«Жылыту маусымына дайынбыз» дейді қала әкімі

0
363

 «Қыс шанаңды жаз  сайла» демекші, ала жаздай алдағы қысқа қам-қарекет жасалды. Шаруалар қыстақ басына мал азығын жеткізіп әлек болса, жергілікті билік жылыту қазандықтары мен  ыстық су жүретін құбырларды күрделі жөндеуден өткізуде.

Қатты отын мен қамдану,  «мазот» жеткізуде күн тәртібінен әлі түспей тұр. Өткен аптада ғана  Жетісу облысы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық жайлы көлемді мақала жариялағанбыз. Онда  бірқатар аудандарда  көңіл алаңдатарлық мәселелер қозғалған-ды. Біз Талдықорған қаласы жайлы қысқаша ақпарат  беріп, бөліп жарып алып қалғанбыз. Себебі  қыркүйек айы бастала салысымен қала әкімінің  баспасөз хатшысынан  шаһардың алдағы қысқа дайындығы жайлы толық ақпарат беруін сұраған  едік. Алайда,  «өгіз аяң, тасбақа жүріске салып»,   арада бір ай өткенде ғана  жауап алдық.  «Қырық күндік кемдігі бар тайшұбардай» қазақша берген  сауалға   қала әкімдігі ресми тілде жауап беруді жөн көріпті. Қызметте отырғандардың бәрі қазақтар, мемлекеттік тілге тұмсығын шүйіріп қарайтыны несі екен осы?! Өз тіліне, өз діліне, немқұрайды қараған шенділерден не қайыр, не үміт күтесің?! Ресми тілден өзіміз аударма жасағанмен кей көрсеткіштердің мағынасын түсінбей,  әкімдікке қайталай қоңырау шалып, қазақша жауап ала алмадық.  Неге екенін қайдам, жедел ақпарат беруде  қала әкімінің баспасөз хатшысы «ақ болды, көк болды, шыдай тұрыңыздар» деп  қандай ақпарат сұрасақ та өзегімізді талдырып,  өтінішімізді әрең орындайды. Оған да тағар кінәміз жоқ. Бар гәп, жұмсақ орындықта отырған шолақ белсенділерде болып тұр ғой! Ақпаратты «барын бар, жоғын жоқ деп айтпай, кешеуілдеп жатыр» деп беруге қорқады. Анығын айтқанда  «ауруларын жасырып» әлекке түседі. Бірақ, «ел құлағы елу ғой»,  гу-гу әңгіме елге тарап жатады. Бұл бір ғана жылу жүйесіне қатысты мәселе емес. Барлық ақпаратқа қатысты мәселе.  Әйтпесе  әлемнің түкпір-түкпірінен жедел ақпарат алынып  жатқанда облыс орталығындағы қаладан қыркүйек айында сұралған ақпарат 35  күнде қолымызға әрең тиді.

