Жалған диплом, жалған сертификат

0
552

    Ескі жүйенің былық-шылғы елді естен тандырып жатыр. Отыз жыл мемлекетті  жемқорлықтың шырмауына шылап берген экс президент  Н. Назарбаев  мемлекетіміз  2030 жылдары  алдыңғы елу елдің қатарына қосылады деп  жар салған-ды. Тіпті 30 елдің қатарына экономикалық  әрі білім, ғылым, денсаулық, өндірістік технологиялық бағытта кіріп қойдық деп ұрандатты. Сөйтсек, біз экономикалық қуаттан құлдырап, білім мен ғылымнан, денсаулықтан демікпе болып, жемқорлықтан жел жетпейтін жүйрікке айналыппыз.

Түрлі жолдармен қаржы жымқырудың тәсілдерін меңгергеніміз сондай, жоғары эшелоннан бастап қыл аяғы жергілікті жердегі білім ошақтарына дейін сыбайластықтың қыр-сырын меңгеріппіз. Басқа-басқа,  қайнар бұлақтай тұнық болуы тиіс білім саласы былығып жатса, ондағы білім  алып жатқан түлектер қандай тәлім-тәрбие алып шығады. Отанды,  елді,  жерді сүюге тәрбиелейтін ұстаздардың өздері  екіжүзді  болса,  ұрпағымызды  білім алуға кімге сеніп тапсырамыз. Ұстаздардың бәріне топырақ шашудан аулақпыз, алайда, прокуратура келтірген мәліметтерге қарасаңыз төбе шашыңыз тік тұрады. Жылда  оқу орындарын құзырлы орган тексеріп жатады. Жылда  жалған  дипломмен сабақ  берген  немесе бұрын істі болғандар  мектепте сабақ  беріп  жүргені  анықталады. Бұл қылмыс тежелудің орнына  шырмауықтай шырмалып, қаулап өсуде. Оларды жұмысқа қабылдайтын білім басшылары қайда қарап отырған деген сауал да   сананың шаңын қағады. Жұмыс сұраушы  дипомының жарамды-жарамсызын анықтау тек қана құзырлы органға ғана тиісті емес. Өтініш қабылданбастан мектеп басшысы жұмысқа орналасушының құжаттарын құзырлы органға сұрау салып  немесе бітірген оқу орнына хат жолдап, дипломның жарамды-жарамсыз екенін анықтап беруге жолдаса болғаны. Құжаттың ақ-қарасын құзырлы органсыз-ақ  анықтап береді.  Алайда, көз жұмбайлыққа барғандар және құжатты сатып алушылар ымыраласып жұмыс жасауға бейім. Жалған құжат  жасатқандар  демек  сабақты да  жалған өткізді деген сөз. Өзі білім алмаған, практикалық тәрбиеден өтпегендер алдында отырған шәкірттерге қалай білім береді. Қазақстанда  800-астам мұғалім біліктілік санатын және жалақысын көтеру үшін тест жауаптарын сатып алғанын прокуратура органдары анықтаған. Жалған диплом, жалған біліктілік санатын сатып алып жүргендер мемлекеттің қаржысын жымқырып отыр. Бұл  қатарда  қарапайым мұғалімдер де, мектеп пен колледж басшылары да бар,   деп хабарлайды Otyrar.kz. Ұстаздарға  150 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі аралықта ақы төленіпті.  «Алтын көрсе періште жолдан тайыпты» дегендей,  Ақтөбе облысындағы компания  тест жауаптарын сатыпты.  Аш көздікке салынып жемқорлықтың  жетегінде  кеткендер 2022 жылдан  бастап ақша үшін аттестаттаудан тек Ақтөбе облысының мұғалімдерін  ғана емес, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан облысының, сондай-ақ Жетісу мен Ұлытаудың мұғалімдері де  сатып алған. Бүгінде бұлардың көпшілігі  өз орындарында жұмысын жалғастыруда дейді прокуратура органдары. Әділетті Қазақстан құрамыз деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарат Тоқаев  елді әділдікке үндейді. Жас ұрпақты әділдіктің жолына салатын мұғалімдердің істеп жүргені мынау… Жалған диплом, тесті сатып алады. Директор мен бухгалтер ымыраласып бюджет қаржысын жымқырады. Көз жұмбайлыққа барып  сотталғандарды жұмысқа алады. Осыдан кейін білім ошағындағы  жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптың балаларын бопсалап,  бойжеткендер мен бозбалалар топ-топқа бөлініп төбелеспегенде қайтеді. Себебі, «алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғысы да  солай қарай жүреді». Ұстаздардың  мектеп,  колледж  басшыларының, бухгалтерияның ары таза болмаған соң, солардың ұсқынын көрген бала да бұзық болмай ма?  Ал, оларға «сендер неге тәртіп бұзасыңдар» деп  жалған диплом, жалған тест сатып алған мұғалімдер айта алмайды. Айтуға да  құқылары жоқ. Өйткені олардың өздері тәртіпті,  заңды бұзып отыр. Енді қайтпек керек. Бұл жемқорлықты  қалай  жоямыз?  Мамандардың айтуынша,   аталған жүйені өзгерту керек деп дабыл қағуда. Егер  мұғалім  аттестаттаудан өтпесе, онда өз санатын жоғалтады. Сондықтан олар заңды бұзуға мәжбүр дейді. Неге заңды бұзу керек. Қылмысы әшкерленбесе, ерте ме, кешпе түбі бір жауап береді ғой.

