарта шаруашылығын субсидиялауға қол жеткіздік. Осындай іргелі істерді жалғастыруда ең алдымен халық құқықтық тұрғыда сауатты болуы, депутаттардың қарап жатқан заңдармен танысып, өз ұсыныс-тілектерін ашық  жеткізулері тиіс. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау талаптары бірінші орындалуы  қажет. Менің сайлауалды бағдарламам да халықтың мүддесін қорғауға арналған. Әсіресе, елдегі азаматтық, қылмыстық іс жүргізу, Жер кодекстері мен «Прокуратура туралы», «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» Заңдарға тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізуге күш саламын.

 Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде қазір облыстағы елді мекендерде үгіт-насихат жүргізіп жатырмыз. Сондағы байқағаным ауыл тұрғындарын ең алдымен жер мәселесі алаңдатады. Жайылым жерлер жетіспей, төрт түлігін қайда апарарын білмей әбігерге түсуде. Жаз мезгілінде малы егістікке түсіп, көп қиындық тудыратын көрінеді. Жетісу аграрлы аймақ болған соң ең әуелі ауылшаруашылық саласы өркендеуі керек. Осы орайда инвестиция тарту арқылы сүт, құс фермаларын ашып, асыл тұқымды мал басымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау қажет. Мал бордақылайтын алаңдарды көбейтіп, азық-түлік сақтау қоймаларын салу бірізге түсуі тиіс..


ПІКІР ЖАЗУ