Хош, сонымен, алдағы 2023-2024 жылыту маусымына дайындық туралы   үшбу хатта: «Талдықорған Жылусервис» КМК құрамында барлығы қуаттылығы – 368,95 Гкал/сағ және 179,3 км  жылу құбырларымен (32 мм – ден 920 мм-ге дейін) 10 қазандық (1 ірі, 5 аумақтық, 4 қуаттылығы шағын) бары айтылады. Қала бойынша құбырлардың тозуы – 62% немесе 111 км. (1975 – 2010 ж. ж. тартылған) дейді. Бір ғажабы ақпаратта  облыс орталығы 2003 жылы көшіп келгелі бері тозығы жеткен құбырлардың қанша шақырымы ауыстырылғаны айтылмайды. Басқа-басқа Талдықорған қаласының  Жансүгіров, Абай, Ақын Сара көшелері жиі-жиі қазылып, құбыр ауыстырып жатады. Алматы облысы болғанда экс әкім Шалбай  Құлмаханов көшті бастап келе салысымен Талдықорған  қаласының жылыту қазандықтарымен орталық көшелердегі құбырларды түгелдей ауыстырды. Алайда, одан кейін әкім болғандар да қаланың орталық көшелерін шыр айналдырды. Күні бүгінге дейін бұл үрдіс толастамады. Тіпті  кезінде «Орталық  көшелерді қаза беретіндей астында қандай қазына жатыр»  деген тақырыппен  мақала  жарияланған болатын. Күндеуден,  тілдеуден аулақпыз, көше бойындағы «бардюрлер» мен орталық алаңдағы «брусчаткаларды» жиі ауыстырып, асфальтталады. Артынша жылыту маусымы келгенде асфальттаған орталық көшелер белуардан қазылып жатады. Қайран қаласың? Талдықорған қаласы әкімнің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, жылыту маусымына дайындық аясында кәсіпорынның 195,1 млн. теңге  қаржысына 5,1 км жылу трассасын қайта жаңарту жұмыстары аяқталыпты. «Басқуат»  қазандығындағы 3 қазандыққа  ағымдағы жөндеу аяқталып, 2 қазандық  толығымен, 1 қазандықтағы  жөндеу жұмысының  95 пайызы жөнделген. «Басқуат» қазандығындағы көмір қоры 52,6 мың тонна. Тәуліктік тұтыну 250 тн. және жолда 10 вагон қатты отын келе жатқаны да тілге  тиек етіледі.  Қала бойынша ыстық сумен жабдықтау жұмыстары 25 қыркүйекте аяқталса,  Абай мен Қабанбай даңғылындағы жөндеу жұмыстары толығымен бітіп,  тек көшені  асфальттау жұмыстары ғана қалған.

Бюджет қаражаты есебінен 2,4 млрд теңге сомасына 2 жоба іске асырылуда.  Қала газ жүйесіне қосылғалы  су жылыту қазандықтарында біртіндеп  сұйық отынға ауыстыру жұмыстары да  қатар жүргізілуде екен.  Бұл бағытта №4 қазандықты қайта жаңартуда  мердігер: «Азия Энергопроектмонтаж» ЖШС  1,5 млрд. теңгенің  806,8 млн. теңгесі игерілген, әлі 496,9 млн.тг. қажет, шарт бойынша аяқталу мерзімі келер жылдың 10.04.2024 жылына жоспарланған.  Сондай-ақ, мазут шаруашылығын салу, сыртқы инженерлік желілерді тарту және мазутқа арналған ыдыстарды монтаждау әрі «Талдықорған қаласындағы Дарабоз ана, Абай, Гаухар ана, Балпық би көшелеріндегі жылу желілерінің учаскелерін қайта жаңартуға қатысты мердігер: «TOLAGAI-2050» ЖШС  939,4 млн.теңгенің 259 миллионы  игерілгенін, 02.08.2023 ж. 500 миллион теңге бөлініп, трассаның ұзындығы: 1,8 км., аяқталу мерзімі сараптама қорытындысынан кейін, алдын ала 15 қыркүйекте белігенген.