Шыны сол,  Білім министрлігі реформадан реформа жасап, білім жүйесін былықтырып жіберді. Оқулықтағы қателіктер әлі бір жүйеге түспеді. ҰБТ-дағы келеңсіздіктер әлі тазаланып болған жоқ. Мұғалімдердің санатын көтеретін тесттің айғай-шуы әлі басылмай келеді. Әсіресе, музыка сабағынан беретін мұғалімдер тест тапсыруда «бізге педагогика мен психологияның сұрақтары не үшін қажет деп  ұлардай шулады.  Әр  бес жыл сайын қайта-қайта тест тапсыру да мұғалімдерге оңай емес-ті. Тестке қатысты  мамандардың айтуынша, мұғалім бір рет тапсырған санатты сақтауы керек, әрине, ол оны тестілеу арқылы емес, жетістіктер, оқушыларының білім сапасының көрсеткіштері түрінде растауы керек. «Қараңызшы, бізде әскерилер атақ алады, егер ешқандай заң  бұзушылықтар болмаса, олар оны жоғалтпайды, керісінше, әр 5 жыл сайын әскери атағын тағы көтереді» –  дейді қазақстандық білім беру сарапшылары лигасының вице-президенті Наталья Дрейт. Бұл даулы мәселеге  депутаттар да  алаңдаушылықтарын білдіруде.

