ЖЕТІСТІГІ МОЛ ЖАРКЕНТ

0
379

Кеңес заманынан бері  жүгерінің отаны саналатын  Жаркент —  бүгінде экономикалық әлеуеті мол өңір ретінде,  халық санымен де   Жетісу облысында  көш бастап тұр.

Қазіргі таңда 134 мың  халық  мекен ететін Панфилов  ауданының  жылдық бюджеті 12 млрд. теңгені құрайды. Дей тұрғанмен бұл қаржыға бар жыртығыңды жамай  алмасың белгілі. Осы тұста аудан әкімдігі мемлекет пен жекенің әріптестігі сынды тәсілді қолға алып, нәтижесінде ауданда балабақша, спорт кешендерін салу алдыңғы жолға қойылыпты. Бұл туралы аудан әкімі Марат Сағымбеков   журналистермен  кездесуде айтты.

Алматы мен Талдықорғаннан барған республикалық БАҚ өкілдері  үшін   шағын есеп беру жиынын өткізген аудан басшысы  өз кезегінде өңір халқының тарихы, ауданның өсу, өркендеу кезеңдері туралы да  қысқаша ақпарат берді.

«Бір  ғасырлық тарихы бар  аудан  1928 жылы құрылды.  Аудандағы 50 мың гектар жердің  басым бөлігі суармалы егістік алқап, халық  егіншілікпен, мал шаруашылығымен, саудамен айналысады, теміржолда еңбек етеді. Панфилов  Жетісу өңіріндегі жүгерімен аты белгілі аудан екенін  де өздеріңіз жақсы білесіздер.

Ауданда 41 елді мекен бар.  Оның бірі – қала, қалғаны ауыл. 14 ауылдық округке бөлінген.  Өңір бойынша 50 мектеп болса,  оның 45-і орта, 4-еуі  бастауыш және бір арнаулы музыка  мектебі  бар  Мектепке дейінгі  12 мемлекеттік, 49 жекеменшік  балабақша бар.  Осы орайда айта кетсек, білім ошақтары ғимараттарының  35 пайызы күрделі  жөндеуді қажет етеді. Ғимараттары өте ескірген,  жағдайы төмен десек болады. Осы ауданға әкім болып тағайындалғанға дейін бірталай ауданда   жұмыс істедім.  Сол аудандармен салыстырғанда  Панфилов ауданындағы  білім саласының ғимараттарының жағдайы мүшкіл деуге болады. 50 мектептің 3-еуін  сүріп тастап, орнына жаңа мектеп  салу керек»,  – деген  Марат  Рахымбердіұлы әкім болып сайланған бір жыл төрт айдың ішінде  бұл  мәселені шешуді қолға алып жатқанын айтты. «Осы орайда  тілге тиек ете кетейін, бір жылдың ішінде үш мектеп салынып, пайдалануға берілді.  Бұл енді тарихта болмаған дүние әрі мақтануға тұрарлық іс десем  асыра  айтты демеңіздер».

Өз сөзінде аудан басшысы 45 мектептің 15-іне күрделі жөндеу қажет екенін айтып, олардың  әрқайсысына  жеке тоқталды.  Айтуынша, осы уақытқа дейін мектеп құрылысына ешқандай жұмыс жасалмаған. Ауданға жеке мектептер  көптеп салынуы қажет. Сондай-ақ,  сөз арасында ауданның  білім сапасы  төмен екенін,  бұл саланы жемқорлық әбден жайлап алғанын да жасырмады.

 

Білім ошақтары жайынан  мәлім еткен аудан әкімі мектепке дейінгі мекемелер туралы да  айтып өтті.  Аудан әкімдігі мемлекет пен жекенің әріптестігі сынды тәсілді қолға алғалы  балабақшалар саны артқан. Қазіргі таңда балаларды  балабақшамен қамту көрсетікші 100 пайыз.

«Балабақша мәселесінде, балаларды орналастыруда  ещқандай да проблема жоқ. Себебі жекеменшік мекемелер саны артып келеді»,  – дейді аудан әкімі.

Келесі кезекте ауданның  денсаулық  сақтау саласы туралы да сөз етілді. «Халық санының көптігіне байланысты  өңірге  заманауи жабдықталған  аурухана  қажет. Себебі  басы ауырып, балтыры сыздаған науқас Алматы мен Талдықорғанға жүгірмеуі тиіс» – деген   Марат  Рахымбердіұлы  өңір халқы денсаулығын  қаратып алсын деген оймен   Түркия елінен   алты дәрігерді арнайы шақыртқанын   да айтты. Өңір тұрғындарының  денсаулығын  тексерген дәрігерлер олардың   кейбірін Түркияға емделуге шақырған.