Абай көшесі (Қабанбай батыр көшесінің қиылысы) бойынша  диаметрі 300мм-ден Д500мм-ге дейін жылу трассасын төсеу жүргізілуде. Жұмыстың аяқталу мерзімі – 10 қазанға жоспарланған. Сондай-ақ, «Жетісу Су Арнасы» ШЖҚ КМК өз қаражатымен су құбыры және кәріз жүйелерін сумен жабдықтау желілері мен су бұру желілерінің 3,5 шақырымын қайта жаңартуды  аяқтады.   Су құбыры желілерінің ұзындығы – 609,6 км. (магистральдық желілер-172,3 км.).Кәріз желілері — 364.4 км. (магистралдық желілер — 24 км.). ПНС-10 дана, КНС – 11 дана, КОС – 1 дана, химия – бактерологиялық зертхана – 1 дана.  Электр желілерінде «ТАТЭК» АҚ өз қаражатымен 2023 жылы Өтенай ауылындағы ВЛ №123, хутордағы ВЛ №26 10кВ және шағын аудандарда жалпы саны 9  (бірлік)  ТП 10/04 кВ қондырғыларын күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтады (Жетісу, Мүшелтой, Самал, Ғарышкер, қаланың орталық бөлігі). Коммуналдық  меншіктегі электрмен жабдықтау желілеріне қызмет көрсетуге және қалпына келтіруге «ТАТЭК» АҚ-мен 11.10.2022 жылы шарт жасалды. Берілген сәттен бастап ТП және КЛ  жөндеу жұмыстары  Көктал, Батыс т/ж, Өтенай кенті, Солтүстік-Батыс т.ж., Жастар-1,  Коттедж  қалашығы,  Шығыс ш/а мекен жайлары бойынша орындалған. Сенімгерлік басқару шарты аясында  Көктал, Шығыс, ш / а, Қаратал ш/а тозған СИП кабельдерін ауыстыру жөнінде жұмыстар және «Қызыл тас» , «Шайқорған»  саяжайларында, «Қаратал», «Агроөнер кәсіп», «Мерекелі», «Жастар-1», «Ынтымақ»  шағын аудандарында, Коттедж  қалашығындағы 10/04 кВ ТП қондырғыларының  ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ «ТАТЭК» АҚ ТК РЭС қысқы кезеңге дайындық  жұмыстары шеңберінде Абай көшесі (Жансүгіров көшесінен Алмалы көшесіне дейін), Шевченко көшесі (Жансүгіров көшесінен Сланов көшесіне дейін), Жабаев көшесі (Шевченко көшесінен Ғали Орманов көшесіне дейін) бойындағы 0,4/10кВ желілерінде ағаш бұтақтарын  кесу аяқталған,  делінген мәліметте.

Қала бойынша берілген анықтамаларға назар салсақ. электр желілерінің жалпы ұзындығы: ЭБЖ — 1,3 мың км. құрайды. (ТКШ балансында – 723,8 км), ТП — 514 бірлік (ТКШ балансында – 233 бірлік ТП), РП — 19 бірлік (ТКШ балансында – 7 бірлік ТП), және ПС — 7 бірлік (ТКШ балансында – 2 бірлік ПС). «ИнтерГазЦентральная-Азия»  АҚ газбен жабдықтау желілерінде 18 дана ГРПШ  ағымдағы жөндеу және 150 дана газ құдықтарын ажырататын құрылғыларға техникалық қызмет көрсету жұмыстары аяқталды.Ұзындығы-921,5 км. (жоғары қысым 57,1 км., орташа қысым 617,0 км., төмен қысым 250,9 км.). Қаланы газбен жабдықтау желілерімен қамту 90,3% -. құрайды, оның ішінде 31 927 абонент табиғи газға қосылған немесе 59 % (ЖТҚ 15 871, пәтерлер 16 056 ).

Үстіміздегі жылы қыркүйек айында 1538 үйді қамтумен Үйтас саяжайында газ іске қосылды (мердігер «Таразстрой-2004» ЖШС. ҚМЖ 2020 жылы басталған, ұзындығы 43 км (100% орындалды). 2023-2024 жж. жылыту кезеңінің басына дейін «Жастар-2» ЖТҚ   526 үйді қамтумен газды іске қосу жүзеге асырылады. («Рем Строй» ЖШС, сомасы 295 млн. теңгеге, ұзындығы 22 км., 22 км орындалды, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, атқарушылық-техникалық құжаттамалар дайындалуда, 2023-2024 ж.ж. жылыту маусымы басына дейін газды іске қосуды жүзеге асыру жоспарлануда) Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап 2956 үйді қамтуға мүмкіндік беретін газбен жабдықтау бойынша 2 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде:1) 2) Ынтымақ ЖТҚ, қамту — 2430 үй. («МБК Құрылыс» ЖШС, сомасы 1,5 млрд. теңге., ұзындығы 113,5 км., 98% орындалып жұмыстар тамыз айында толығымен аяқталған.