Парламент талқысынан кейін, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев педагогтерді аттесттатау жүйесінің жеңілдетілгенін айтты. Министрдің айтуынша, қажетсіз тесттер алынып тасталған көрінеді. «Педагог мәртебесін көтеруде біз ұстаздарға деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Елімізде 350 мыңнан аса мұғалім бар. Олар балаларымыздың білім-біліктілігін арттыруда жас жеткіншектерімізді тұлға етуде үлкен қызмет істеп жатыр. Сондықтан да мұғалімнің жұмысы шығармашылық жұмыс болуы керек. Ол ешнәрсеге алаңдамауға тиіс. Осы мәселені зерттей, зерделей, әріптестермен ақылдаса келе бұған дейін портфолио жинайтын болса, оны алып тастауды шештік. Өйткені, бұл  қағазбастылыққа, мұғалімнің негізгі жұмысынан алаңдатуға алып келетіні дәлелденді. Екіншіден, қажетсіз тестілеудің көп екені айтылды. Оны да зерделедік. Сондықтан да педагогика-психологияға қатысты тесттерді  алып тастап, тек мұғалімнің өз пәніне қатысты тесті қалдырдық. Негізгі ұстаным,   мұғалімнің жетістігі –  оқушының жетістігімен бағалануы керек. Яғни, мұғалім неғұрлым оқушыны жетістікке жеткізіп, білімін ұштап жатса, соғұрлым ондай мұғалімдерді  іздеп тауып, көтермелеуіміз, қолдауымыз керек»,  – деді   Ғани Бейсембаев. Білім министрінің сөзінше,  енді аттестаттау форматы өзгереді, бірақ сұрақтардың өзгеретін-өзгермейтіні белгісіз. Ал, бұған дейін заңды бұзып, жалған тест сертификаттарын алған барлық  мұғалім  алған жәрдемақыларын бюджетке қайтаратын болады. Түрлі жарыстар мен байқауларға оқушы алып барған мұғалімдер   марапат оқушыға берілсе, «бізге неге бермейсіңдер, біздің еңбегіміз неге бағаланбады» деп  даурыққанын талай көзім көрген-ді. Сөйтсем, олар сертификат алуда оқушының жетістігіне  құжат жинайтынын  білгенде таңғалғаным бар-ды. Әлгі мұғалімдер айтысқа оқушыларды алып келгендер, бірақ  баланы айтыс өнеріне баулуда ешқандай еңбектері жоқ. Сонда да, бір жапырақ қағаз берсеңіздер деп өтінген-ді.   Білім және денсаулық саласындағы ширыққан әрі асқынған жемқорлық туралы біз ұдайы жазып келеміз. Жалған диплом мен жалған сертификат туралы мәліметтер білім мен денсаулық саласындағы көз жұмбайлықтың, сыбайластықтың асқынғанын көрсетуде. Мәселен, Павлодар  облысының Екібастұз қаласында медбике болып жұмысқа тұру үшін «емдеу ісі»  мамандығы  бойынша  Қарағанды облыстық  жоғары медбикелер колледжі берген жалған дипломды пайдаланған  адам анықталған. Полицейлердің мәліметінше, бүгінге дейін өңірде жалған құжат жасаудың 59 дерегі тіркелген. Ал, Маңғыстау облысында  жеті мұғалім жалған дипломмен жұмыс жасағандарын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері мониторинг барысында анықтаған. Бұл жалған ұстаздар жұмыстарынан шығарылып, білім басқармасы жұмыс кезеңінде үстеме ақы түрінде төленген ақшаны қайтару үшін сотқа шағым түсірген. Сонымен қатар бір мұғалімге қатысты үкім шығарылған. Мұғалім 20 АЕК — 69 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады. Қазір республиканың барлық өңірінде жалған диплом, жалған сертификат алуға қатысты  құзырлы орган өкілдері  білім ордаларында профилактикалық шаралар өткізуде.  Бұл жалған құжат  сатып алушылардың жолын кесуге қарсы бағытталған жұмыстар. Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  мекеме қызметкерлерінің айтуынша, деректердің алдын алу үшін үнемі мониторинг жүргізу ұсынылған.  2021 жылдан бастап алынған барлық диплом интернет-ресурстар көрсетілген. Осы уақытқа дейін берілген құжаттың түп-нұсқасын жұмыс беруші тиісті оқу орнына сұрау салу арқылы тексеруге болатынын айтады.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті басшысының Маңғыстау облысы бойынша бірінші орынбасары Біржан  Хайруллин. Мәселен, Ақтөбе облысында жалған құжаты бар педагогтер  жалақыға үстеме ақы ретінде 100 миллион теңгеден астам қаражат алған. 70 мектептің мұғалімі, балабақша мен мектеп қызметкерлерін де ұлттық біліктілік тестілеуінен өткені туралы жалған сертификат болғаны анықталған. Мұндай үрдістер тек мектептерде ғана емес, жергілікті колледжде жалған дипломмен сабақ берген сегіз оқытушы жұмыстан шығарылған. Ал былтыр осындай 14 қылмыстық іс қозғалған.  Осы келеңсіз кеселмен күресуде  Республиканың барлық облысында,  облыстық білім басқармасы мен білім беру бөлімдерінде жиі кездесулер ұйымдастырылуда. Мұғалім  өзі таза болмай, ұрпаққа тәлім-тәрбие бере алмайды.  Заңды айналып өтіп, өзі жалған диплом мен жалған сертификат пен  сабақ берген мұғалімдердің жолдарын кесу үшін  тұрақты түрде жұмыс жүргізілуі тиіс.  Бұдан бөлек білім ошақтарымен балабақшаларды прокуратура органдары жиі тексеріп тұрады. Жетісу облысының прокурорлары балалардың бос уақытын өткізуге арналған  арнайы тексеруде  сегіз  мекемеде заң бұзушылықтарды  анықтаған. Соның бірі  мүгедек  балаларға  арнаулы  әлеуметтік  қызмет көрсететін мекемелерде заң  бұзушылықтар  орын алғанын айтты. «Жансая»  жазғы лагері (Алакөл ауданы) өз қызметін санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың қорытындысынсыз  жүзеге  асырған. Мүгедек  балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін «Сенім»  мекемесінде (Сарқан ауданы) оқытушы ретінде еңбек қызметін жалған дипломы бар адам атқарған. Прокуратура материалдары  бойынша  полиция  қылмыстық  кодекстің 385-бабы,  3-бөлігі (көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады деді. Жекелеген балалар мекемелерінде мерзімі өткен дәрілік заттарды сақтау фактілері анықталса, балаларға арналған күнделікті тамақтану нормалары сақталмаған. Тексеру барысында  аталған мекемелердің барлығында  техникалық және өрт қауіпсіздігі нормаларының бұзылуы анықталғанын  Жетісу облыстық прокуратура органының баспасөз өкілдері хабарлады.

Құжат жинаудан, қағаз толтырудан шаршаған мұғалімдер тестілерден өту үшін жоғарғы санатты алу барысында заңды айналып өтіп, сатып алуға барғандарының түп  тамыры  жүйесіз  жүргізілген  реформаның  арқасы.  Қашан көрсең мұғалімдердің басынан қара бұлт арылмайды. Тестілеуде өздеріне қатысы жоқ сұрақтардан қажығандар тесті сатып алып, «сау бастарына сақина тілеп» алуда.   Ал, жалған  диплом  сатып  алушыларды аяудың  қажеті жоқ,  оларды ауыр жазалау керек  дейін десең, қазақстанда жемқорлықтың желіні сыздап, жылдан-жылға төлдеп, сыбайластықтың саны артып барады….

                                                                                         Айтақын МҰХАМАДИ

Суреттер ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