Жанарымдағы жалғыз әуен
Астананың төрінен жастыққа тән жалынымен, жаңашылдығымен, сан түрлі бояумен көрерменді әдемі әсерге бөлеп жүрген жасампаз өнер ордаларының бірі – «Жастар» театры Жетісу жерінің кіндігі Талдықорғанға гастрольдік сапармен келді.
Мамыражай мамырда Талдықорған төрін дүбірге бөлеген театрдың өнерлі жастары үш күндікте үш түрлі қо-йылымды паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бірінші күні, жер-лесіміз, жетісудың төл перзенті Дәурен Серғазиев сахналаған «Пранк махаббат» комедиялық қойылымы ұсынылса, екін-ші күні көрермендер үшін осы театрдың негізін қалаған режиссер Нұрғанат Жақыпбайдың «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» атты мюзиклі сахналанды. Әдемі әзіл, билеп жүріп ән салу, домбыра, гитарада жанды сүйемелдеу… осының бәрі екі қойылымда паш етіл-се, үшінші күнгі Нұрғанат ағамыздың «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты қойылым арқылы көрерменге адам өміріндегі сағыныш сезімін ерекше жет-кізді. Халық шығармаларынан бастап, Ақан сері, Біржан сал, Шәмші Қалдаяқов және шетелдік композиторлардың шы-ғармалары жас әртістердің табиғи дауысымен шырқалып, көптің көңілін көтерді.
Жетісулық көрермен бұл жолы сахна саңлақтарының орындауындағы әсем ән мен тәтті күйге бөленді. Өйткені, актерлар труппасы спектакльде тек әуезді әуендер ғана шырқады. «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты қойылым режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың поэтикалық тілмен жа-зылған айшықты туындысы екеніне көз жеткіздік.
Шындығында адам өмірінің ең бір аяулы шақтары мен көркем кездерінің тәтті естеліктері сағыныш болып жүрегіміздің түкпіріне жасырынған. Балалық шаққа, ғашық жанға, алыстағы туғандарға, тіп-ті өзің білмейтін, түсінбейтін беймәлім күйге, сұлулыққа сағыныш… тағысын тағы болып жалғасып кете береді. Осындай жүрек пернесін дөп басып, сырлы сезім-ге толы ностальгия жанрындағы ғаламат кештің куәсі болу да керемет қой білгенге… «ЖАНАРЫМДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ӘУЕН» қо-йылымын тамашалау арқылы әркім бір өз жанының дауысын естіп, жанарындағы жалғыз әуенге тер-беліп қайтты десек асыра айтқандық болмас.
«Бұл – менің жанымның дауысы. Театр режиссері ретінде менің мамандығым әуелі жүрекпен сезініп, сосын сол әнді көзбен көруге арналған. Бүгінде көріп тұрған жалғыз әуенім – олар менің спектакльдерім» – деді өз сөзінде режиссер Н.Жақыпбай.
Жүрек пернесін дөп басып, сезімді қозғар сырласу-ностальгия жанрындағы ғаламат кештің куәсі болған жетісулық көрермен талантты жастардың өнеріне дән риза болып, шынайы көңілдерін ұзақ уақыт соғылған қол шапалақтауымен білдірді.
Тақырыпқа орай
«Жастар театрын бірінші көргеннен ғашық болған едім. Олардың композициялары, әндері, билері қандай мықты. Араларында барлығы жастар болғандықтан, өзіме қатты ұнайды. Үш күн бойы үш түрлі қойылымды тамашаладық. Нұрқанат Жақыпбай – өте мықты режиссер екен. Оның труппасы да өте жақсы. Мереке қарсаңында жетісулықтардың жүрегін жылытқан театр ұжымына үлкен рақмет», – дейді қала тұрғыны А. КӨПТІЛЕУОВА.
Іңкәр НҮСІП,
М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің
10 сынып оқушысы.