Ал  көмірмен қамтамасыз ету бойынша: қаладағы көмір тұйықтарының жалпы саны – 12 бірлік. 2023-2024 жылдарға арналған көмір тұйықтарының жоспары –172 мың тоннаны құрайды. (  Талдықорған қаласы үшін, 88,5 мың тонна. жақын маңдағы аудандардың тұрғындары үшін, 12 мың тонна коммерциялық ұйымдар үшін) биылғы жылдың маусым айларынан бастап көмір тұйықтарынан – 50,9 мың тонна  көмір сатылды.  Қазір қоймаларда –9,5 мың тонна көмір бар. Орташа сату бағасы –17 200 тг. – 18 900 тг. аралығында. Мұнда жеткізу құны есепке алынбаған.  Қалаға күніне орта есеппен 5 вагон көмір келеді. Қала бойынша әлеуметтік нысандардың жалпы саны – 138 бірлік, оның ішінде:  27 денсаулық сақтау нысаны, 58 білім беру,  16 мәдениет,  22 спорт,15 әкімшілік нысан және 822 МЖД нысаны (оның ішінде автономды жылытуда 70 МЖД), оның ішінде 708 нысан немесе 78,4% (41 білім беру объектілері, 10 спорт, 10 мәдениет объектісі, 7 әкімшілік.нысан және 640 МЖД).

