ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ — ЖАҢА ТАБЫСТАР БАСТАМАСЫ
Жаңа оқу жылын Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа табыстармен бастады. Жетістіктер қазынасы әсерлі марапаттармен толықты.
9-сынып оқушысы Ақберен Болатхан қазақ әдебиетінен республикалық онлайн-байқауда 1-орынға ие болды. Ақберен жастайынан әдебиетке құмар. Бірінші марапаты – бірінші сыныпта поэзия байқауынан 2 орын. Өлең оқуды жақсы көреді, әсіресе Ілияс Жансүгіров пен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын ұнатады.
12-сынып оқушысы Жансеңгір Ескендірдің жазғы демалысы жемісті болды. Ресейлік «Новая наука» ғылыми жұмыстар байқауында жас зерттеуші химия пәнінен 1-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ жас кәсіпкерлерге арналған Jas Startup Challenge байқауында Ескендір және оның командасы бірегей жоба – ымдау тілін дыбыстық форматқа аударуға арналған қолғап құрастырды. Бұл идея қазылар алқасының мүшелері тарапынан жоғары бағаланып, жоба ІІІ орынға ие болды.
Республикалық «Өнер алаңы» байқауында мектепшілік «Жетісу сазы» домбыра ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Алмас Жексенбаев пен Мұқағали Сансызбаевтың жетекшілігімен ансамбль бірқатар республикалық және облыстық музыкалық байқаулардың жеңімпазы, Гран-при иегері атанды.
Биылғы оқу жылында Талдықорған қаласындағы NIS қабырғасынан 72 зияткер бітіріп шықты – олардың 23-і еліміздің ең үздік университеті – Назарбаев университетіне, 19 түлек Америка, Италия, Венгрия, Германия, Қытай университеттеріне оқуға түсті.
«АЛАТАУ — АҚПАРАТ»