Аудан басшысы мәдениет саласы жайын да назардан тыс қалдырмады. Айтуынща, 29  мәдениет  үйі, 11 клуб бар.  Мәдениет үйлерінің басым бөлігі қаржы бөлінбегендіктен, баяғы бәз қалпында қалып қалған. Яғни, өткен ғасырда салынған мәдениет үйлері тозған, спорт залдары қаңырап бос қалған. Бүгінде Алтыүй, Үлкеншыған, Талды ауылдарына мәдениет үйлері салынып, кейбіріне күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан көрінеді. «Мәдениет үйлерін бұрынғыдай қасқайтып салып қойып,  айына бір рет қана жиналыс өткізу дұрыс емес. Мұндай  бос тұратын мәдениет үйлері  қажет емес. Керісінше, бүгінгі  талапқа  сай етіліп  салынып, соған орай  қызмет етілуі  тиіс. Нақты айтқанда,  мәдениет үйлерінің ішінде әртүрлі курстар, өнер мен спорттық үйірмелер жұмыс істейтін болуы керек» – дейді ол.

Аудандық спорт саласы  да өзге саладан  кенде емес. Аудан әкімінің мәлімдеуінше,  бүгінге дейін ауданда екі бірдей  спорт кешені жұмыс істеп келді. Күні кеше, яғни,  Республика күні қарсаңында   мемлекеттік бағдарламамен салынған тағы  2 спорт кешені ашылды. Олардың бірі – Пенжім ауылында 100 орынға арналған, 1 млрд. 115 млн. теңгеге салынған кешен. Екіншісі – Үлкеншыған ауылында, оның құрылысына 1 млрд. теңге бөлінген, 90 орындық. Олардың әрқайсында бокс, фитнес, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар, сондай-ақ спорттық ойын алаңдары бар. Бірінші спорт кешенінің ауданы – 2615,7 шаршы метр, екіншісі – 2057,80 шаршы метр.

 

Ал, өткен жылы    Панфилов ауданында 6  бірдей жекеменшік спорт кешені іске қосылыпты. Олардың бәрі жергілікті кәсіпкерлердің есебінен салынды деді аудан басшысы.

***

Аудан әкімінің қабылдауынан соң БАҚ өкілдері  Головацкий ауылына барды. Елді мекендегі  мектепке дейінгі білім беру саласындағы қызметтерді ұйымдастыру үшін сенімгерлікпен басқаруға берілген нысанды аралап көрді. Аудан әкімінің сөзіне жүгінсек, биылғы 17 тамызда электронды тендер өткізіліп, Головацкий ауылындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» бұрынғы ғимаратын «Көншібай» ЖШС жеңімпаз болып ұтып алған. Тендер шарттарына сәйкес ғимаратты мектепке дейінгі білім беру саласындағы қызметтерді ұйымдастыру үшін пайдалану, 30-дан кем емес жұмыс орнын ашу және сенімгерлік басқаруға беру мерзімі ішінде 150 миллион теңге көлемінде инвестиция салу көзделген. Бизнес жоспарға сәйкес инвестор Тұрсын  Көншібаеваға  ғимаратты 4 ай мерзімде қайта реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, оны аяқтау, тағы басқа шарттар қойылған. Бүгінгі күнде ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Тұрсын Көншібаеваның сөзінше,  ол 45 жыл бойы білім саласында қызмет еткен. Мамандығы – тарих пәнінің мұғалімі. Ұстаздықтан басталған еңбек жолында директорлық қызметті де атқарыпты. Зейнетке шыққанына 10 жыл болған.  Бұл істі  зейнеткерлік жасқа шыққан соң қолға алғанын айтты.

«Өмір бойы балалармен жұмыс істеген соң  үйде құр жатпайын деп жақсы көрген ісімді осылай бизнес ашып жалғасам деген оймен қолға алдым. Осы уақытқа дейін төрт бірдей балабақша аштым.  Бұл  – бесіншісі. Балабақша атауын ауылдың атына сай «Жаскент» деп атадық. Бұйырса алдағы жақын күндерде есігін айқара ашады. Осы бизнес  үшін «Жусан» банктен 140 млн. теңге  несие алдым.  Айына  4 млн. теңге жабамын. Балабақшадан өзге қосымша тағы да кіретін кірістеріміз бар», –дейді  кәсіпкер Т. Көншібаева.