Қала әкімінің  баспасөз хатшысы   берген анықтамаға көз салсақ, Талдықорған қаласы алдағы қысқа сақадай сай көрінеді. Лайым солай-ақ болғаны жақсы. Берілген анықтамалардағы атқарылған жұмыстарға қарап, көңіліміз толады. Алайда, желтоқсаннан басталатын аяз  қысып бергенде,  қыркүйек, қазан айларында қазылған көшелер қайтадан  қазылып жатпаса болғаны. Қала тұрғындарының  ішінде қатты отын тұтынатындар көмірден таршылық көрмейтіні айтылуда. Маусым айынан бері көмірді сатып алушылар бары анықтамада көрсетілген. Тек қана тасмал құны есептелмеген. Оның үстіне жеке тұрғын үйлердің көбі сұйық отынға қосылғалы бері көмірге деген бір кездердегі қырғын кезек қазір жоқ. «Қамданған қапы қалмайтынын» ескерсек, қала тұрғындары биылғы қысты алаңсыз өткізуге барлық мүмкіндік жасалған. Ал,  жылыту құбырлары жайлы ұзақ сонар әңгіме айтуға болады. Өңір Алматы облысының құрамында болғанда және 2003 жылдан бастап қаладағы жылу қазандықтарымен жер асты құбырлары үздіксіз жаңартылып келеді деуге толық негіз бар. Осы орайда «құбырлар неге жаңартыла береді»  деген сауалдың  да құлағы қылтияды. Жаңа технология бойынша жылу құбырлары  бұрынғыдай  әйнек мақтамен қапталмайтыны  айтылады. Алайда,  өткенде Абай мен Қабанбай көшелеріндегі қиылыста жылу құбырларын әйнек мақтамен жауып жатқанын көзім шалып қалды. Сонда, біздің қалаға әлі жаңа технология келмеген бе? Әлде жаңаны жатырқап ескіні тұтынғанды қала әкімдігі жөн көрді ме екен. Әлде тендрді ұтып алған компания жаңа технологияны қымбатсынды ма,  кім білсін? Қайта-қайта, жылма-жыл күз мезгілінде көшелердің қазылып, жылу құбырларымен алысып жататын қала әкімдігінің мердігер компанияға жаңа технологияны пайдалануды сұрауға құқығы бар ғой. Құбыр салып, көшені асфальттап, тораптар қойып, араға бір жыл, не екі жыл салып қайтадан қазу қыруар қаржыны шығын  қылғанына қынжыласың. Алматы облысын Серік Үмбетов  басқарғанда ұмытпасам, 2008 жылдары  жылыту  қазандығы «Басқуаттан» бастап, қаланы айналдыра қосалқы құбырлар тартқызған-ды. Құны 3 миллиард теңгеге бағаланған бұл жұмыстар төтенше жағдай болғанда қала қысы-жазы ешқандай жылы судан тарықпайды деген-ді. Алайда, күні бүгінге дейін жылыту маусымына дайындық басталғанда қаладағы көпқабатты тұрғындар жылу судан ажыратылады. Қалай күз айы басталады қыркүйек, қазан айларында қала көшелері қазылып, құбырлар ауыстырып,  әкімдік қарбаласып жатады. Одан бөлек көшедегі «тараптар», құдықтардың жыры да қиса-дастанға айналған. Қай көшемен жүрсең де  қақпақтары жоқ, тоғанға,  құдыққа тап боласың. Әлгі шұңқырға түсіп кетпесін дей ме үлкен шыбық қадап қоятынын  қайтесің. Оны көлік жүргізушілер ме, болмаса, жолға жауапты мекеме қадап қойғаны белгісіз. Осы олқылықты жою үшін құдықтардың бетіндегі темір қақпақтарды пластмас қақпақтарға жаппай ауыстыру үрдіс алды. Оны да сындырып кететіндер табылды. Себебі, көшелермен ауыр техникалар жүреді, солардың салмағына шыдас бермеген жеңіл қақпақтар сынып жарамсыз болып қалады. Одан қалса ұры-қары көтеріп кететін тағы бар. Ұры дегенде әккі ұрылар емес, жеке үй салып,  канализация тартқандар жолда жатқан тегін дүниені қолтықтарына қыстыра кететіні бар. Қазір темірді де, пластамассаны  да қойып, цемент қақпақтар қойылуда. Оны сындырып кетушілер бар, сенбесеңіз «Жастар-1» шағын ауданындағы құбырлардың бетін қараңызшы. Бірін бүтіндесе,  екіншісі  талқандалып жатады. Бұл жерде адамдардың да қоғам мүлкіне шынайылықпен қарамайтынын аңғаруға болады. Сол шұңқырларға абайсызда бала-шаға түсіп кетсінші «әкімдік қайда қарап отыр» деп түтіп жейді. Жалпы қаладағы жылу жүйесі туралы ұзақ-сонар әңігіме айтуға болады. Біраз жыл бұрын  журналистер үйінде өткен  кездесуде   экс әкім Амандық  Баталов тілшілер қойған сауал бойынша  біраз шындықтың бетін ашқан-ды. Оның айтуынша,  қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйесіндегі батареяларды жеңіл алюминмен қою дұрыс емес. Бұрынғыдай  шүйгін қондырғылар қою керек. Себебі біздегі құбыр сулары жиі тазаланбайды. Оған  алюмин  батареялар шыдас бермейді, тез шіриді… Ал, қазіргі салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйелерінің қондырғыларының барлығы дерлік алюмин. Экс әкім Амандық Ғаббасұлының сол пікірін қазіргі қала әкімі ескеріп жатқан жоқ. «Баталовтың»   сөзі мен ісі қабыспай кетті. Оның да қала тұрғындарына берген  баспаналарының  барлығына  дерлік  жылу  жүйелеріндегі батареялар алюмин  қондырғылар. Енді  баспана алғандар алюмин  қондырғылар тез іріп-шірісе, тұрғындар өз қалталарынан сатып алып, шүйгін батареялар  қоюға мәжбүр болады.

                                                                        Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