Мұнан  кейін   табан тірген жер  Жаркент қаласындағы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салына бастаған 1200 орынды мектеп құрылысы  болды.  Қазір бұнда  жаңа білім ошағының құрылысына бөлінген аумақ қоршалып, құрылысқа кірісуге дайындық жұмыстары басталған.   Құрылыстың жалпы құны 6 327 000 мың теңге.  Ал «Жайлы мектептің» құрылысын «BI GLOBAL» ЖШС өз міндетіне алыпты.

Бұдан  соң    журналистер Жаркент қаласындағы «Daraboz» және    Үлкеншыған ауылындағы  90 орынды жаңа спорт кешендеріне барды.  Аудандық №1 спорт кешенінің филиалы ретінде салынған спорт кешенінде БАҚ өкілдері  үшін  осы ауылдың мақтанышы Социалистік  Еңбек Ері Күләш Айтжановамен   кездесу ұйымдастырылды.  Бала кезінен еңбек етіп, қажырлы әрі табанды болып өскен ұрпақтың көрнекті өкілі  Күләш апамыз Одақ көлемінде дәндік жүгері өнімін өсірудің үлгісін көрсетіп, ел ырысының артуына айрықша үлес қосқаны туралы әдемі әңгіме өрбітіп, журналистер қойған сауалдарға  жауап берді. Сексеннен асып, тоқсанға аяқ басқан  апамыздың жолын берсін  деп ырымдаған тілші қауымы  апамызбен бірге естелік суретке де түсті.

***

Пресс-тур сапарының  жоспары бойынша    жеміс-жидек пен көкөніс сақтайтын қоймаға да ат басын тіредік.  Аудан басшысының сөзінше, қыс маусымында өңір тұрғындарына қолжетімді бағадағы көкөністер мен жеміс-жидектер қажет. Базардағы бағаны тізгіндеудің бірден-бір амалы жаздың берекесі жеміс-жидектердің берік қорын алдын ала жасау.

«Өздеріңіз білетіндей, Панфилов ауданы  ауыл шаруашылығының мекені болып табылады. Негізінен  өңір халқы жүгерімен, мал және бау-бақша шаруашылығымен   айналысады. Бізде  сақтау қоймасы болмағандықтан биыл   «Валиев» шаруа қожалығымен келісім-шартқа отырып 1000 тоннаға арналған үлкен тоңазытқыш сақтау қоймасын жасап, іске қостық. Енді, міне, өздеріңіз көріп тұрғандай,   тағы 6000 тоннаға арналған жаңа қойманың жұмысы басталды. Мұнда  жеміс пен көкөністі  сақтап қана қоймай,  ары қарай өңдеу, өндіру   бойынша да цехтың құрылысы қолға алынып жатыр»,  – дейді М. Рахымбердіұлы.

Жеміс пен көкөніс сақтайтын қойма шаруа өсірген өнімін егіс басында шірітіп алмауға, қыс айында жеміс пен көкөніс бағасын ырықтандыруға   себін тигізеді.

***

Қазір Жаркент өңірінде жүгері жинау науқаны қызған қарбалас шақ. БАҚ өкілдері Пенжім ауылындағы қырманға да ат басын бұрып, шаруалардың күзгі тыныс-тіршілігімен де танысты. Аудан әкімінің сөзінше, Панфилов ауданында биыл 26 700 гектар жерге жүгері егілсе,  бүгінгі таңда   оның 25-30 пайызы орылып біткен. Былтыр зауытта жүгері 120 теңгеден қабылданса, осы жылы өкінішке орай, шаруалардың жағдайы көңіл көншітерлік емес. Неге десеңіз, дала аруының бағасы 80 теңгеге төмендеп кеткен. Ал бұл  мәселені шешу үшін әртүрлі жүгері қабылдайтын орталықтарға өтінім беріліп жатқанын  айтқан аудан басшысы: «Көрші Қытай мемлекетімен де аталған проблема талқылануда. Тазаланбаған жүгерінің 98 пайызын  терең өңдейтін зауытқа жіберіп, одан шыққан өнім пайдалануға берілуде»,  – дейді.

Жазиралы жаркент өңіріне барған  сапарда   БАҚ өкілдері «Қорғас-шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына  да барып, «Құрғақ порт», индустриялық және логистикалық орталықтардың, «Қорғас шегара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының» жұмысын да көріп қайтты.

С. ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

 

 


ПІКІР ЖАЗУ